Арақтан өлетіндердің арасында алдамыз
Арақтан өлетіндердің арасында алдамыз
Uncontrolled consumption of alcohol - alcoholizm disease
395
оқылды
Дәл қазір кедендік қоймада дұрыс ресімделмегені үшін тәр­кіленген 12 мың бөтелке ішім­дік жатыр. Бұл туралы кә­сіп­кер Әлия Сұлтанғазинова ха­барлады. Жүк былтыр Үн­ді­стан­нан Қазақстанға жөнел­тіл­ген. Жәшіктер 750 мил­ли­литр­лік шөл­мек­терге құйылған үнді ромына толы. Шетелдік өнім ел­ге жеткенше, кедендік тос­қауыл­ға ғана емес, қымбат­шы­лыққа тап болды. Елімізде арақ-шарап өнімдері қымбатт­а­ды. Арақ-шарап ішу – мұсыл­ман­дық­қа жат. Хақ дінімізді алғаш ұста­на бастаған – арабтар. Бірақ спирт-этанолды да арабтар ойлап тапқан. VIII-IX ғасырларда араб алхимиктері «пәл­сапа тасы» мен «ұзақ өмір элик­си­рін» із­де­­гені мәлім. Содан араб ға­­лым­­дары Бағ­­дадта кездейсоқ кә­­­дімгі «са­­­могон аппаратын» жа­­­сап шы­ғады: буландыру және кон­­­­ден­сациялау нәтижесінде дис­­тил­­ляция тә­сілі туды, ал оның өні­мі, яғни спирт «әл-кухуль» аталды. Кейін Пай­ғамбарымыз Мұ­хаммед салла Аллаһу алейһи уә сәллам мұсылман үм­метінің бұл ішімдікті тұтынуына тыйым сал­ды. Құран Кәрім мен ха­дис­тер­де арақ – нағыз харам: «арақ ішу­ші жәннатқа кірмейді». Шарап тарихы одан терең. Ға­­­л­ым­­дар ежелден жүзім өсіріп, ша­­рап жасайтын елдерді жаппай мас­­күнемдік жайламағанын ай­та­ды. Ал осы ішімдікке кейінірек әуес­тенген елдердің маңдай соры бес елі кө­рі­неді. – Бұрын арақ-шарапты біл­­ме­ген кей­бір халықтар алко­го­­лизм­ге қарсы тұрар қуат тап­пай, тарихи аренадан мүлдем жойыл­­ды. Геродот атақты «Та­рих» туындысында қарсыласын әл­­сірету үшін гректердің көш­пелі сақ-скифтердің бірқатар тайпасын ша­рапқа тойдырып, ішкілікке са­лын­дырғанын жаза­ды. Жекелеген сақ қорғандары мен мекендерінен ша­рап құйы­латын грек амфо­ра­ла­­­рының та­былуы осыған дәлел. Еу­ропалық отар­лаушылар күрестің осы тә­сі­лін Африка тайпаларына қар­­сы қолданды, ал Солтүстік Аме­­ри­када үндістердің түбіне «от­ты су» аталған виски жетті. Ре­сей пат­­­шалығының Сібірді, Қиыр Сол­түс­тікті, қазақ жерін ба­сып алуы кез­ін­де орыс шарап сату­шыларынан қан­шама ұлысқа нұқ­сан келді. Біра­зы құрыды, – дей­ді тарихшы Сәкен Уталиев. Біздің халық ішімдіктің күй­­ретуші уытына генетикалық тұр­ғы­дан төтеп бере алмайды.  

Қырлы стақан түбінде қырсық жатыр

Ұлттық экономика министр­лігі­нің Статистика комитетінің дере­гінше, Қазақстанда өткен жылы арақ өндірісі күрт құлды­рады. Ал сыра өндірісі керісін­ше, едәуір артты. Атап айтқанда, 2019 жылы елі­мізде жасалған арақ көлемі 2018 жыл­мен салыс­тырғанда бірден 34,3%-ға – 19,5 мил­лион литрге дейін азайды (ал­дыңғы жылы 29,7 млн литрі жасалған). Қызуы төмен ішімдіктер өн­дірісі жыл сайын ұлғайып келеді: сыра – 663,6 млн литрге де­йін, ша­­рап – 49,9 млн литрге дейін өсті. Сарапшылар бұл үрдіс екі құбы­лыстан хабар беретініне сенімді: біріншіден, қазақ­стан­дықтар бірте-бірте арақтан аулақ­тап, жеңілдеу алкогольге ауысып жатыр. Екіншіден, арақ өндірісі «көлеңкеге» кетуде. Energyprom мәліметінше, отан­дық өндірушілер арақ және ликер тектес ішімдіктер бойынша елдегі сұ­раныстың 77,7%-ын өз­дері өтеп отыр. Шарап секторында да жергі­лік­ті бизнес салмаққа ие: ішкі на­рық­тың 68,1%-ын иеле­неді. «Қазақ­стан­дық мазмұн» әсіресе, сыра саласында жақсы дамыған: онда бұл көрсеткіш 91,3%-ға жетті.  width= Бірақ сыра да маскүнемдікті ушық­тырады. Таяуда Вашингтон уни­верситетінің профессоры Эмма­нуэла Гакиду (Emmanuela Gakidou) бастаған БҰҰ сарапшы­лары кең ау­қымды зерттеу қоры­тындысында алко­голь өнімдерін тұтыну кесірінен ең жоғарғы өлім-жітімге ұшыраған елдердің тізімін жариялады. Қазақ­стан осы жаһан­дық тізімде 10-орын алды. Ғалым­дар 195 елге қатысты 1990-2016 жыл­­дар аралығындағы статис­ти­калық деректерді жинап, зерделеді. «Қаралы көшті» Африка және посткеңестік кеңістіктегі елдер бас­тады. БҰҰ антирейтингінде бірінші орынға «қара құрлықтағы» Лесото корольдігі қойылды, онда 100 мың адамның 140-ы спирт өнімдерінен өледі. 2-орында Ре­сей. Ондықтан Орталық Африка рес­публикасы, Украи­на, Африка­дағы Бурунди, сон­дай-ақ Литва, Бела­русь, Моңғолия, Латвия және Қа­зақ­стан орын тапты. Мысалы, Ал­­матыда былтыр ғана 6 мыңнан ас­там адам алкоголь өнім­дерінен уланған. Оның 2 мыңдайы ауру­ханаға жатқызылды. Одан 23 адам өлді.  

Төрге бастар төрт үлгі

Маскүнемдікпен күрес мақ­сатын­да мемлекет түрлі шараны қолға ал­ды. Соның бірі – алкоголь өнімдерінің бағасын көтеру. Был­тыр ішімдік тағы 8,6%-ға қым­баттады. Бәрінен көп арақ бағасы өсті: бір жылда 10,2%. Сыра баға­сы – 8,5%, шарап бағасы 5%-ға жоғарылады. Бұдан бөлек, Үкіметтің жаңа ше­шіміне сәйкес, биыл спирт үлесі көп алкоголь өнімдері литрін 2 мың теңгеден арзан сатуға жол берілмейді. – 2019 жылы арақтарға және ай­рықша арақтарға, ликер-арақ бұйым­дарына арналған ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1 923 теңгені құрады. 2020 жылы ол 2 мың тең­геге дейін көтеріледі. Бұл әкімші­лік шығыстар, тасымалдау мен құрауыш өнімдер бағасының өсуі секілді кейбір үстеме шығын­­дар­дың көбеюіне байланыс­ты, – деп түсіндіреді бірінші вице-пре­мьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Жалпы, әлемде алкоголизм мәсе­лесін шешудің 4 озық үлгісі бар. Бі­ріншісі – Қытай моделі. ҚХР азамат­тары негізінен, спирт ішімдіктерін өте аз тұтынады. Соңғы бірнеше жыл бойы ішілген «ащы су» шың елінің әр тұрғынына шаққанда 50 милли­литр­ден ғана келеді. Қытай үлгісі арақ-ша­раптың жергілікті халық болмы­сына жат, ұлттық дәстүрлеріне қайшы екенін бала кезден санаға сіңіруге, яғни мықты тәрбиеге құрылған. Мұндай жолды Үндіс­тан, Вьетнам, Тайланд, Корея, Непал, Шри-Ланка, Мьянма се­кілді елдер ұстанады. Екіншісі – араб моделі. Оларда адамды мас ететін кез келген өнім­ді тұтынуға шариғатта тыйым са­лынған. Спиртті ішімдік сату­шыларға қатаң шара белгіленген, тіпті өлім жазасына кесіледі. Те­мекі шеккенге дүре соғы­лады. Нәтижесінде, араб мемлекет­те­рінде алкоголизм мен нашақорлық проблемасы жоқ деуге болады. Үшіншісі – Америка үлгісі. Әр­түрлі фискалдық-салық ша­раларын қолдану арқасында АҚШ-та ішімдік ішу қалта қағады, ал алкоголь өнім­дерін кең ауқым­ды өндіру және дү­кенде сату – қаржылық-экономи­калық тұрғы­дан тиімсіз. Штаттарда да «само­гон» әзірлеушілер бар: moonshiners деп аталатын көлеңкелі өн­дірушілер қатаң қудаланады, оларға бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Алко­голь мен теме­кіге қатысты проб­лемалармен арна­йы институт NIAAA айналысады. Бұл модель Канада, Мексика және Чи­лиде қолданылады. Төртіншісі – батыс Еуропа мо­делі. Оған сүйенген елдерде ішімдік ішуге қарсы қозғалыс кең жа­йыл­ды. Осы үкіметтік емес ұйым­дарды мем­лекет қуатты қол­дайды. Жер­гі­лікті қауымдарға және өзін-өзі бас­қару органдарына тіпті спирт ішім­діктерінің бөлшек сау­дасына тыйым салу құқығы беріл­ген. Алкоголь өнім­дерінің сауда­сы­нан түскен табыстың бір бөлігі мас­күнемдікпен күреске бағытталады. Қазақстан бұл күрес үлгіле­рінің бірімен ғана шектелмей, әр­қай­сы­сының бізге жарайтын, хал­қымыздың болмысы жатсын­б­айтын жақсы жақ­тарын алғаны жөн. Қалай болғанда, БҰҰ-ның өзі ондыққа енгізіп, дабыл қағып отырғанда, ел Үкіметінің бей-жай қала бергені әбестік.    width=Айхан ШӘРІП