Көзіңді арбаған, көңілде қалмаған эфир толтырудың әлегі
Көзіңді арбаған, көңілде қалмаған эфир толтырудың әлегі
345
оқылды
Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында экранға үңіл­ген көрермен міндетті түр­де режиссер Эльдар Ряза­новтың «Тағдыр тәлкегі не­месе жеңіл буыңызбен!» фильмін көретіні анық.

Рязановтың шытырманға толы бұл лирикалық кино­комедиясы сізді еріксіз көк жәшікке телміртетіні де рас. Шамамен 40 жылдан асты, Мягковтың кейіп­ке­рінсіз жаңа жыл табалды­рық ат­тамайтын секілді көрінеді. Әңгімеміздің әлқиссасын «Тағдыр тәлкегінен» бастаға­нымызбен, біздің айтпағымыз бұл емес. 31 желтоқсан сайын телеар­наның дені эфирді «студиядағы концертпен» айшықтайды. Жыл сайын тек сценарий өзгеріп оты­руы мүмкін, бірақ оқиға бір-бірінен алшақтап кетпейді. Сол баяғы ресейліктер алып келген «Голубой огонектің» қазақша баламасы. Бұл концепцияның үздіксіз жалғасып келе жатқанына да – 15 жылдың шамасы. Қазақ­стандық негізгі арналардың дені осы үлгіні пайдаланады. Бұл – отандық телевидение саласы бір орында тұралақтап, түбегейлі идеялық реформаны қажетсінеді деген сөз емес пе? Белгілі журна­лист Арман Сқабылұлы «телеви­дение ғана емес, әдебиет, мәдениет саласына да реформа жасаудың уақыты келді» деген пікірде.

«Өткен ғасырдың 90-жылдары Ресейде осындай форматпен жаңа­жылдық бағдарламалар көрсетіле бастады. Сол бағдарламаларды қа­зақстандық арналар да бірден көшіріп алды. Біз де эфирді әнші­лер­мен толтырамыз. Ең қорқы­ныштысы, телеарналар жаңажыл­дық бағдарлама жасаудан жарысқа түсіп кетті. Әлеуметтік желіде «Ұлт­тық арна жаңажылдық бағ­дарлама бойынша рейтингтен ал­ғашқы орынға шықты» деп жазып жатыр. Мүмкін, рейтингте жоғары болғаны да дұрыс шығар. Әңгіме рейтингте емес. Онсыз да жаңа жыл түні көпшілік Ұлттық арнаны таңдайтыны рас. Түнгі 12-ге дейін арнадан Президент құттықтауын күтеді, одан кейін де теледидар қосулы тұрады. Сол үшін де рейтинг жоғарылады деп мақтануға болмас», – дейді журналист.

ТВ саласы үшін рейтинг ма­ңызды. Алайда рейтинг көтерудің негізгі әдісі тек тойда немесе YouTube-та қараламы мол әрі мәнсіз-мағынасыз әндерге жүгіну ме? «Оппа-оппа», «Дорогой», «Зың-зың» секілді жеңіл әндерді мемлекеттік арнаның эфиріне шығару да рейтингке әсер ете ме?

«Біріншіден, жаңажылдық бағдарламаларға қымбат декора­ция жасалады. Екіншіден, мұндай бағдарламалар аутсорсинг ком­панияларда дайындалады. Оны қай аутсорсинг компания жасай­тынын телеарна басшылары өздері шешеді. Бұрынғыдай оған көркем­дік кеңестің қатысы жоқ. Қандай әнші қатысатынын, қандай ән орындайтынын, сценарий қалай болатынын компания өзі анық­тайды. Сол себепті де кейде эфирде орынсыз әзіл-қалжыңдар айтылып қалады. Өйткені оны бақылап-қадағалап отырған көркемдік кеңес жоқ. Табиғи шыршадан бас тартып, жасанды шыршаға көшкен жоқпыз ба? Сол секілді соншама мол қаражат шығарып, жаңа­жыл­дық бағдарлама жасау қажет пе? Кемінде оған бір тарихи фильм тү­сіруге болатын қаржы жұм­са­лады. Тарихи фильмді қайталап көрсету­ге болады. Ал жаңажылдық кеш қайталанбайды ғой», – дейді Арман Сқабылұлы.

Сонымен, телеарналар ұсын­ған бағдарламалар тізбегіне көз салсақ: «Жап-жақсы жаңа жыл», (QAZAQSTAN), «Жұлдызды жаңа жыл», («Хабар»), «Голубой огонек на Шаболовке», («КТК»), «Новогодняя ночь на первом» («ПКЕ») және т.б. Барлығы дерлік көңілді, жеңіл, әзіл-қалжыңға құрылған думанды кеш дерсің. Жаңа сценарий, жаңа бағдарлама болғанымен, формат бір, ескі үрдіс, бұзылмайтын дәстүр мұнда да сақталған.

Трендтен қалмаған дұрыс шығар, алайда қызық­тың көкесі осы деп, қазақтілді эфирді орысша шұ­бар­лату кімге керек? Мәселен, «Хабар» арнасынан шы­ғатын «Қызық Times» бағдарламасының жаңа­жылдық «Қызық Премия» атты арнайы жобасы бізді таңғал­дырды.

 

«Хабар» арнасының бас про­дюсері Айдос Тұрысбек «Жаңа­жылдық бағдарламаның негізгі үш критериі бар: ән, әзіл және көркем фильм элементтері. Бұл бір Қа­зақстанға ғана тән дүние емес. Ресейде де, Украинада да және та­ғы басқа посткеңестік мемлекет­терде жаңажылдық бағдарлама осылай жасалады. Жаңадан ешкім ешнәрсе ойлап таппайды. Мәсе­лен, биыл «Хабар» арнасы жаңа жыл кешінде «Тақиясыз періште» деген бағдарлама ұсынды. Онда қазақтың әнші қыздары Роза Рым­баева, Нағима Есқалиева ұлдарына қалыңдық іздейді. Қалыңдық іздеу үшін концертке барады. Онда әзіл де бар, қалжың да, сюжеттік желісі де бар, бас-аяғы жинақы көркем фильм секілді. Көпшілік арна­лардағы концерттің концепциясы осындай. Мазмұны өзгеруі мүмкін, бірақ форматы өзгермей қалып отырады. Ал жеңіл-желпі әндерге келер болсақ, көрерменнің сұ­ранысы қандай, соған жауап беруге тырысады. Мәселен, шетелдерде жаңа жылға арналған әндер бар. Біз оны қазақшаға аударып, шыр­қай алмаймыз. Өйткені ондай әндерді көпшілік қабылдай қоюы екіталай. Сондықтан көрерменнің қалауындағы нәрсені орындауға тырысады. Қазір YouTube арнасын қарасаңыз, трендте «Әзіл әлемі», «Шаншар», «Тамаша» секілді әзіл-сықақ шоу бағдарламалары тұр. Сол себепті көрерменге өтімді бо­лу үшін сценарий мықты болуы керек», – дейді.

Трендтен қалмаған дұрыс шығар, алайда қызықтың көкесі осы деп, қазақтілді эфирді орысша шұбарлату кімге керек? Мәселен, «Хабар» арнасынан шығатын «Қызық Times» бағдарламасының жаңажылдық «Қызық Премия» атты арнайы жобасы бізді таңғал­дырды. Бұған дейін Ұлттық арнада жұртты күлдірем деп екі сөзінің біріне орысша қосып сөйлейтін Тұрсынбек Қабатов талай көрер­меннің сынына ұшыраған. «Қызық Times» жүргізушілері де сол қате­лікті толығымен қайталады. Алды­мен жылдың үздіктерін атап өту үшін орыстың премия сөзін қазақ­ша аударудан бас тартыпты. Сый­лық, марапат секілді қазақ сөздерін керек қылмаған. Ал жоба бойы бес сөздің екеуі орысша болды. КВН-нан шыққан жігіттер сондай деп жылы жабуға болар ма еді, алайда Хабар агенттігінің эфирін қада­ғалаушы шеф-редакторлар аталған жобаның атауын, сценарийін қалайша бекіткен?

Ұлттық арна биыл «Жап-жақ­сы Жаңа жыл» бағдарламасымен рей­тингте бірінші орынға шықты. TNS Central Asia зерттеу компа­ния­сы­ның деректері бойынша, отандық арналар арасында үздік үштіктің көшін «Евразия» телеар­насы бас­таған. Бұл қалыптасқан дәстүрге ай­налып барады. Өйткені 2018 жыл­дың 31 желтоқсанында да «Ев­разия» арнасы бірінші орында болған. Бірақ биыл олай болған жоқ. Qazaq­stan ұлттық телеар­на­сы­ның «Жап-жақсы Жаңа жыл» деп аталатын мерекелік жобасы­ның көрсеткіші ресейлік өнімнен де асып түсіпті. TNS Central Asia де­рек­тері бо­йынша, аудиторияның ба­сым бөлігі отандық өнімді таң­да­ған. Жобаның үлесі 24,3 пайыз болды.

«Мұны стандарт деп айту қиын­дау, қалыптасып қалған дәс­түр. Бірақ кез келген дәстүрдің озығы мен тозығы бар. Көрермен сұранысына қарай уақыт өте келе кез келген формат өзгереді. Жал­пы, Жаңа жылды мұндай форматта атап өту біртіндеп өзекті болмай қалуы да мүмкін. Биыл Qazaqstan ұлттық арнасы осындай жаңа­шыл­дыққа бастайтын алғашқы қа­дамды жасады. Көлемді студия, музыкадағы жаңа трендтер, көрер­мен жақсы көретін жас өнер иеле­рінің жүргізушілік қырынан та­нылуы – эксперименттік қадам. Жарық қою, қосымша бірнеше локацияны жаңажылдық жобаға қауымдастырудағы (интегра­ция­лау­дағы) мақсатымыз – жаңажыл­дық тележобаларды жаңа, сапалы форматқа өткізудің алғашқы қа­дамдары. Мұны көрермен еске­ру­сіз қалдырмады. Рейтингтік ком­паниялардың мағлұматтары бо­йынша Ұлттық арна осы жолы көш басына шықты. Алдағы Наурыз мерекесіне арналған тележоба­лар­ды да тек мазмұндық емес, телеви­зиялық сапа, идеологиялық тұр­ғыдан жаңа форматта ұсынғымыз келіп отыр. Жалпы, жаңажылдық жобаларды форматтау мәселесі тек бізде ғана емес, көпшілікке «Голу­бой огонек» атауымен таныс фор­матты дүниеге әкелген Ресейдің орталық телеарналарында да кө­теріле бастады. Бұл – заңды құбы­лыс. Біз әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде жаңа телетрендт­терден қалмай, ұлттық ерек­шелік­терімізді естен шығармаймыз» дейді Qazaqstan ұлттық телеар­насының директоры Еркін Мұха­меджанов.

Дегенмен бүгінгі көрерменнің талғамы да өзгерген. Жаңажылдық бағдарламаларды жақсы қабылдап, жылы пікірін білдіріп жатқандар да бар. Керісінше, кейбіреулер мұндай «көшірме» хабарлардан шаршағанын айтады. Мәселен, өнертану магистрі Сырым Мұха­меджанов өзінің әлеуметтік желі­дегі парақшасында: «Жеңіл-желпі концерттер бірнеше күннен бері барлық телеарнадан беріліп жатыр. Біздің деңгейіміз соншалықты түсіп бітіпті ғой. Бірде-бір эстра­далық ән тыңдамайтын едім, то­рыққаным соншалық бізге кәдім­гідей реформа керек сияқты. Ұлт­тық құндылықтарымыз жоқ. Әләуләй-хәләуләйлар төрге озып­ты. Домбыра сүйемелдеуімен бір әннің не болмаса, халық әнінің шырқалғанын көрсем, көзім шықсын!» деп жазды.

P.S. 

Қалай десек те, бюд­­жет қаражатына күн көретін мемлекеттік арна­лардан көрермен сапалы дү­ниелер күтері анық. «Жыл­тыңдатып» кей әншілердің барлық эфир­ді жаулай бер­гені де те­ле­ви­дение секілді ірі индустрияның контент тұрғысынан арзан­дағанын айшықтайтындай. Бұл кон­сервативтік сын емес, жоға­ры сапаны талап ету. Өнерге, мәдениетке сал­мақ­ты қарай­тын жан өз қадір-қасиетін бұлай түсірмесе ке­рек-ті. Ал телеарналарға әлі де кон­цепциялық ізденіс қа­жет еке­ні көрініп-ақ тұр. Жаңа маз­мұн, тың пішіндегі тар­тым­ды бағдарлама көбейіп жат­са, өзіміздің өнім деп қуануға біз даяр.

 

Гүл БЕКЗАТ