Жаңа жыл мерекесі күні түнгі 12-де әр аймақта міндетті түрде отшашу рәсімі болады. Бұл сәтті тағатсыздана күтетіндер көп. Бірақ адамдарға жақсы көңіл күй сыйлайтын отшашулардың зиянды тұстарын кей адамдар әлі күнге дейін біле бермейді. Расында, пиротехникалық жабдықтардан әлем бойынша зардап шегушілер жетіп артылады. Соған қарамастан пайдасынан зияны көп жарқылдақтардың саудасы жыл аяғына таман қыза түсетіні ақиқат. Мереке қарсаңында еліміздегі барлық сауда нүктелерінде қауіпті пиротехникалық жабдықтар самсап тұрады.
Осы ретте, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жыл сайын мереке қарсаңында қауіптің алдын алу мақсатында пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолдану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олардың айтуынша, жыл сайын ескерту жасалғанымен, пиротехникалық өнімдерден елімізде бірнеше адам зардап шегеді екен. Сол себепті мамандар пиротехниканы созылған қол арақашықтықтығында жағу керек екенін, жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін отшашуды пайдаланбауды және оны дымқыл жерде сақтамауды қатаң түрде ескертеді.
– Аудан аумағында жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Желтоқсан айының 25-нен қаңтар айының 3-іне дейін жүргізілген рейдтік шаралар барысында заңсыз, сертификатсыз сатылып жатқан пиротехникалық бұйымдар анықталмады және тұрғындарға, сатушыларға профилактикалық жадынамалар табыс етілді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «Байқоңыр» ауданының ТЖБ инженері Аслан Жұмабеков.
Ал Алматыда 2020 жылы жаңа жыл түні пиротехника өнімдерін дұрыс қолданбау салдарынан 3 өрт тіркеліпті. Түнгі сағат 00.18-де Әуезов ауданында 9-қабаттағы пәтердің балконы жанған. Өрттің шығу себебі – петарда ашық балконға түсіп кеткен. Дәл сол күні 00.28-де Наурызбай ауданында жеке тұрғын үйдің мансарды отқа оранды. Қызыл жалын 80 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт 01.40-та ауыздықталып, 02.36-да толық сөндірілді. Мұнда да тілсіз жаудың тұтануына петарданың мансардқа түсіп кетуі себеп болған.
Түнгі сағат 00.31-де Алмалы ауданында Grand Asia бизнес-орталығында 5-қабаттан бастап 12-қабатқа дейін керамогранит астына төселген жылытқыш құрал жанып кеткен. Өрт 150 шаршы метр аумаққа жайылыпты. Куәгерлердің айтуынша, петарда қасбет пен қабырға арасындағы тесікке түсіп кеткен.
– Төрт адам зардап шекті: көзі жарақаттанған 10-11 жасар екі бала және көз жанары күйіп қалған 39 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді. Ал 1975 жылы туған ер адамның қолындағы петар да жарылды. Ол сол қолының жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Барлық зардап шегушілер алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық заттарды рұқсатсыз сату фактілерін анықтау үшін арнайы рейд жүргізілді. Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы рейд барысында пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалап жатқан 59 сауда нүктесі анықталып, 250 дана пиротехникалық өнім тәркіленгенін айтып отыр.
Ал OŃTÚSTIK телеарнасының хабарлауынша, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында пиротехника салдарынан 4 баланың көзіне зақым келген. Сондай-ақ отшашудан қолдары күйіп, жүзін жалын шарпығандар да бары анықталды. Зардап шеккендер 5-11 жастағы балалар. Олар пиротехникалық жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларына мән бермеген.
Міне, осындай олқылықтар қаншама апатты жағдайлардың көбеюіне себепкер болады. Сондықтан сақтық шараларын естен шығармағанымыз жөн. Аталған жағдайға байланысты төтенше жағдайлар департаменті барлық сертификатталған өнімдердің қорабында өндірушінің өндіру күні, жарамдылық мерзімі, пиротехникалық өнімдердің әрбір элементтерінің салмағы, қолдану нұсқау қаптамасында көрсетілетінін айта келе, ел тұрғындарын осынау деректерге назар аударуға шақырды.
Әбілмансұр ЖАСАН