Орынша Қарабалина-Қазыбаева: Рақаң өмірде де ірі мінездің адамы еді

Бауыржан – Рақымжан – Кәкімжан. Ә дегенде бәрі де «жан» болғандықтан үшеуі ағайынды екен деп қаласың. Тіпті де олай емес. Үшеуі үш жақта туған. Ал өмірде үшеуі кіндіктес екені рас», – деген екен жазушы Шерхан Мұртаза бір естелігінде.

Биыл Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл. Ол туралы алғаш мақала жазып, Қазақстан жұртшылығына таныстырған қайраткер қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Шерағаң айтпақшы, осы «кіндіктес» болған үш тұлғаның көзін көріп, әңгімесін тыңдаған жанның бірі – белгілі педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина-Қазыбаева. Осы жылы 92 жасқа келіп отырған апамызды сұхбатқа тартып, әңгімесін жазып алғанды жөн көрдік.

– Орынша апа, сіз Кәкімжан Қазы­баев­қа жар болдыңыз, Бауыржан Момыш­ұлы мен Рақымжан Қошқарбаев секілді қаһар­ман тұлғалардың келіні атандыңыз. Бауыр­жан Момышұлының Кәкімжан ағаға көрсеткен ағалық қамқорлығы, екеуі­­­нің жақындығы жайында көпшілік ха­бардар ғой, Рақымжан Қошқарбаевпен та­ныстығы қалай болып еді?

– Баукең Кәкімжанды «қара балам» деп атайтын. Содан 1958 жылдың қаңтар айы болса керек, «қара баласына» те­ле­фон шалып, «үйге келіп кеткін» деп ша­қыр­ды. Баукең бекерден бекер іздемейді. Со­нымен, Кәкеңнің сөзімен айтайын, «кел­дім, есік ашық тұр екен. Кірдім. Бау­кең­нің есіктен төрге қарай кетіп бара жат­қанын байқадым. Кері қарай, төрден есік­ке қарай жүрген кезде мені көріп, «Қал­шиып, неғып тұрсың!» деп айғай сал­ды. «Отыр!» деді. Отырдым. «Неге ша­­­­қырдым, білесің бе?» деді. «Білмедім, Бау­ке». «Білмесең мен саған айтайын, жаңа бір әзірде осы жерге сәлем берем деп жас жігіт келді. Ол жас жігіт – Рейхс­таг­қа ту тіккен қазақ. Білесің бе, сен оны?» «Білмедім, Бауке». «Неге білмей­сің? Жеңісті тойлағанымызға 13 жыл болды. Содан бері сендер, журналистер не көріп жүрсіңдер? Сен кімсің, жауап бер?!» деп айғайлаған ғой Кәкеңе. Кәкең күліп, «өзіңіз білесіз ғой» демей ме? «Сен кім­сің, соны айт әуелі» деп қайта сұ­рай­ды. «Мен – журналистпін, дипломым бар» депті. «Журналистке диплом ғана емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек. Он – ис­то­ри­­ческий человек! Мен де соғыста төрт жыл жүрдім. Дивизия басқардым, бар­лық қиындықтардан өттім. Бірақ Бер­лин­­ді алардағы соғыс, Рейхстагқа ту ті­гер­­дегі соғыс  ол – жойқын соғыс. Ол – тозақ. Сол тозақ отына түсіп, аман шыққанның бірі – Рақымжан Қошқарбаев. Оның сол күн­нен бастап өмірбаяны отпен жазыл­ды. Кім үшін отқа түсті ол? Сен үшін, мен үшін, келер ұрпақ үшін түсті!» Содан кейін бір тілдей қағаз беріп, «ана Қой­шы­ғұлов Ахметжанның қарамағанда іс­тей­ді екен. Сен оны тап!» деген. 

Кәкең сол қағазда жазылған ме­кен­жай бойынша Қойшығұлов­тың жұмыс орнына барады. Ол уақыт Қы­тайдағы қазақтардың келіп жатқан ке­зі. Рақаң сол жұмыстармен Жаркентте іс­сапарда екен. Ол кісі Алматыға орал­ған­ша Кәкең деректер іздестіре бастады. Жұ­мыстан кейін кітапханада отырады. Бір күні «майдангер журналист әрі фо­тог­раф, кинооператор Роман Кармен тү­сірген Рақымжан Қошқарбаевтың фо­­­­тосы мен сөзін таптым» деп келді. Р.Кар­мен Совет әскері Берлинді алғанда ал­дыңғы шепте болып, Рейхстагқа ту тік­кен батырларды сол күні түсіріп алған ғой. 1945 жылы 3 мамырда «Воин Ро­ди­ны» газетінің тілшісі Василий Суб­бо­тин­нің мақаласын, сосын жазушы Борис Гор­батовтың 1948 жылы жазған материа­лын тауып алды. Бір күні Рахаң Алматыға келді, екеуі кездесіп, танысты сол жолы. «Аңқылдаған, ақжарқын, жап-жас жігіт екен. Рейхсагқа қалай ту тіккенін айтып берді. Енді соны жазамын» деді. Содан жа­зып, Баукеңе көрсетіп алуға апарды. Бау­­кең оқып шығып, «сен өз газетіңе бер» депті. Ол кезде Кәкімжан Қазыбаев қа­зіргі «Жас Алаш» бұрынғы «Лениншіл жас­­тың» жауапты хатшысы болатын. Осы­­лайша, 1958 жылы 21 ақпанда «Рейхс­­­таг­қа ту тіккен қазақ» деген очеркі ба­сыл­ды. Сол күннен бастап Кәкең үйге қуа­нып келетін-ді. Редакцияға хат жауып кет­кен ғой. Рақымжанның жүзін көріп, қо­лын алғысы келетін оқырмандар хат жа­зады, телефонға тыным жоқ.

– Бұл хабарды сол кездегі республика бас­шылығы қалай қабылдады?

– Кәкең сол 1958 жылғы алғашқы очер­кінен кейін Рахаң жайлы орысша-қазақша бірнеше материал жазды. Олар­дың барлығы сол кездегі газет-жур­нал­дар­да ба­сылып жатты. Оның барлы­ғын Бау­кең ба­қылап, оқып отырған. Бір күні «қара ба­ласына» тағы да тапсырма берді. «Сен көп жұмыс істедің. Енді бұл еңбек далада қа­лып қоймасын. Мұны біз Қазақ­станның бас­шыларына жеткізейік, Мәс­кеуге жет­кі­зейік. Рақым­жанға қайткен күнде де ба­тыр атағын әперуіміз керек. Сондықтан сен справка жаз» депті Баукең. Кәкеңнің қа­лың папкасында бірнеше құжат жиналып қал­ған еді. Солардың негізінде нақты де­рек­терді негізге ала отырып, көлемді анық­тама дайындады. Алдымен Баукеңе тек­сертуге апарды, ол кісі ресми іс-қағаздарға өте шебер болатын. «Баукең мақұлдады, соңына бір абзацты өзі қосты» деп келді. Баукеңнің кеңесімен ол анықтамаға, бел­гілі жазу­шы­лар Ғабит Мүсірепов, Ға­би­ден Мұстафин, Иван Шу­хов және Әб­ділдә Тәжібаевтың қолдарын қой­дырып алды. Бұл – 1964 жылдың 15 шіл­десі. 

– Яғни, Жеңістің 20 жылдығын тойлау­дың қарсаңында ғой?

– Иә, Жеңістің 20 жылдығына дайын­дық ерте басталды. Елдің есін жия бастаған ке­зі ғой. Бәлкім, Орталықтан тапсырма кел­­ді ме екен. Әйтеуір, 1965 жылға әзірлік ерек­­ше болды. Екі-үш жылдай бұрын қоз­ғал­­ған. Сол қарбалас күндердің бірінде, 1963 жылы болу керек, Баукең Кәкімжанды ша­қырып алып, тапсырма береді. «Енді сен Ра­қымжан Қошқарбаевтың соғыстағы ер­лігін тұтас қамтып, ол туралы повесть жаз», – депті. Кәкең ол кезде «Жетісу» га­зеті бас редакторы­ның бірінші орынбасары. Жұ­мысы ауыр. Ап­тасына бес рет шығатын га­зет. Нөмірді әзір­леп, түнгі сағат 2-3-терде же­тетін үйге. Бір­ақ Баукеңнің тапсырмасы – заң. Осы­лайша, «Кернеген кек» атты повесін жазып шықты. Рахаң ол шығармаға ерекше разы бол­ды. «Менің көңіл күйімді лаулатып, хал­қымның сүйікті ұлы, батыры дегізген, ұмы­тылған ерлігімді халқыма танытқан Бәу­кең мен Кәкетайым» деп көзіне жас ал­ға­ны дәл бүгінгідей есімде. Дегенмен ол по­веске Кәкеңнің өзінің көңілі толмай жүр­ді. «Кернеген кек» асығыс жазылды, Ра­­­­хаңды барлық қырынан толық көрсете алмадым, қайтадан жазамын, оған жетерлік ма­териал жиналды» деп жүретін. Ол мақ­сатына жете алмады.

– Кәкімжан ағамыз, сол кітабында Ра­қым­жан Қошқарбаевтың Берлиндегі ерлігін дә­лелдеуге неміс журналисі Карл Кокош­ко­ның да септігі тигенін жазыпты...

– Дұрыс айтасың, соғыс тақырыбын жа­зу­ға кірісерде қатты қиналды. Өйткені май­данға бармаған ғой, соғыс аяқталған жы­лы Кәкең – 16-ға енді толған бозбала. Бер­линге бармаған, Рейхстагты көрмеген. Сөй­тіп жүргенде, 1963 жылдың жазында Шы­ғыс Германиядан журналист Карл Ко­кош­ко келді. Өзі 1929 жылы туған, біздің Кәкеңмен түйдей құрдас болып шықты. Карл­дың әкесі кезінде фашизмге қарсы шық­қан жан екен. Гитлерге қарсы болған­дық­тан концлагерьге қамап, 1944 жылы фа­шистер асып өлтіреді. Содан бала ке­зінен «фашизм жеңілсе екен, әлемде бей­біт­шілік орнаса екен» деп өсіп, гитлерлік жүйеге кегі кеткен ғой. Осындай арманмен  журналист болыпты. Бір көңіл ау­да­рар­лық жайт, 1945 жылы 3 мамырда «Войн Ро­ди­ны» газетіне Рейхстагқа ту тіккен ба­тыр­лардың фотосы жарияланады, сол ма­териалды фашизмге қарсы азаматтар неміс тіліне аударып, жергілікті халықтың ішіне листовка қылып таратыпты. Ол фото бала Карлдың қолына түседі. Солардың іші­нен «осы азиатты тауып алып, сөйлесуім ке­рек» деп өзіне серт беріпті. Кейіннен, жур­на­лист атанған соң іздеуге кіріскен. Бір­не­ше жыл іздейді. Орталық Азиядағы рес­пуб­ликаларға барып, музейлерін ара­лай­ды, фотоны көрсетеді. Ешкім танымай­ды. 1963 жылы Алматыға келіп, 28-пан­фи­лов­шылар саябағындағы музейді аралап жүр­генде сурет көзіне оттай басылады ғой. «Қуан­ғанымнан дауыстап айғайлап жібер­дім» дейді өзі. Содан музей қызметкерлері Кә­­­­кім­жан Қазыбаеқа шығады: «осындай жур­налист келіпті, сіз дерегін білесіз ғой» деп. Рахаңды шақырып, бәрі сол саябақтың ішінде кездесіп, жөн сұрасады. Карлдың тәп-тәуір үйренген орысшасы бар екен, неміс мақамымен сөйлейді. Сол жолы біздің үйде де, Рахаңның үйінде де қонақ еттік. Содан бастап Карл Кокошқа Шығыс Германияда Рақымжанды насихаттады. Кәкең өмірінің соңына дейін сол Карлмен хат алысып, бір-біріне барып жүрді. Бер­лин туралы, ондағы ғимараттар жайлы ақ­­­­параттарды білді, бір-бірімен материал алмасты. Кәкең неміс әріптесіне ұзын са­ны 100-ге тарта материалды көрсетті ғой, ана байғұс «маған енді ешқандай архивке отырып қажеті жоқ» деп қуанып кетті. Бер­лин­ге жеткен соң өзінде бар мәліметтерді Кә­кеңе жіберді. Бұл жерде Рахаңды таны­туға септескен Карл Кокошконың да үлкен ең­бе­гін оқырман білсін деп айтып отыр­мын.

– Рақымжан Қошқарбаев 1965 жылы Мәс­кеуде «Голубой огонек» бағдарла­ма­сы­ның Жеңістің 20 жылдығына арналған ме­ре­келік шығарылымына қатысыпты. Ол тура­лы хабарыңыз бар ма?

– Неге болмасын! Ол жолы Мәскеуге баруы­на да Карл Кокошко мен Кәкімжан Қа­­­зыбаев себепкер болды ғой. Карл Гер­ма­нияға барған соң Рахаң жайлы көптеген материалдар жариялаған. 1965 жылы Совет Одағы Ұлы Жеңістің 20 жылдығы деп той­лап жатқанда, оларда Шығыс Германия кү­ні мерекесі деп аталатын. Содан Карл Кокошко Кәкеңе хабарласып, 8 мамыр күн­гі өтетін мерекелік шараға Рақымжан Қош­қарбаевты шақырғысы келетінін айт­ты. Барлық жол шығыны, жатын орны өзі­мізден депті. Сонымен, Кәкең жан-жақ­қа телефон соғып, Рақымжан ағасын жолға дайын­дады. Ол кезде Рахаң қалалық мон­шаны басқаратын. Кәкең шауып отырып Бау­кеңе барады ғой, «осылай да осылай Ра­хаң Берлинге шақырту алды, дайындап жа­тырмыз» деп. Кеңесе келе, Баукең Кә­кім­жанды Алматы қалалық атқару коми­те­тінің төрағасы Есен Дүйсеновке жібереді. «Рақымжан Қошқарбаев Берлинге барған­да моншаның бастығымын деп айта ма? Бұл қалай?» деп. Дүйсенов жағдайды бір­ден түсініп, екі-ақ күннің ішінде Рахаңды қа­лалық коммуналдық мекеме бастығының орын­басары қызметіне тағайындаған. 

Осылайша, 1965 жылы 2 мамыр күні Алматыдан Мәскеуге ұшты. Тіке­лей рейс жоқ, жолдың барлығы Мәскеу ар­­­қылы ғой. «Міне, ұшып кетті деп Васи­лий Субботинге телефон соқты. Субботин дегеніңіз – баяғы Рейхстагқа ту тікті деп алғаш жазатын журналист. Ол кісі «күтіп ала­мын» деді. Сәлден соң тағы хабарласып, 5 мамыр күні «Голубой огонек» бағдар­ла­ма­сының мерекелік саны түсіріледі. Ра­қым­жан Қошқарбаевты соған қатыс­тырайық, барлық майдангер қатысады» деп. Сол жолы Рахаң жаңағы өзің айтқан ме­рекелік бағдарламаға қатысты, сөз сөй­леп, естелік айтқан. 

– Ол бағдарлама youtube желісінде бар екен. Ұзақтығы – 2 сағат 49 минут. Бірақ ол бағ­дарламаны қарап, Рақымжан атамызды таппадым.

– Ол туралы мен де естідім, өз көзіммен көр­генім жоқ. Менің білетінім, Рахаң сол жолы аса қуанып келді. Бағдарламаны жазу­шы «Брест қамалы» кітабының авторы Сергей Смирнов жүргізіпті. «Кожедуб, Покрышкин, Маресьев, Сабуров секілді атақ­тылардың қасында отырдым, маған сөз берді, Жеңіс туын қадаған сәтімізді ай­тып бердім» деп келді. Енді ол жерін ке­сіп, монтаждап тастаса, онда соны жасаған, тап­сырма берген адамдардың ар-ұятына қалдырайық...

Ең бастысы, Рахаң сол жолы соғыста өзі бағындырып, Жеңіс туын қада­ған Рейхстагына тағы бір барып көрді. Ол кісі Берлиннен көңілді оралды. Сол жақ­та­ғы бір мектептің пионер отряды Рақым­жан Қошқарбаев есімін иеленіпті. Арада үш ай өткенде сондағы кеме жасайтын верф­тегі бір бригадаға Рахаңның аты берілді.

– Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Ода­ғының Батыры атағын әперуге Жұмабек Тә­шенов те атсалысыпты. Сол туралы ай­тыңыз­шы...

– Айтайын. Сонымен, Жеңістің 20 жыл­дығы Одақ көлемінде дүрелдетіп той­лан­ды. Бірақ Рахаңа атақ берілмеді. Мәс­кеу тағы үнсіз қалды. Содан бір күні Баукең Кә­кімжанды Ілияс Омаровқа жұмсайды. Ілияс Омаров ол кезде Қазақ КСР Мемле­кет­тік жоспарлау комитеті төрағасының бірін­ші орынбасары. Ілекең Кәкімжанды жақ­сы қарсы алыпты, «үлкен жұмыс істеп жүр екенсің, қарағым. Қолымнан келгенше көмектесемін, мына құжаттарыңның кө­шірмесін тастап кет» депті. Содан ол кісі Жұ­­­мабек Тәшеновке өтініш айтады. Тә­шенов өзің білетіндей, Жоғарғы Кеңес Пре­зидумының төрағасы ғой. Жұмекең Мәс­кеуге барған бір сапарында Бас штаб­тың бастығы, маршал С.Коневты шақырып алып, қолындағы құжаттарды көрсетеді. «Неге әділетсіз шешім қабылдап отырсың­дар?» деп қаттырақ сөйлеген. Қысқасы не ке­рек, Орталықтағы басшыларды мәмілеге кел­тіре алмаған. Ол кезде олармен сөйлесу де мүмкін емес қой. Баукең бір сөзінде: «Жұ­­­мабек те мен секілді қызба ғой. Екеу­міз­ді құртып жүрген мінез» деп айтып қа­лып­ты Кәкеңе. Бұл оқиға Кәкеңнің «Най­за­ғайдай жарқылдап» деген очеркінде кеңі­рек жазылған. Осылайша, тағы бір тал­пыныстың тауы шағылды. Дегенмен ха­лықтың құрметі одан сайын арта түс­кендей болды. Рахаңды қуантқан нәрсе, кейі­нірек Ілияс Омаровтан келген хат бол­ды. «Қалқам, Рақымжан!» деп басталған ха­тын үйіне барғанда қуанып оқып берді. Іле­кең жарықтық керемет көшелі, ақылды адам еді ғой. «Әңгіме атақта емес, адамзат­тың бақытына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің мән-мазмұнымен қым­бат­тысың» деп жазыпты хатында. Рахаң сол сөзден жұбаныш тауып, мерейленіп жүр­ді.

Енді баршаға мәлім Мәскеу билігі Отан соғысына Орталық Азиядан қа­тысқандарды екінші ұлт деп қабылдады, төмен санады. Әйгілі Момышұлы Баукең­нің өзіне атақ бермеді ғой. Тіптен, ұсыны­лып тұрған атақты бермей қойды.

Кәкең кейінгі жазған анықтамаларында Бау­кеңе айтпай, ол кісінің де есімін қосып, Батыр атағын әперу туралы ұсынысқа қо­сып жүрді. Оны Баукең білген жоқ. Жеңіс­тің 25, 30, 35 жылдығы қарсаңында үздіксіз хат­тар жазылды. Сөйтіп жүргенде, 1982 жы­лы Алматыға Леонид Ильич Брежнев келетін болды. «Иә, сәт!» деп тақым қысып отырмыз. Сол жолы Рахаңа батыр атағын беру туралы өтініш  Д.Қонаевтың аузымен ай­тыл­ды. Бірақ Брежнев «тарихты қайта қа­рап қажеті не?» деген сыңайда жауап бер­ген. Сонымен, ол ұсыныс мүлдем тоқ­татыл­ды. Бірақ Кәкең «ерте ме, кеш пе шын­дық жеңеді» деген сенімде жүретін.

Бір нәрсені ашық айту керек. Жал­пы, республика басшылы­ғы­ның, жеке Димаш Ахметұлының да ол кісіге де­ген құрметі жоғары болды. 1969 жылы «Ал­маты» қонақүйі пайдалануға берілген кез­де, оны басқару тізгіні Рақымжан Қош­қар­баевқа берілді. Ол кезде астанамыздағы беткеұстар жалғыз қонақүй сол еді. Рахаң өмірінің соңына дейін сол қонақүйді бас­қар­ды. Мысал ретінде айтайын, 1973 жылы күз­де жазушы Сергей Смирнов Алматыға кел­ді. Азия мен Африка жазушылары бас қос­қан үлкен жиын өтіп жатқан. Шетелдік сый­лы меймандар ол кезде «Алматы» қона­қ­үйі­не түседі. Сонда Смирновтың айтқан сөз ғой. «Мынандай тамаша қонақүйді ба­­ты­рына басқартып отырған республика бас­шылығына рахмет және оны батыры қан­­дай абыроймен басқарып отыр» деп ра­зы болды.

– Рақымжан аға өмірде қандай жан еді? Ол кісіні алғаш қашан көрдіңіз?

– Рахаңның артында Әлия деген жал­ғыз қызы қалды. Әлі есімде, бір күні Кәкең айт­ты. «Рахаңның Әлия деген қызы өмірге кел­ді» деді. Біраз уақыт өткен соң «бізді сә­­­биді қырқынан шығару отырысына ша­қы­рып жатыр» деді, сол күні мен алғаш ағамыздың шаңырағында қонақта болдым. Рахаң деген келісті адам екен, жігіттің төресі деп айтуға тұрар­лық жан. Шашының алды бұйраланып тұратын, үстіне кір жуыт­пайтын, сері адам еді. Мені алғаш көр­геннен «Онша» деп ата­ды. «Оншам айналайын, мен сенің қай­нағаң болам, мені біліп жүрсің ғой» деп қар­­сы алды. Сол күннен бастап үй-іші­міз­бен араластық, балаларымыз бірге өсті. Біздің екінші ұлымыз Батырдың есімін Ра­хаң­ның өзі қойған. Рақымжан ағаның зайыбы Рахила Ауыл шаруашылығы инс­ти­ту­тында ұзақ жыл еңбек етіп, доцент, про­фес­­сор дәре­­жесіне көтерілді. Рахаң аса бір көңілі шал­қып отырған кездері «Мен осы Әлиям­ның көрер жарығы, Рахиламның ба­қыты үшін аман қалғанмын» деп әзілдеп оты­ра­тын-ды. Ол кісінің үйі күнде думан. Қо­нақ үзілмейді. Өзі ұнатқанның барлы­ғын үйіне ша­қыратын. Сол Рахаңның көзі – Әлиямыз қа­зір міне 50-ден асты. Алма­ты­дағы Күләш Байсейітова атындағы да­рын­ды балаларға ар­налған музыка мекте­бін­де орыс әдебие­тінен сабақ береді. Бү­гін­де ұлағатты ұстаз атан­ды.

– Рақымжан аға мандолин аспабында жақ­сы ойнаған екен, ондай өнерін өзіңіз көр­діңіз бе?

– Ол Рахаңның балалар үйінен үйреніп шық­қан өнері ғой. Жасынан ширақ, бел­сен­ді болып өсіпті. Үйінде қонақта отырға­ны­­­­мызда да түрлі әуендерді орындап бере­тін. Музыкаға өте жақын болды. Рахаң өнер жұлдыздарына да көп қолғабыс етті. Ән­ші Жәнібек Кәрменовке көмектесті. Бір­де үйіне шақырды. «Бұл Жәнібек Кәр­ме­нов деген балам Семейден келді. Әнші екен. Өзі Абайдың Ербол деген досы бар ғой «Абай жолы» романында, сол Ерболға жа­қын екен. Соның әнін тыңдаңдар» деп та­ныстырды. Үйінде актер Құдайберген Сұл­танбаев пен Набат Ойнарова деген жыр­шы қыз да жүр екен, ол кезде Набат пен Құдайберген ерлі-зайыпты. Кілең өнер­лі жастар, думандатып, көңілді оты­рыс жасады. 

Енді бірде барғанымызда айтты: «Он­шам, Кәкімжан жұмысбасты ғой, ұмытып кетпесін, Жәнібектің тойын жа­саймын, үйленгелі жатыр. Өзіміздің «Ал­маты» қонақүйінде өткіземіз» деді. Тойын­да болдық. Ғафу Қайырбеков секіл­ді бірқатар белгілі адамдар келді. Рахаңның ондағы мақсаты – ана жастар үлкендердің көзіне түссін, еленсін де­гені. Ғабит Мүсіре­пов Жәнібекті алғаш көріп, әнін естігенде «апы­рай, мынандай бала бар екен ғой, мы­нау «находка» ғой» деп таңдай қағыпты.

Рахаң кейіннен Кәкімжанға айтып жү­ріп, әнші Қайрат Байбосынов­қа үй әперт­кізді. «Егер Қайратқа кеңірек үй әпер­ме­сең­дер, Қонаев екеуің жүретін жол­ға матрасымды апарып жатып ала­мын» деп әзілдейтін. 

– Кәкімжан аға Рақымжан Қошқар­баев туралы жинастырған материалдардың барлығын әріптес-інісі, белгілі журналист Жанболат Аупбаевқа тапсырып кетіпті деп естідік.

– Жанболат Аупбаевты «Лениншіл жас­та» жүргенінен сырттай білетін, оның жаз­ғандарын көріп қуанып жүретін, «мы­на жігіттен жақсы маман шығады» деп. Кейін Кәкең өзі басқаратын жур­на­лы­на сұрап алды. Содан кейін сол қай­тыс болар алдында 7 ай бұрын деді ғой. Маған оны Кәкең айтпады, Аупбаевтың өзі айтты. «7 ай бұрын аға бүкіл Рахаң жө­­­ніндегі материалдың барлығын маған тап­сырды, саған аманат деді» деп. «Сол ама­натын орындадым» деп мақала жаз­ды ғой, Аупбаевқа рахмет! 1999 жылы «Ха­лық ала алмаған қамал» деген мақа­ла­сы қоғамда үлкен мәселе қозғап, ақы­ры «Халық қаһарманы» тағы берілді. Бір­ақ ол кезде Рахаң өмірде жоқ. Баукең де, Кәкең де көрмеді. Кейінгі ұрпақ көрді. 

Рахаң өмірден өтер кезде ауы­рың­қы­рап жүрді. Бір күні Кәкең: «Рахаңды үйге ша­қырайық, кішкене көңілін көтеріп, сөй­лесейік» деді. Келді үйге. Біраз отыр­ған соң «Кәкімжан, менде туған іні жоқ, менде туған аға жоқ. Мен бұл өмірден кете­мін. Сенен басқа ешкімім жоқ. Мені Бауыр­жан Момышұлының саясына қой. Сонда жатайын» деді. Баукең 1982 жылы қайтыс болғанда, Кәкең жерді өзі барып алған. Ол кезде Орталық Комитетте хат­шы­лық қызметте ғой. Иә, Кәкең Рақым­жан ағасының аманатын орындап, Бауыр­­жанның саясына қойды. Енді мы­­на құдыретке қараңызшы, Кәкең Ра­хаң­н­ың қырқын өткізді, жылын өткізді. Рахаң­ның туған күні 19 қазан болатын. Сол жылын өткізген 1989 жылы 19 қа­зан­да маған қоңырау шалып: «сен Рахаң­ның үйіне бара бер, жеңгейді қуантып қайтайық. Мен жұмыстан шығып, ке­ші­рек жетермін» деді. Содан Рахила жең­гей­мен әңгімелесіп отырғанда, Кә­кең та­ғы хабарласты. «Қорықпа, мен ауру­ха­наға түсіп қалдым. Бірақ бір қуанышты жаңалығым бар. Рахаңның атына көше, мектеп беруді сұрадық қой. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуға өтініш бердім. Бү­гін Орталық партия комитетінен шық­тым, барлығы орындалатын болды» де­ді. «Енді Рахилаға бер» деді. Жеңгесі­мен телефонмен сөйлесіп жатты, Рахила жылап жіберді. «Қорықпаңыздар, бәрі жақ­сы болады» деді. Не керек, Кәкең ер­тесі 20-нан 21-не қараған түні о дүние­лік болып кетті. Қос бірдей батыр ағасы Баукең мен Рахаңның жанына қойдық. Міне, өмір деген осылай екен. 

Президентімізге рахмет! Биыл Рахаң­ның тойы мемлекет деңгейінде аталып өт­пек. «Айбын» орденіне есімін бергізіп жа­тыр. Бұл да болса, халықтың батыр ұлы­на деген үлкен құрметі деп білемін. 

Біздің жас ұрпақ Баукең, Рахаң, Кә­кім­жан Қазыбаев үшеуінің осындай үл­гі­лі өнегесінен, сыйластығынан өздеріне қа­жетін алса екен деймін. Бұлар үшеуі де әр өңірде дүниеге келгенімен бірімен бірі бауыр­лас, көзқарасы жарасқан күрескер адам­дар болды. Мұндай жандардың өмі­рін жиі насихаттап, жастарға айтып отыр­ған жөн.

– Әңгімеңізге рақмет, апа! 

Сұхбаттасқан 

Бауыржан БАЗАР