Мойындау керек, қоғам қатыгезденіп барады. Өлтіріп кете салу, әйелді, баланы зорлап кету, адам ұрлығы, адам ағзасын сату, атасы мен келіннің, күйеубала мен ененің арасындағы махаббат деген түкке тұрғысыз болып кеткен сияқты. Мұндай түршігерлік оқиғаларға құлақ та, бой да үйреніп барады. Мәселен, былтыр республикада адам саудасы қылмысы бойынша 43 дерек тіркелсе, соның 41-і Шымкент қаласында болған. Ал кәмелетке толмағандар саудасы бойынша республикада болған 20 деректің 11-і – Шымкент қаласынан!
Сұмдық емес пе? Сенбейін десең, бұл мәлімет Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми парақшасында жарияланған. Естеріңізде болса, жуырда Шымкент қаласының тұрғыны өзінің арнайы интернатта тұратын 1-топтағы мүгедек қызына мекеме қызметкерлерінің спираль салдырып тастағанын мәлімдеп, бейнеүндеу жариялады. Құқық қорғау органдары бұл жайттан хабардар. Алайда тергеу шараларының созылып кеткеніне наразы болған ана еріксіз ғаламтор арқылы қоғамдық резонанс тудыруға мәжбүр болған. Үш баласымен күйеуі тастап кеткен ана ДЦП және талма диагнозы қойылған үлкен қызын 2011 жылы Шымкент қаласындағы №2 қалалық мүгедектер интернатына тапсырған. 2011 жылы «қыз» деп көрсетілген науқас тарихында 2012 жылы «спираль салдырған» деп жазылыпты. Жалғызбасты ана қызын 8 жылдан бері зорлап келген деп ішкі істер органдарына арыз жазған. Бұл туралы кейін Шымкент қаласы Полиция департаменті бірнеше рет жасалған зорлау әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ресми өкіл қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (бірнеше рет жасалған зорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғастырып жатқанын, тергеумен тиісті сараптамалар және бірқатар тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Сотқа дейінгі тергеу аясында мекемеде жұмыс істейтін барлық ер адам мен 2010 жылдан бері жұмыс істеген азаматтардан жауап алынуда» деп айтылған ресми хабарламада. Ал бүгінде интернат Шымкент қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қарамағында болғандықтан, басқарма мамандары жатыр қуысына енгізілетін ішілік құрал қыз балаларға емес, әйел азаматшаларға ғана салынатынын айтады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығы да бар екен. Әлсіз топтың шарасыздығын пайдаланып, айуандық жасаудың бұдан өткен қатыгездік әрекеті болмас. Айтарға сөз жоқ. Ал былтыр Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің кіреберісінде белгісіз ер адамның зейнеткерді зорламақ болғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны туралы ақпарат көпшіліктің жағасын ұстатқан. Иә, осылайша іздей берсеңіз, шыға береді. Айтпағымыз, адамдар неге қатыгезденіп кетті? Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары бұзақылық, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу сынды қылмыстардан гөрі ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны бірнеше есе көбейген. Әрине, қылмыстың қай-қайсысы болса да жақсы емес. Дегенмен жантүршігерлік ауыр қылмыстардың шектен тыс көбеюіне не себеп екен деген ой мазалайды. Өткен жылы елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың үйден шықпауы да әсер етсе керек, қылмыстық жағдай күрт төмендеген еді. Обалы не керек, жыл бойы жалғасып келе жатқан карантиндік шектеулерге байланысты өткен 2020 мен 2019 жылда болған қылмыстық оқиғалардың арасында едәуір айырмашылық бар. Көптеген қылмыс көрсеткішінің төмендегенін байқаймыз. Мысалы, Шымкент қаласында ұрлық алдыңғы 2019 жылы 7 891 дерекпен тіркелсе, оның саны былтыр 4 192-ге тұрақтаған. Оның ішінде ұялы телефон ұрлығы 2 927-ден 1 565-ке, пәтер ұрлығы 1 828-ден 764-ке, мал ұрлығы 90-нан 61-ге және тонау 345-тен 178-ге, бұзақылық 412-ден 290-ға төмендеген. Демек, бұзақылық әрекеттер мен ұрлыққа былтыр тұсау салынған жыл болған екен. Алайда осы қылмыстардың ашылуы 71-ден 31 пайызға азайған. Ішкі істер қызметкерлерінің мұндай қылмыстарды ашуға мүмкіндігі болмаған да шығар, кім білсін? Есесіне былтыр күрт өскен қатыгездік әрекеттегі қылмыстардың қасында ұрлық-қарлық баланың ойынындай көрінген шығар?! Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, жоғарыда атап өткеніміздей, Шымкент қаласы адам саудасынан көш бастап тұр. Одан соң аса ауыр қылмыс 55-тен 67-ге, ауыр қылмыс 1 618-ден 3 632-ге бірден өскен. Ал қылмыстың ашылуы 52 пайызды ғана құрап отыр. Байқап отырғандай, шымкенттік полицейлердің қылмысты ашу деңгейі көңіл көншітпей тұр. Сонымен қатар отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс 7-ден 18-ге көбейген. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылық 102-ден 208-ге, жемқорлық 43-тен 78-ге, есірткімен байланысты қылмыстар 229-дан 309-ға, экстремизм және терроризмге қарсы қылмыстық құқықбұзушылық 6-дан 25-ке, терроризмді насихаттау немесе терроризмдік акт жасауға жария түрде шақыру 1-ден 7-ге ұлғайған. Деректерге қарағанда, 2019 жыл мен 2020 жылдағы қылмыстық ахуалда едәуір айырмашылық бар. Айтса айтқандай-ақ, көбейгендердің дені – ауыр қылмыстар. Қалай болғанда да, қоғамды азғындық жайлап барады. Азғындық деректерді бір жылдың ішінде 2-3 есеге көбейтіп алдық. Дәл бұлай жалғаса берсе, соңы не болары беймәлім. Ал оны ауыздықтайтын тәртіп сақшылары дәрменсіз... Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы