Соңғы бір-екі айда өзіне-өзі қол салған бірнеше азаматтың қайғылы оқиғасы бүкіл республикаға мәлім болды. Шымкентте алты баланың анасы аңсаған пәтеріне қол жеткізе алмай кетсе, Каспийде әскери кемеде борышын атқарған 18 жастағы теңізші жігіт өмірмен қош айтысты. Ал 21 қаңтарда «Қазақмыс» компаниясының кеңсесінде болған жанжалдан соң кәсіподақ төрағасы өзіне-өзі пышақ салған. Адам өмірі елдің ең қымбат қазынасы десек те, оны қиып жіберуден неге әлемнің алдында тұрмыз? Былтыр қыркүйек айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицид жиі кездесетін елдердің тізімін жариялады. Қазақстан 7-орында, 100 мың адамға шаққанда 22,8 адам өзіне қол салады екен. Бұл қауіпті құбылыстың азайғаны, мәселен 2000 жылы аталған сан 34,9 болған. Бірақ қуанатын жағдайымыз жоқ, себебі әлемдегі орташа көрсеткіштен (10,5) екі есе асып тұрмыз. Жалпы, тәуелсіздік тарихымызда 106 мың кісі өз өмірін қиған, 90-жылдардың соңында бір жылда мұндай қадамға барғандардың саны 5 мыңға жақындаған. Өлуге соншалық кім асығады екен, Құдай берген өмірді өз қолымен тоқтатуға кім даяр деген сауал туындайтыны рас. Ең жиі кездесетін сипаттама – ауылда тұратын 35-44 жас аралығындағы ер-азамат. Нақтырақ айтсақ, біздің елде 100 мың кісіге шаққанда суицидті 40 ер адам жасайды, әйелдердің тек жетеуі ғана. Яғни, ер кісілер о дүниеге өз еркімен аттануға жиі асығатын көрінеді. Әлемдік есепті өз еліміздің ресми статистикасымен салыстырайық деп Бас прокуратураның сайтына үңілдік. Қуанатын сан жоқ екен. 2018 жылы 3 542 адамның өз-өзіне қол салу фактісі тіркелген. Яғни, күніне 9-10 адамнан келеді деген сөз. Оның 79 пайызы ер-азаматтар. Бәлкім, «орта жастың дағдарысы» деген құбылыстың әсері болар. Әйелдердің үлесі аздау болса да (695), өмірмен қош айтысуға асығатындар 18-24 және 35-44 жас аралығындағылар. Сөз басында жас теңізшінің өлімін еске алдық, 2018 жылы 14 әскери азамат суицид жасаған.
Жалпы, өмірін қиятындар көбіне арқанға асылып қалу әдісін жиі таңдайды екен. Содан кейінгі орында өзін биіктіктен тастау мен өткір затты қолдану тұр. Көбіне өз үйінде. Әрине, бұл насихат емес, қайта суицидке жақын адамдардың осындай жолды таңдамауы үшін жақын туыстарына ескертетін ақпарат. Суицидке әрекет жасау деген құбылыс бар. Сарапшылар оның саны әдетте суицидтен 20 есе жоғары болады дейді. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттер тіркеле бермейді. Алайда ол маңызды. Себебі алғашқы ұмтылыстар кімнің қауіпті қадамға баруы мүмкін екенін, оны не итермелеп жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деп жылы жауып қоя салу, мамандарды ескертпеу, олармен жұмыс істемеу – ертең қайғылы жағдайға әкеліп соғуы бек мүмкін. 2018 жылы елімізде осындай 4 234 әрекет тіркелген. Дегенмен бұл мәселеде ерлер мен әйелдердің үлесі шамалас (2 198 және 1 994). Біріншіден, Қазақстанда суицидке әрекет жасау фактілері бұдан бірнеше есе көп екенін болжауға негіз бар. Тек тіркеле бермейді. Екіншіден, әйелдер үлесінің артуы көбіне өзіне, басындағы базынасына қоршаған ортаның көңілін аудартуға тырысуы деп түсінуге де болады. Ал енді бұл мәселенің басты тақырыбына оралсақ. Азаматтарымыз өз өмірін қиюға неге асығады? Себеп неде? Бас прокуратураның есебіне тағы да көз салсақ, негізгі фактор жалғыздық екен. Жалғыздық жабығуға (депрессия), жүйке жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Психиатрлар ол оңай жазыла қоятын дерт емес дейді. Кейінгі орында – адамның ауыр материалдық жағдайы. Несиесін төлей алмай, өзіне қол жұмсаған фактілер аз емес. Бұдан соң туған-туыстармен және жұбайымен жанжалдасу факторы тұр. Сондай-ақ баспана мәселесін шеше алмай, суицидке баратын кісілер кездеседі, 2018 жылы елімізде 80 адам осы себеппен өзіне қол салған. Сөз басында айтылған Шымкенттегі 6 баланың анасы баспана мәселесін шеше алмай кетті дейді білетіндер. Ал былтыр күзде елордада тепсе темір үзетін жігіт үй ала алмадым деп көпірден секіргісі келгені есімізде. Ұзаққа созылған ауру да, отбасылардың ажырасу да адамның соңғы қадамға баруына жиі түрткі болады екен. Жауапсыз махаббат та жастарды дәрі ішуге, тамырын кесуге итермелейтін көрінеді. Мұны жедел жәрдем дәрігерлері жиі айтып жатады.Суицидтің негізгі себебі – жалғыздық, кейінгі орында адамның ауыр материалдық жағдайы. Сондай-ақ баспана мәселесін шеше алмай, өзіне қол салатын кісілер де кездеседі.