Петропавлда полицейлерге соңғы бес күнде 2 мыңнан аса телефон қоңырауы түскен, – деп хабарлайды СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Мерекеде Петропавлда тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Жолдар мен қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті патрульді полицейлер қадағаласа, ықшамаудандардағы тыныштыққа учаскелік полиция инспекторлары жауап берді.
Петропавл қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Әлібек Ғабдуллин: «Петропавлда полицияның учаскелік 13 пункті бар. Оларда 90-нан астам учаскелік полиция инспекторлары еңбек етіп жатыр. Мереке күндері тәртіп сақшыларына тұрмыстық-отбасылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа жол бермеу міндеті тұрды», – дейді.
1-5 қаңтар аралығында қалалық полицияның «102» нөміріне 2198 қоңырау түскен. Оның 458-і бойынша полицейлер мекенжайға шығып, шара қолданды.
Тіркелген құқықбұзушылықтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалға байланысты. Сондай-ақ спирттік ішімдік ішіп, бірнеше күн шулаған көршілерінен мезі болған тұрғындар хабарласқан.
Нәтижесінде, учаскелік полиция инспекторлары тыныштықты бұзып, жұрттың мазасын алған 19 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұлдың көлемі – 5 АЕК мөлшерінде.
Жалпы, былтыр тәртіп сақшылары 1710 адамды жауапқа тартса, оның 1329-ы облыс орталығының тұрғындары.