Ана тілі айыбы ма?
Ана тілі айыбы ма?
131
оқылды

Қоғамның қарым-қатынас құралы болған соң тілге қатысты дау кез келген жерде, сан қилы салада шығып жатады. Жуырда ел­ордадағы Көпбейінді медицина орталығының қызметкері, анес­тизиолог-реаниматолог Ғабит Нұрханұлы есімді дәрігер бас­шылыққа жұмыс есебін мемлекеттік тілде тапсырып отырғаны үшін қысым көргенін хабарлаған еді. Көп өтпей бұл жайт жұрт­шылықтың назарына ілікті. Біз осы оқиғаның толыққанды мән-жайын білмек болдық. Қазақ тілі үшін дәрігердің қызметінен шеттетілгені рас па?

Тілді жіктер басшы болғаны ма?

Пандемия бойы халық дәрігерлер кеңесіне мұқтаж болғаны рас. Қы­сылтаяң шақта әлеуметтік желі ар­қылы мүмкіндігінше ашық хабар та­ратып, қоғам саулығына алаңдаған мамандар болды. Осы жолғы дауға іліккен Ғабит Нұрханұлы да – со­лардың бірі. Әуелі оқиғаның қалай өрбігеніне қысқаша тоқталсақ. Дә­рігер өзінің Facebook-тегі парақ­ша­сында дәрігерлік есепті ылғи қазақ тілінде толтырып бергені үшін орта­лық директорының инфекциялық аурулар бойынша орынбасары Татьяна Цечоева қыр соңына түсіп, ақырында «ротация жасаймыз» деп жұмыс кесте­сіне қоспағанын жазған болатын. Оған қоса, Цечоева өзінің тәжірибесі әлі толықпаған туысы Виталий Кали­на есімді азаматты жауапты қызметке тағайындағанын да айтты. Даудың басына түрткі болған осы жазба еді. Бірақ бұл жазба көп ұзамай өшірілді. Оның себебін Ғабит Нұрханұлы құ­­қық қорғау органдарынан адам ха­барласып, «мәселеңді шу шығармай ше­шіп береміз» деп айтқанымен тү­сіндірді. Алайда қоғам бұл оқиғаны талқыға салып үлгерген. Сондықтан біз Ғабит Нұрханұлының өзіне ха­барласқан едік. – «Ротация» деген сылтаумен ұна­мағандарды шеттетіп, өзге адам алады. 5 айдан бері жұмыс істеп келемін. Қал­­ғандарына 7-8 ай толды. Өз ер­кіммен жұмыстан кеткенімді қала­ды, – деді ол. Осы сөздерден кейін дәрігердің көп сөйлесуден бас тартып, көп жайды баяндағысы келмейтінін де аңғардық. Айтпақшы, қызметінен негізсіз бос­а­тылғанын жария еткен соң басшы­лық тарапынан дәрігерге түрлі қысым жа­са­лып жатқаны жайлы әңгіме тараған. Нұрханұлына өзі Татьяна Цечоева­ның туысы Виталий Калинаның қоңырау шалып, «шулатуды тоқтатпасаң, әңгіме басқаша болады» деп айтқанын ақпарат құралдары жеткізген еді. Осы­ны арқау етіп, дәрігерге «Қысымның болғаны рас па?» деп сауал тастаған едік. Бірақ Ғабит Нұрханұлы көп жайды қозғағысы келмейтінін бай­қатты. – Негізі, ескірген әңгіме ғой. Қоз­ғағым келмейді. Әркім өз біл­генінше жорамалдап жатыр. Қазір Көпбейінді медицина орталығында жұмыс істе­меймін. Уақытша басқа жерде жүрмін. Жаңа жұмыс орны табылмай жатыр, – деп қысқа қайырды ол. Нұрханұлының сөзіне сенсек, Це­чоевамен араздығы әуелден осы тілге қатысты басталған. Бірақ Татьяна Це­чоева мұның бәрін «жалған» деп мәлімдеген. – Бұл жерде қызметкер бір-ақ себепке байланысты жұмысын ауыс­тырып отыр. Коронавирус тарал­ған госпитальда адам ұзақ уақыт жұ­мыс істемеуі керек. Сол себепті рота­ция болды. Кейін жұмысқа кірісе алатын еді. Бәрі де кәсіби маман түсінетін дүние, – дейді ол. Ал Нұрханұлы болса, «Қызыл ай­мақта» көп жүрген дәрігерде им­му­нитет қалыптасады, жаңа адам кел­се, керісінше тез ауырып қалуы мүмкін. Қыркүйектен бері бірде-бір дәрігер вирус жұқтырмады. Барлығы ескі бригада құрамы» деп отыр.

Басқарма басшылық сөзін сөйлейді

Аталған оқиға қоғам назарын аударғалы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­­ма­­сының басшысы Тимур Мұратов Еңбек кодексі мен кәсіп­орынның ұжымдық келісімшартында қыз­мет­керді бір орыннан екінші орынға ауыстыру туралы норма бар екенін айтып, Татья­­на Цечоеваны ақтап алған еді. Мұратов Цечоеваны «тіл, дін, ұлтқа бөлмейтін адам» ретінде атап, «Нұр­­ханұлы дәлелі болса, құ­зырлы орган­­дарға шағым­дансын» деп сөзін түйіндеген. Ал біздің сауалымызға басқар­маның баспасөз қызметі Тимур Мұ­ратовтың сөзіне ұқсас мәтінді жол­даумен ғана шектелді. «Ғабит Нұр­ханұлын ешкім жұмыстан шығар­маған. Бұл – ротация­ның үлгісі. Еңбек кодексі мен кәсіп­­­­орын­­­­­ның ұжымдық ке­лісімшартында қызметкерді бір орын­нан екінші орынға ауыстыру көзделген. Сонымен қатар кә­­­­сіпорын жұмыс­­шыны бір лауазымнан екін­шісіне ауыс­­тыру, яғни ротацияның жиі қол­­да­­нуы қызмет сапасын артты­ратынын дә­лелдеген. Тәжірибе жинау үшін ро­тация мақсатты түрде жа­са­лады. Ғабит Нұрханұлы есеп және басқа да жұмыс ақпараттарын Т.Це­чоеваға емес, өзіне ыңғайлы тілде толтырған. Сон­­дықтан оның сөзі шын­­дыққа сәйкес келмейді» делінген хабарламада. Енді мына қызықты қараңыз, жоғ­арыдағы хабарламада бір сөзге ерек­ше мән аударсақ. «Ғабит Нұр­ханұлы есеп және басқа да жұмыс ақ­параттарын Т.Цечоеваға емес, өзіне ыңғайлы тілде толтырған» деп тұр. Демек, дәрігердің шыр-пыр болатын жөні бар. Нұрхан­ұлына «ыңғайлы» қазақ тілі Цечоеваға «ыңғайсыз» екен. Бұл – бір. Оның үстіне, дәрігерді кезек­шілік тізімнен сызып тастамай тұрып, ротация туралы алдын ала хабарланбаған. Бұл – екі. Демек, басқарма өзін-өзі ұстап берді деп түйін­десек болады. Ротацияға дау жоқ, ал емханада мемлекеттік тіл емес, бас­шылыққа «ыңғайлы» тіл үстемдік ететін болғаны да.

Мадияр ТӨЛЕУ