Қарағанды облысында «Казино» жедел алдын алу іс-шаралары барысында 16 ойын мекемесінің заңсыз қызметінің жолы кесілді. Теміртауда алкоголь өнімдерін өндіретін жерасты цехы жабылды.
Өңірде көлеңкелі экономиканы азайту, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасы жұмыс істейді. Оның ішінде қылмыстық топтардың Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы қызметі де әшкереленді. Жалған 100 долларлық банкноттарды сату тоқтатылды. Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша 5 қылмыстық құқықбұзушылық, Нұра ауданындағы «Қараадыр» кен орнында заңсыз өндіру фактісі анықталды. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында және реформалар жөніндегі жоғары кеңесте берген тапсырмалардың өңірде қалай орындалатыны туралы хабарлады. Қарағанды облысында өткен жылы Мемлекет басшысының тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасы орындалды. 2020 жылы облыс бойынша кезекте тұрған 1 528 адам пәтер алған. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан – 897, ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша – 102, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша несиелік тұрғын үй – 124, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 365 және демеушілер есебінен – 40. Өткен жылдан бастап «Шаңырақ» (5-10-20) пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй қарыздарын беру басталды – бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 6,5% өсіммен 429 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенде 1 459 жұмыс орнын құратын 36 инвестициялық жобаны іске асыру белгіленген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін облыста жедел әрекет ету және тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайды сақтау бойынша дағдарысқа қарсы жоспар жасалған. 2021 жылы Қарағанды облысында тұрақты жұмыс орындарын құру басым бағыттарға айналады. Кәсіпкерлікті қолдау жалғасады. «Бастау Бизнес» курстарында 2021 жылы 1 500 адамды оқыту жоспарлануда. 2 500-ден астам жұмыс орнын құратын 2 мыңнан астам жобаны іске асыруға қаражат қарастырылған. «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары бойынша қарастырылған шараларда 36,5 мың адамды қамту жоспарланды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша биыл отандық тауарлар өндірумен және қызметтер көрсетумен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. – Өткен жылы жұмыспен қамту бағдарламаларымен 50 мыңнан астам адам қамтылды. 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 19 575 тұрақты жұмыс орны. Қазір еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Биыл құрылыс және тұрақты жұмыс орындарын құру басымдыққа ие. Сондай-ақ ЖҚЖК аясында несие беру арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетіледі. Қазір жұмысты бастау керек, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Соңғы 5 жылда әлеуметтік қорғау саласын қаржыландыру 3,5 есеге артты. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесіндегі басым мәселенің бірі – мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Қазір өңірде 67 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 2021 жылы олар ОТҚ-ның 55 түрімен және қызметтермен қамтамасыз етіледі. Енді мүгедектігі бар адамдар өздерінің жеке қажеттіліктеріне қарай техникалық құралдар мен оңалтуды өз бетінше таңдай алады. Өңір бойынша ашық фронт-кеңселер жұмысын жалғастырады. Мысалы, Open Karaganda қызметкерлері 4 351 тұрғынның мәселесін шешуге көмектесті. Негізгі жаңалықтардың бірі – «Е-Өтініш» пилоттық жобасын іске қосу. Жүйе халықпен кері байланысты жылдам әрі тиімді қолдауға мүмкіндік береді. Қарағанды облысында қолма-қол ақшасыз төлемдер саны 3,7 есеге артты. Екі жылдың қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру көлемі төмендеді. Бизнес-ахуалды жақсарту үшін жағдай жасалуда. 2020 жылы 3,7 мыңға жуық бизнес-жоба қаржылық қолдауға ие болды, 2,6 мың адам оқытылды. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында 30 мыңнан астам кәсіпкердің салығы, екінші деңгейлі банктердің несиелері және жалдау ақысы бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы