Бозжыра – боз даланың мұңы ма, әлде мұраты ма? Бізге керегі қоршаған орта ма немесе инвестиция ма? Бір жылдан бері сөз болып келе жатқан бұл мәселе кеше тұңғыш рет қоғамдық тыңдауда кеңінен талқыланды. Туризмді қолдайтындар мен тұмса табиғатты қорғайтындар әлі де болса – екі лагерь. Бірақ екі тараптың ымыра табатын бір тұсы бар, ол – экономиканың экологияға зияны тимегені. Сол себептен де қоғам өкілдерінің жобаны ұйымдастырушыларға ең қатты шүйліккен тұсы – туристік нысан мен табиғи нысанның арасының жақындығы. Небәрі – төрт шақырым. Қалай дегенде де, Бозжыра қоғамдық резонанс жағынан Көкжайлаудан кейінгі екінші жоба болғалы тұр.
Алыс та болса жақын шоқылар
Қоғамдық тыңдау жобаны ұсынушылардың туристік нысан құрылысын, нақтырақ, оның қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау жобасын таныстырудан басталды. Әрине, көрнекі мультипликацияда бәрі тамаша. Визит орталық, қонақ үй, СПА-орталық, хауызды виллалар мен сансет мейрамханалар, қолөнер цехтары, мәдени көрмелер, табиғи тағамдар дүкені, түрлі инсталляциялар, тікұшақ қону алаңдары және тағы басқалар. Ең бірінші ерекшелік – тұмса табиғат аясындағы жанға жайлы демалыс. Атпен саяттау, жаяу серуендеу. Бозжыраның, ел аузында «Наутилиус» және «Азушоқы» атанып кеткен қос табиғат шедевріне тамсана отырып тыныстау немесе бассейнге түсу. Марстық пейзаж аясында батып бара жатқан күн шапағына малынып сәулетті мейрамханада кешкі ас ішу. Туристік техникалар тізбегі тек тікұшақтармен шектелмеуі мүмкін. Велосипед, квадроциклмен саяхаттау да қарастырылмақ. «Мұндағы ғимараттардың барлығы бір қабатты орынжайлардан тұрмақ. Бұл ең бірінші кезекте табиғатпен жымдаса, қоршаған ортадан оғаш көрінбеу үшін жасалып отыр. Өйткені біз туризмнің экологиялық түрін қолдап отырмыз. Сонда ғана Бозжыраның географиялық әсемдігін ғана емес, флорасы мен фаунасын да тамашалауға мүмкіндік тумақ. Қоршаған ортаға әсер етуші факторлардың барлығын ескердік. Дыбыс, діріл, жарық сияқты техногендік көздерден туатын барлық әсерді барынша минималды күйге түсіретін боламыз. Сондықтан да нысандарымызды неонды немесе галогенді жарықтармен әшекейлеу қарастырылмаған. Соның ішінде хауыздарға да түнгі декоративті жарықтандыру жүйесін орнатпаймыз. Дауыс зорайтқыштарды қолдану көзделіп отырған жоқ. Бұл сол жердің аң-құсына жайсыз тиіп, ауа қоныстануына алып келуі мүмкін. Теріс әсер етуші техногендік факторлар тек құрылыс жұмыстары кезінде ғана көбірек болуы мүмкін. Одан кейін мұндай әсер тек апаттық генератордың жұмысынан туындауы мүмкін. Онда да мұндай жағдай сирек болады деп санаймыз. Нысанның периметрінде шарбақ қоршауы болмайды. Бұл да табиғатқа етене жақын бола түсудің бір үлгісі», – дейді жоба авторлары. Қоғамдық тыңдау онлайн форматта, ZOOM платформасында өтті. Оған 96 адам қатысты. Әйтсе де, техникалық жағынан ұйымдастыру жұмыстары нашар болғанын айта кету керек. Мәселен, оған көптеген адам кіре алмай қиналса, қатысып отырғандардың микрофондары қосулы қалып, ол трансляция сапасына теріс әсер етті. Орысша сөйлеушілердің қазақша аударма жасауы да орынсыз. Қатысушылардың наразылығын тудырған бұл жайт ұйымдастырушылардың осы мәселеге деген көзқарасын білдірсе керек. Жиынға қоғам тарапынан экологтардың үлкен дайындықпен келгенін аңғаруға болады. Солардың бірі Айгүл Маликова ұйымдастырушылардың Қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау туралы жобасын сынап тастады. «Жобаларыңыз шикі. Мұнда таза экологиялық құжат көріп тұрған жоқпын. Негізгі назарды туристердің жайлылығына салғансыздар. Мәселен, канализация суының қайда кететіні, тікұшақтың дірілінің жан-жануарларға әсері, атқораның қиы қайда жөнелтілетіні және басқа да көптеген жайттар айтылмаған. Жобаға ескірген әдебиеттерді пайдаланғансыздар. Түз тағыларының миграциясына желілік инфрақұрылымдар қатты әсер етеді. Ол жайт қарастырылмаған. Жабайы жануарлардың ең жақын көші-қон жолы – 3 шақырым. Бұл өте аз. Дайындықтарыңыз техникалық жағынан да, мазмұндық жағынан да нашар. Қоғамдық тыңдауды жарамсыз деп танып, қайта өткізуді ұсынамын», – деді ол. Көптеген қатысушылар сөз сөйлеп, сұрақ-жауап, ұсыныс-пікір ретінде өрбіген тыңдауда көп жайт сөз болды. Соның негізгісі – шоқыларға дейінгі арақашықтықтың жақындығы. Кіші шоқыға дейін 3,8 шақырым болса, үлкен шоқыға дейін 2 шақырым, ал Жабайұшқан қорығының шекарасына дейін – 3 километр. Бұл тұста пікір екіге жарылды. Бірі – жақын болса, екінің бірі барып тау-тасты тоздыра береді, сондықтан кем дегенде 20 шақырымға орналастыру керек десе, екінші тарап – алыс болса адамдар машинамен қатынап, дала төсін айқыш-ұйқыш қатынап тоздырады деген уәж айтты. Қалай болғанда да, бүгінде геодезиялық жұмыстар жүріп жатқанына қарағанда нысан сол белгіленген жерге салынатын сияқты. Ал одан да анығы – нысанның салынатыны нақты екені. Оның құрылысына қарсы шығып жүргендердің енді байбалам салуы бекершілік.Мәселе көп, мақсат – біреу
Жоба аумағында білікті мамандар археологиялық зерттеулер жүргізген. Олар бұл маңда тарихи ескерткіштер жоқ деп отыр. Ең жақын қойымдық – Жабайұшқан қауымы. Ол үш шақырым жерде және Бозжыра аумағынан тыс жатыр. Ұйымдастырушылар, жобаның қауіпсіздік деңгейін бесінші сыныпты, төртінші санат деп бағалап отыр. Бұл өндірістік құрамдас бөліктері жоқ, таза экологиялық жоба дегенді білдіреді. Ұңғы қазу және құбыр тарту жұмыстарын жүргізбеу үшін су сырттан тасымалданатын болады. Әйтсе де, құрылыс жұмыстары кезінде нысанның санитарлық аймағы бекітілмеген. Қоғам белсенділерінің жобаға айтар сыны өте көп. Үш жарым сағатқа созылған тыңдаудың да мақсаты мәселенің мәнін нақтылап алу болса керек. «Жаңа нысанның аумағы қалай болғанда да қорық аумағына ұмсынып жатыр, бұл жағы заңмен қаншалықты реттелген? Жоба Қарақия ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді делінеді. Әйтсе де, оның нақты экономикалық негіздемесі жоқ. Қанша салық түседі, қанша жұмыс орны ашылады, жергілікті адамдар жұмыспен қамтыла ма, олардың айлығы қанша болады? ҚОӘБ жобасында Бозжыра табиғи ескерткіші туралы бір ауыз сөз жоқ? Оны қорғау мәселесі, оның басына шығу қауіпсіздігі қарастырылмаған. Сұрақ көп, жауап жоқ», – дейді «Экофорум Қазақстан» ұйымының өкілі Светлана Могилюк. Онлайн жиында сөз алып, пікір айтқандар көп болды. Әр сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Бірақ көпшіліктің қанағаттана қоймағаны байқалады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін оның бағасы қолжетімді боларына көпшіліктің күмәні бар. Қоғам белсендісі Мұхтар Үмбетов «бұл тек байлардың ермегі үшін бе?» – дейді. Өйткені «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» демекші, мейрамханада ас жей сала хауызға түсу, шаң-тозаңмен қабаттасып, СПА қабылдау, террасаларда тербеліп жатып, жайлы жерде әйнек қабырғадан табиғатты тамашалау байшыкештердің «өмір салты» болса керек. Бұл да болса, әлемдік дәрежедегі маркаға лайық туризм қалыптастыру бастамасы болса құптарлық-ақ. Болмаса, басқа өңірлердегі жерлестердің қалай түсінетіні белгісіз, Маңғыстау халқы үшін қасиетті әулиелер жатқан сар даланы сауық-сайранмен сыналау санаға сыймайды. Тіпті, моральға оғаш, менталитетімізге жат. Бүгінгі күннің түйіні – мәселе көп, мақсат – біреу. Табиғат игілігінің экологияға зияны тимей, экономикаға пайдасы тигені. Ал қоғамдық тыңдау тағы да жалғаспақ. Өйткені бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.Нұрлан ҚОСАЙ