Бұл туралы Қазақстан халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі арнайы комиссия отырысында мәлім болды.
Жиында 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап онлайн санақ жүргізу туралы шешім қабылданды. Ол жылдың 15 қазанына дейін мамандандырылған sanaq.gov.kz веб-сайтында жалғасады. Сайт тәулік бойы ашық болады. Азаматтар қай жерде жүрсе де, өзі және отбасы үшін сауалнама беттерін толтырып, санаққа өз бетінше қатыса алады.
Комиссияда онлайн санақ жүргізу кезінде ақпараттық қауіпсіздік сақталады деп сендірді. ҚР ҰҚК көмегімен хакерлік шабуылдардың алдын алу үшін санақ бойынша ақпараттық ресурстардың тәулік бойы мониторингі қамтамасыз етілді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов сонымен қатар sanaq.gov.kz веб-сайтын Egov.kz веб-порталымен интеграциялау қажеттілігін атап өтті.
Дәстүрлі үй-үйді аралау, онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту мақсатында 2021 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 30 қазанына дейін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Санақ жүргізушілер планшеттерді қолданады, бұл деректер сапасына адами фактордың әсерін барынша азайтады, ЖСН қолданып нақтылық деңгейін жоғарылатады және ақпараттың қайталануын болдырмайды. Планшетке арналған мобильді қосымша әзірленді, оның көмегімен сұхбат беруші барлық кіріктірілген арифметикалық және логикалық басқаруларды ескере отырып сауалнама жүргізе алады, жіктеуіштер мен анықтамалықтарды қолдана алады. Алынған деректер тікелей ортақ дерекқорға жіберіледі.
Санақтың сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, жою және қайта құру туралы ұсыныстар бойынша және елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау бойынша 2021 жылғы 1 мамырдан бастап 31 желтоқсанға дейін мораторий енгізудің орындылығы туралы мәселе қаралды.