Шымкентте бір айдың ішінде 8 000-ға жуық құқықбұзушылық әрекет тіркеліпті. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл құқықбұзушылықтар Полиция департаменті басшысының бұйрығына сәйкес, 13 қаңтардан бастап ұйымдастырылған «Таза қала» іс-шарасында белгілі болған. Іс-шара аясында қала аумағын абаттандыру кезінде тәртіп бұзған және инфрақұрылым объектілерін ластаған, жасыл екпелерді жойып, бүлдіріп, күл қоқыс тастап, сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшеде тәртіп бұзғандар ұсталған. Сонымен қатар іс-шара барысында шымкенттік полицейлер қайыршылар мен үй-күйі жоқ қаңғыбастарды қабылдап, оларды орналастыру, әкімшілік шаралар қолдану, есепте тұрған тұлғаларды мекенжайы бойынша тексеру, іздеуде жүрген тұлғаларды ұстау, автокөлік жөндеу орындары мен темір қабылдайтын орындарды тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, осы уақытқа дейін белгілі болған 7 892 құқықбұзушылықтың 1 694-і қоқыс тастау дерегіне қатысты болса, 685 адам коммуналдық қалдықтарды тас-тау кезінде құрыққа ілінген. Үшінші мегаполисте 1 айға жетер-жетпес уақытта 506 қайыршылықпен айналысып жүрген адам ұсталған. Жалға берілетін 2 980 пәтер тексеріліп, карантин режимін бұзған 722 нысан белгілі болған (Әсіресе, соңғы кездері бірнеше танымал тойханада өтіп жатқан той-жиын тоқтатылды). Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 5 516 тұлға мекенжайы бойынша тексеріліп, Полиция басқармаларына 4 611 тұлға жеткізіліпті.
Н.НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы