Қазақстанда әлі күнге дейін қызметіне кірісе алмай отырған бизнес түрі бар, ол – компьютерлік клубтар. Тіпті, тек коронавирус қана емес, басқа да инфекцияларды тарату ошағы деп танылған сауна, монша, фитнес-клубтар да көптеген қалада ақырын-ақырын келушілерін қабылдап жатыр. Ал game клубтарға мемлекеттік бас санитардың қабағы сол күйі жылымады.
Жақсы басталып еді-ау...
Негізі, 2020 жыл компьютерлік және интернет клубтар үшін жақсы жаңалықпен басталған. Былтыр 1 қаңтардан бастап олар тіркелген салықтан босатылды, бұған дейін әрбір компьютер үшін осы салықты төлейтін. Содан ойыншы балалар «компты» сындырып тастаса, бұл клуб қожайынының жүйкесін жұқартатын, істен шыққан, табыс әкелмейтін «темір» үшін бәрібір салық төлеу қажет. Сондықтан кәсіпкерлер ұзақ жылдан бері Үкіметтен тіркелген салықты жоюды өтінумен келді. Себебі кезінде шенеуніктер компклубтарды құмар ойындары қатарына қосып жіберген екен. Мысалы, казинода әрбір ойын үстеліне, әрбір автомат пен рулеткаға жеке салық салынатыны мәлім. Әрине, компьютер сонша табыс әкелмейді. Сонымен қатар осы клубтардан алым жинайтын басты оператор – «Қазақтелеком» АҚ-ы олар үшін Gamer тарифін іске қосты. Оған сәйкес, монополист интернетке қол жеткізу арнасын екі құрауышқа бөлді: негізгі ағын танымал онлайн ойындарының серверіне бөлінеді (1 Гбит/секундқа дейінгі жылдамдықпен), аз бөлігі (100 Мбит/с дейін) желіге жалпы қол жеткізуге жұмсалады. Соның арқасында геймерлерге пингтің (ping) төмен шамаларында ойнауға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, енді кез келген компклуб болашақ киберспортшыға арналған мини-буткемпке айнала алатын еді. Осы бетбұрыстарға қарап, сарапшылар елімізде осы бизнес сегменті соны серпінмен, қызу қарқынмен өркендейтінін болжады. Алайда осымен саладағы позитивті өзгерістер аяқталды. Араға пандемия килікті. Үйлерінде принтері жоқ, керегін үнемі интернет клубтан басып шығарып жүрген тұрғындар амалсыз нотариустардың клиентіне айналды.Кемсітуге не себеп?
Zion компьютерлік клубтар желісінің басшысы Тимур Астамиров мемлекеттік бас санитардың неге осы шағын кәсіп иелеріне шүйліккеніне таңданады. «Алдағы наурыз айында Қазақстанда компьютерлік клубтардың жұмысына тыйым салынғанына тура 1 жыл толады. Не үшін жазалағаны белгісіз, осы мерзім бойы ашылуға мүмкіндік бермейді, еш жеңілдік жасамайды. Қазір біздің кәсіпке толық тыйым қойылған. Мұның мәнісі біз үшін үлкен жұмбақ! Кейінгі айларда елімізде барлық дерлік қызмет түріне рұқсат етілді. Олар толыққанды не ішінара жұмыс істеуде. Ал компклубтарға, тіпті орындарының 50%-ын ғана толтырып жұмыс істеуге де рұқсат етпеуде. Мұндай кемсітушіліктің төркіні түсініксіз», – дейді Т.Астамиров. Ол компьютерлік клубтардың індет тарату ошағы болмағанына назар аудартады: осындай клубтың келушілері уланып, не жаппай дерт жұқтырып, жабылғаны туралы естімепті. «Бас санитар 500 шаршы метрде орналасқан 500 орындық залы бар кинотеатрларға жұмысын жалғастыруға жол ашты. Ендеше 80 шаршы метрдегі 20 орындық клубтарға карантин шараларын сақтай отырып, жұмыс істеуге неге рұқсат етпеске? Ең болмаса, қуатымыздың 50%-ы көлемінде қызмет көрсетуге мүмкіндік берсе дейміз. Санитарлық, індетке қарсы нормаларды толық сақтауға, персонал денсаулығының есебін жүргізуге дайынбыз. Клиенттеріміз әлеуметтік қашықтықты сақтайды, ол қиын емес. Елімізде жаппай вакцинациялау басталды, коронавирус жұқтыру құлдырайтын болар. Компьютерлік клубтар – ел экономикасының локомотиві емесін білеміз. Бірақ ауыл-аймақта қаншама шағын және микро кәсіпкер осыдан нәпақа тауып, отбасын асырап отырды», – дейді бизнесмен. Кәсіпкер Алпамыс Сабырғалиев тағы бір мәселені көтерді, компьютерлік клубтар Meloman және басқа да дүкендерден компьютерлік ойындар сатып алып, компьютерлеріне орнатқан. Онымен іс бітпейді, келісімге отырып, сол ойындардың зияткерлік меншік иелеріне ұдайы сыйақы төлеп тұруы тиіс. Шетелдік және ресейлік компаниялар Қазақстандағы карантинді мойындамайды, төлем төлемесе, өкілі арқылы сотқа жүгінуі ықтимал. Кейбір компьютерлік клуб иелері компьютерлерін арендаға таратып беріпті: тұрақты клиенттері сол арқылы ойнауын да жалғастырады, әрі қашықтан оқуға пайдаланады. Алайда жабдықпен бірге интернет-топтама қоса ұсынылмайтындықтан, жай компьютерді жалдаудан көп табыс түспейтін көрінеді.Цой қарсы, халық та қолдамайды
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сала кәсіпкерлерінің шағымына жауап берді. Ол Қазақстан халқы арасында COVID-19 инфекциясының кең таралуына тосқауыл қою мақсатында еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері өз қаулысымен былтыр караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық ғимараттағы балалардың ойын алаңдары, аттракциондар, букмекерлік конторлар қызметіне тыйым салғанын еске салды. Ал бас мемлекеттік санитардың қаулысына 2020 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған 4-қосымшаның 37-бөліміне сәйкес, компьютерлік клубтардың қызметіне тыйым әрі қарай ұзартылды. «Нысандар қызметін жандандыру COVID-19 таралу тәуекелдерін бағалау негізінде жүзеге асырылады. Компьютерлік ойын клубтары COVID-19 тарату тәуекелі жоғары объектіге жатады. Себебі келушілер жабық жерде, шағын алаңда шоғырланып отырады. Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың өсуіне, ЖРВИ, тұмаумен ауыру маусымына байланысты компьютерлік клубтардың қызметін жандандыруды ерте деп санаймыз», – деді Денсаулық сақтау министрі. Ол қандай да бір нысанның қызметіне рұқсат беру мәселесі вице-премьер Ералы Тоғжанов төрағалық ететін Қазақстан аумағында COVID-19 пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралып, сонда шешім қабылданатынын қосты.Кәсіпкер Алпамыс Сабырғалиев тағы бір мәселені көтерді, компьютерлік клубтар Meloman және басқа да дүкендерден компьютерлік ойындар сатып алып, компьютерлеріне орнатқан. Онымен іс бітпейді, келісімге отырып, сол ойындардың зияткерлік меншік иелеріне ұдайы сыйақы төлеп тұруы тиіс. Шетелдік және ресейлік компаниялар Қазақстандағы карантинді мойындамайды, төлем төлемесе, өкілі арқылы сотқа жүгінуі ықтимал.
ДСМ компклубтар қожайындарына КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша, шектеу шараларын әрі қарай да ұстануға кеңес берді. Яғни, әзірге ашылмауы керек. Қашан ашылары беймәлім. Жалпы, ел экономикасы компклубтардың жабылғанын байқамады деуге болады. Өйткені олардан түсетін салық тым мардымсыз. Оның үстіне, бұл салада қазақстандық мазмұн жоқтың қасы: үстелдер мен орындықтарды айтпағанда, барлық компьютерлер, оның жабдықтары және бағдарламалық қамтылым – шетелден тасылады. Олар ұсынатын және геймерлер арасында танымал компьютерлік, онлайн ойындар арасында да отандық өнім кездеспейді. Сондай-ақ өскелең ұрпақ тәрбиесіне тигізер кесірі де зор. Next қазақстандық бірлестігінің дерегінше, осы клубтарға келушілердің ең кіріс әкелетін аудиториясы – 14-22 жас аралығындағы жастар. Бұл аудиторияда қыздар мен келіншектердің үлесі – 25%. Шыны керек, компьютерлік клубтар өз беделін өзі құртты: бұған дейін тек жаман атымен ғана атағы шықты. Мәселен, полицейлер рейд жүргізген сайын оларда кешкі-түнгі уақытта ойынға көз майын тауысқан, ересектердің қарауынсыз жүрген жасөскіндерді табады. Бала кезінен ойынқұмар, лудоман болса, есіл-дерті сол болса, есейгенде одан қандай маман шығады?! Компьютерлік ойындардың жас ұрпақтың денсаулығына соққы беретінін мамандар үнемі айтып келеді. Оның үстіне, тұрғындар биліктің бұл ісін сөзсіз қолдайды: компьютерлік және түнгі клубтар жабылғалы, құлақтары тынышталғанына риза. Алматылық Гүлзия Қайырова Сайын көшесіндегі өзі тұратын тұрғын үй бірінші қабаттағы компьютерлік клуб, караоке бар және пиццерия кесірінен кеміргіштерге толып кеткенін жеткізді. «Осы бизнес нысандарымен қаншама жылдан бері алыстық. Қожайындары, бизнесмендер айыпты мойындамайды. Әрі біздің өтінішімізге құлақ аспайды, үн қатпайды. Санитарлық нормаларды сақтамайды. Тұрғындарымыз бұрынғы жылдары Әуезов ауданының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығына шағым түсірді. Құзырлы органдар тексере келе, санитарлық және салықтық бұзушылықтар тапты. Дегенмен тышқандар азаймады. Тек пандемия жарияланып, бұлар жабылғанда ғана жағдай түзелгендей болды», – дейді ол. Тұрғындар алда карантин шаралары жұмсартылып, бұлар қайта толық күшінде іске кіріссе, кеміргіштер орала ма деп қауіптенеді. Елордалық Аслан Елшібеков те бірінші қабатта орналасқан коммерциялық нысандар маза бермегенін еске түсіреді. «Түнгі компьютерлік клубтың клиенттері түнгі сағат 04.00-де топ болып сыртқа шығады. Ұзақ уақыт бойы тарамайды, тереземіздің алдында қақырынып, қарқылдап, шиқылдай күліп, былапыт сөйлеп, айғайлап жүріп алады. Ол аз болғандай, үй жанындағы автотұрақта компьютерлік клубтың келушілері жаппай автокөліктерін қояды, оның кейбірінің ақаулы сигнализациясы түнде қосылып кетіп, шырт ұйқыда жатқан тұрғындарды тегіс оятады. Оның иесіне әлденеше рет талап-шағымымызды айттық, тиісті нәтиже бермеген-ді», – дейді Аслан. Әзірше, тұрғындар караоке клубтарына қоса, компьютерлік клубтардың да жабылуына орай жан тыныштығына бөленуде. Бұл тыныштық бұзылатын күн жақындап қалғанға ұқсайды.Айхан ШӘРІП