Демографиядағы рекорд
Демографиядағы рекорд
2020 жылы Қазақстандағы бала туу көрсеткіші және өлім саны бойынша рекорд дерек тіркелді. Қазақстанда бала туудан рекорд көрсеткіш 1987 жылы болған. Сол кезде Қазақстанда 417 мың бала туған. Былтыр елде 425 625 бала дүниеге келді. Кейінгі 20 жылдықта Қазақстандағы ең көп өлім саны 2007 жылы тіркелген еді (158 297 адам). Былтыр елде 162 613 адам қайтыс болған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өлімнің көбіне қанайналым жүйесінің аурулары себеп болған. 2020 жылы Қазақстанның СҚО-дан басқа барлық аймағында табиғи өсім болған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр Солтүстік Қазақстан облысында табиғи кему (-691) байқалған.
Былтыр халықтың табиғи өсімі қайтыс болғандар санының көбеюіне байланысты 2019 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 6,6 мың адамға немесе 2,4%-ке азайды.

Бала туу көрсеткіші бойынша 1987 жылғы рекорды жаңарды

АХАТ мәліметі бойынша 2020 жылдың қаңтар-желтоқсанында 425625 адам туды. Бұл 2019 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 22,6 мың адамға немесе 5,6%-ке көп.
Былтыр дүниеге келгендердің көбі - ұлдар. Олардың саны - 220 143. 2019 жылы 208 410 ер бала туған. Ал былтыр туған қыздардың саны - 205 482. 2019 жылы олардың саны 194 654 болған.
2020 жылы Қазақстанда дүниеге келгендердің 79,8%-і қазақтар, 7,9%-і орыстар, 4,3%-і өзбектер, 1,5%-і ұйғырлар, 0,8%-і украиндар, 0,7%-і немістер, 0,6%-і әзірбайжандар, 0,6%-і татарлар және 3,8%-і басқа ұлттар.
демографиядағы рекорд

Былтыр кейінгі 20 жылдан бергі ең көп өлім тіркелген

Визуализациядан көргендеріңіздей, кейінгі 20 жылдықтағы өлім саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы орында тұр. 2020 жылы Қазақстанда 162 613 адам қайтыс болған. Оны 2019 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 29,1 мың адам немесе 21,8%-ке көп.
Кейінгі жылы бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індетінен күніне бірнеше мың адамның қайтыс болғаны туралы естиміз. Бірақ Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр Қазақстанда қайтыс болғандардың 36 624-і қанайналым жүйесінің ауруларынан (22,5%), 23387-сі тынысалу органдарының ауруларынан (14,4%), ісіктер (9,4%), 12961-і ас қорыту органдарының ауруларынан (8%) және 12 мыңнан астамы жүректің ишимия ауруларынан қайтыс болған. Дегенмен бұл деректі 2019 жылдағы статистикасымен салыстырғанда аса айырмашылық болмады, тек 2020 жылы тұмау, ТЖАА мен өкпенің қабынуынан 10 947 адам қайтыс болса, 2019 жылы 4164 адамның өліміне осы ауру себеп болған.
2019 жылы Қазақстанда 133 489 адам өмірден өткен.