Ерейментау ауданы әкімдігінің қызметкерлері Жалпыұлттық аза тұту күні жаңажылдық кеш өткізген, — деп хабарлайды КТК арнасы.
Дереккөздің хабарлауынша, Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімдігінің қызметкерлері Жалпыұлттық аза тұту күні Жаңа жыл мерекесін тойлапты. Алматы маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты жарияланған қаралы күндегі олардың бұл әрекеті тұрғындардың ашу ызасын туғызған.
Басшылардың бассыздығына ашынған ерейментаулықтар полицияға хабарлапты. Бірақ оларды тоқтатқан ешкім болмады.
Сол күні Президент Жарлығымен Жалпыұлттыұ аза тұту күні жарияланып, республика бойынша ойын-сауық іс-шаралары бір күнге кейінге шегерілген еді.
Өкініштісі, бұл қайғылы жағдайға да, Президент Жарлығына да, Ерейментау ауданының әкімі мен қызметкерлері селт етпеген сыңайлы.
Жаңажылдық кеште жергілікті мәслихат депутатының мейрамханасында асыр салып той тойлаған.
Телеарнаның хабарлауынша, аудан әкімі болып тағайындалғанына бір жыл да толмаған Абай Әлжанов сол кеште әйелімен бірге «туған күнде болған». Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов: «Бір туыстардың туған күнінде болдық. Мен кірдім де, шықтым, бір туысымның... несіне... жолдасыммен.Беретінімді беріп, құттықтап шықтым», – дейді.