Мұғалім оқушыны екінші қабаттан итеріп жіберді
Мұғалім оқушыны екінші қабаттан итеріп жіберді
136
оқылды

Мектеп директорының орынбасары 10-сынып оқушысын мектеп ішінде жарылғыштарды жарып ойнағаны үшін екінші қабаттан итеріп жіберген. Оқиға 28 желтоқанда Өзбекстанның Самарқан облысының Иштихан ауданына қарасты №3 мектепте болған.

«Мұғалім баламды сыныпқа кіргізіп ұрып-соққан, балам өздігінен құлайтын бала емес. Маған мектептен телефон шалып, баламның биіктен құлап, қолын зақымдағанын ғана айтты. Мектепке келгенде баламның бет-аузы көгергенін, қолы сынғанын және басына зақым келгенін көрдім. Дәрігерлер баламның басын қозғауға болмайтынын, қозғаса, соқыр болып қалуы мүмкін екенін айтты. Мұғалімнің баламды ұруға қандай құқы бар еді?», – дейді Сухроб Каршибоевтың анасы.  

Есін жиған оқушының айтуынша, жаңа жылды атап өткен соң, акт залында бір нәрсенің қатты жарылғанын естіпті.

«Не болғанын білу үшін сонда бардым. Ізімше мектеп директорының орынбасары келді де, мұнда не істеп жүрсің деді. Ештеңе істемегенімді айтып едім,   неге сөз қайтарасың деп бетімнен ұрып жіберді, соққының ауыр болғаны сондай, көзімді аша алмай қалдым. Сосын ол мені желкелеп екінші қабаттың сатысына қарай алып келді. Мұны көрген достарым еш кінәм жоғын айтты, бірақ тыңдамады, мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі   екеуі мені жоғары қабатқа сүйреді. Кабинетке кіргізіп, ішке қарай итеріп жіберді, терезеге қарай ұшып түстім. Сосын ол есікті іштен іліп алды да, мені ұрып-соғуын жалғастырды. Ештеңенің мәнін ұға алмаған күйі терезе алдындағы тақтайдың жанына құладым. Тақтайдан ұстап тұра бергенім сол еді, мұғалім мені төменге итеріп жіберді», – дейді оқушы.

Куәгерлердің айтуынша, оқушы бетонның үстіне құлаған.

Мектеп директорының орынбасары оқушыны ауруханаға өзі алып барған. Ал мектеп директоры бала терезеден өзі секірмек болғанын, мұғалім оны құтқару үшін сөмкесінен ұстағанда сөмкенің бауы үзіліп кеткен деп отыр. қазіргі күні полиция осы іс бойынша тергеуалды тексеру жүргізіп жатыр.