Шетелде оқу құны қанша?

Шетелде оқу құны қанша?

Статистикалық мәліметке сүйенсек, жылына 8 мың жас білім алу үшін шетелге кетеді. Түлектер көбіне Ресей, Түркия, Чехия, Германия сияқты мемлекетте оқуды таңдайды. Өйткені ол жақта оқу арзан әрі сапалы. Бұл туралы бірнеше кейіпкерден сұрап көрдік. Сонымен, шетелде оқу расымен арзан ба? Білім алу үшін қай елді таңдаған жөн?

Иә, еліміздегі жоғары оқу орын­дары жыл сайын оқу ақысын қым­баттатады. Мысалы, биыл да бір­қатар ЖОО оқу оқысын көтерді. Мұны ректорлар оқуға төленетін ақшаның 80-90%-ы жалақыға жұм­салатынымен түсіндіреді. Оған қоса университеттер түрлі әлеу­меттік топтағы балаларға жеңілдік беріп, ректор грантын бөледі. Мә­селен, Гумилев атын­дағы Еура­зия ұлттық универ­ситетінде бака­лавр бағасы – 1 млн 50 мың теңге. Тұран универ­ситетінде бакалавр – 600-700 мың теңге арасында. Жалпы, елімізде 100-ден астам ЖОО бар. Соған сай қымбат ма­мандық пен оқу орындары бірден көзге түседі. Мысалы, біздегі ең қымбат мамандық – «Құқықтану». Осы мамандық бойынша елдегі ең қымбат баға – 1,5 млн теңге. Ор­таша баға – 800 мың, ал аталған ма­мандықта төмендеу оқу ақысын іздесеңіз – 600 мың теңге. Одан кейінгі «Кеден ісі» мамандығы да 1,5 млн теңгеден басталады. «Қар­жы» мамандығының да ел ішінде танымал екені белгілі. Егер осы мамандықты Қазақ-Британ тех­никалық уни­верситетінде оқы­ғыңыз келсе, 2 млн теңгеден артық қаржыңыз болғаны жөн. «Эко­номика», «Менеджмент», «Мар­­кетинг», «Мемлекеттік және жер­гілікті басқару», «Халықаралық қа­тынастар» сияқты мамандықты меңгеру үшін 1 млн теңгеден астам қаражат қажет.

Оқу ақысы арзан елдер

Жоғарыда еліміздегі оқу ор­нындағы бағаға шолу жасадық. Байқағандай, аз ақша емес. ЖОО алған ақшасына сай білім беріп жатыр ма? Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Кейбірі елі­міздегі білім сапасына күмән­дан­­ғандықтан шетелде білім алуға шешім қа­былдаған. Ендеше, шет­елдегі оқу ақысы жайында біраз мағлұмат берсек. Шетелде оқуға шешім қа­­был­дардағы алғашқы мәселе – тіл. Сондықтан көпшілік тіл үйренуде қиындық тумауы үшін Ресей, Түркия, Чехия елін таңдайды. Осы орайда, оқу ақысы тиімді, сапалы білім алуға мүмкіндік бар елдерді тізіп көрсек. Алдымен, Польша, Словения, Чехия, Латвия, Литвада оқу ақысы арзан. Әсіресе, Поль­шада оқу ТМД студенттерінің ара­сында танымал. Тіл үйрену ту­расында да аса қиындық ту­майды. Мысалы, поляк тілін үйрену үшін арнайы бағдарламалар бар. Жалпы, Поль­шадағы оқу бағасы бір семестрге – 500 еуро. Әрине, мұндай оқу орын­дарының дип­ломдары еуро­палық білім беру стандарттарына сай. Мәселен, Кра­ков қаласындағы Ягеллон, Вар­­шавадағы Лазар сияқты беделді оқу орнында қолжетімді бағада білім алуға болады. Польшадан кейін студенттердің назары Чехияға ауады. Өйткені Чехияда өмір сүру Еуропа елде­рімен салыстырғанда әлде­қайда арзан. Аталған елде оқу ақысы жылына орташа есеппен 1 000 еуро. Айта кетерлігі, тегін білім алғыңыз келсе, университетті чех тілінде оқуға міндеттісіз. Ал ақылы оқы­саңыз, сабақ ағылшын тілінде өтеді. Отан­дастарымыз Чехияны тиімді бағасы мен өмір сүру сапасы үшін таңдап жатады. Сол сияқты Венгрияда тұру мен білім алуды ел тұрғындарының қалтасы көтереді. Әрі оқу орындары Еуроодақтың білім беру жүйесіндегі талаптарға сәйкес келеді. Оқу ақысы да 1 000-1 500 еуродан аспайды. Одан бөлек, студенттер Гер­мания, Франция, Словения ел­дерін таңдайды. Мысалы, Гер­ма­ния мен Францияда білім алу қымбат емес. Бірақ тіл мең­гер­геніңіз туралы сер­тификат қа­жет. Оқу ақысы жы­лына шамамен 500 еуро. Мұны біз ин­тернеттегі түрлі бағ­­­­­дарламадан білеміз. Неміс тілін жетік білсеңіз, Германияда­­ғы же­текші оқу орын­дарында білім алуға жол ашылады.

Шетелдік оқу орындарында жемқорлық жоқ

Шетелде ақылы білім алған бірнеше кейіпкермен әңгімелестік. Олар алдымен, оқу ақысына, кейіннен мүмкіндікке мән берген. Мәселен, кейіпкеріміз Дінмұхамед Қасымбекұлы Түркияның Анкара университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша ақылы білім алған. Қазір магистратурада оқып жатыр. «2014 жылы бакалавр үшін жы­лына 160 мың теңге төледім. Қазір оқу ақысы 200 мың теңгеге көте­рілген болар. Меніңше, Түркия астанасында осындай ақшаға білім алу – таптырмайтын мүмкіндік. Түркияда оқуға шешім қабыл­дауыма Еуропа мен АҚШ-қа ашы­лар жол себеп болды. Одан бөлек, қандай саланы алып қара­масаңыз да, тәжірибе бар. Бұл жақ­та 81 өңірде университет бар. ЖОО саны көп болғандықтан бәсе­келестік жоғары. Соған сай оқу ақысы арзан. Қа­зақстанмен са­лыс­тыр­ғанда оқу ақысы 2-3 есеге ар­зан. Анкара университетінде шетелдік про­фессорлар мен білікті оқы­тушылар дәріс оқыды. Демо­кра­тиялық мем­лекет болған соң ашық талқы, айқын көзқарас бар. Сон­дықтан сабақ өту, баға қою – ашық әрі әділ», – дейді Дін­мұхаммед Қасымбекұлы. Кейіпкеріміздің сөзін жалғаған Бағила Мырзағалиева да Түркияда білім беру елімізге қарағанда алға жылжығанын, жемқорлықсыз қоғам барын атап өтті. Бірақ оқу ақысы арзан болғанымен, өмір сүру қа­рапайым студент үшін қымбат ек­е­нін айтты. Әсіресе, ет бағасы аспандап тұр екен. «Авиация саласында білім алып жатырмын. Дәлірек айтсақ, авиа­ция менеджменті. Бұл сала Қа­зақстанда кенже қалған. Соған сай тәжірибе аз. Сондықтан Түркияда оқуды таң­дадым. Бұл жақта авиа­ция саласы турасындағы рейтинг те жоғары. Оқу ақысы әлдеқайда төмен. Бірақ осы турасында бір қарама-қайшылық бар. Оқу ақысы төмен болғанымен, өмір сүру қымбат. Мәселен, су, жарық пен жылу, транспорт бағасы өте қымбат. Ал білім сапасы жо­ғары. Мысалы, Түркияда өзіңе лайықты бағаны аласың. Оқысаң, өзіңді көрсете алсаң жоғары бағаға ие боласың, оқымасаң келесі жылға қалдыра салады. Жемқорлық мәселесі жоқ болғасын, грантты сатып алу, сес­сиядан өту үшін ақша беру сияқты «дәстүр» жоқ»,– дейді Самсун университетінің студенті Бағила Мырзағалиева. Байқағанымыз, шетелде оқи­тын студенттердің арасында елі­мізде дамуы кешеуілдеген саланы игеріп жүргендер баршылық. Соның ішінде, олар авиация ме­неджменті, туризм саласын таң­дайды. Мәселен, Польшадағы Ақпараттық технологиялар және басқару университетінің (University of information technology and management) студенті Сұңғатолла Әмір «Авиациялық менеджмент» факультетінде оқиды. Ол жылына 800 мың теңге төлейді. Оның ай­туынша, Польшада елімізге қа­рағанда оқу методикасы мен білім сапасында айырмашылық бар. Бірнеше кейіпкеріміздің «Авиа­циялық менеджмент» фа­куль­тетінде оқитынын білген соң, елі­міздегі оқу бағасын білгіміз келді. Мысалы, Азаматтық авиация академиясында «Әуе кемелерін тех­никалық пайдалану» оқу бағ­дарламасында ағылшын тілінде білім алғыңыз келсе, 1 млн теңге төлейсіз. Расымен, аталған фактілерге қарап «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» дерсіз. Ел­дегі ұлттық университетте білім алуды көпшіліктің қалтасы кө­термейтіні тағы бар. Кейбір же­­кеменшік оқу орындарының да бағасы ауыз толтырып ай­тар­лықтай. Университеттің оқу ақысы қымбат дей қалсаңыз, ректорлар жоғарыдағы мәліметті алға тар­тады. Содан болар, тү­лектер тиімді бағаға сапалы білім алу үшін шетел асады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ