Вице-министр Бибігүл Асылованың айтуынша, студенттердің шәкіртақысын 25 процентке өсіру үшін бірқатар нормативтік актіні өзгерту керек. Бүгінде министрлік осы жұмыспен айналысып жатыр.
«Қазіргі кезде біз нормативтік-құқықтың актілерге тиісті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Меніңше, осы айдың соңына дейін біз сол нормативтік актілерді қабылдаймыз. Ал қаңтардың соңына дейін үлгермесек, онда қайта есептеу жасалады да, ол ақша ақпан айында толығымен төленеді», - деді ол.
Еске сала кетейік, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің шәкіртақысын 25 процентке көтеруді тапсырды.
«Стипендия 2016 жылдан бері көтерілмеген. Бірақ, оның объективті себептері бар еді. Сондықтан студенттерді қолдау үшін мен шешім қабылдадым. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің шәкіртақысы 25 процентке көбейеді. Бұл шара 130 мың адамды қамтиды», – деді Президент.