Жуырда Қорғаныс министрлігі Қазақстанда жасалған «Шағала» атты пилотсыз ұшатын аппараттың сынақтан өтіп жатқанын хабарлады. Барлау қызметі үшін қолданылатын құрылғыны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары құрастырса керек. Дегенмен құрылғыны құрастыруға Kaztechinnovation компаниясы да атсалысыпты.
Әлбетте, «Шағала» деген құрылғыны жасауға Kaztechinnovation компаниясы атсалысқанын әскерилер айтқан жоқ. Біз жоба жасауға осы компанияның қатысқанын әлеуметтік желілер арқылы білдік. Демек, отандық компаниялар қорғанысқа қажетті өнімдерді құрастыруға шындап бет бұра бастады деген сөз. Тек «Шағаланың» «бақыты» баянды болса дейміз.Әскерилер дрондарға көп көңіл бөле бастады
Жалпы, соңғы жылдары Қазақстан Қарулы Күштерін жаңа техникамен қамтамасыз ету ісіне көп көңіл бөліне бастағанына куә болып жүрміз. Былтыр армия 370 жаңа техника сатып алыпты. Олардың арасында француздармен бірлескен кәсіпорын құрастырған «Нұр» радиолокациялық кешені де бар еді. Ал «Шағала» шетелдіктермен бірлескен жоба емес, отандық ғалымдар мен кәсіпкерлердің тізе қоса отырып жасаған дүниесі екен. Әрі әскери ғалымдар дрондарды пайдаланудың ерекшеліктерін мықтап зерттеуге көшсе керек. Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары қарсыластың бронды техникасы мен күшіне қарсы тиімді қару ретінде тек барлау дрондарын емес, сонымен қатар соққы беруші пилотсыз ұшу аппаратын қолдануға да талдау жасапты. Сондықтан пилотсыз ұшатын құралдарға сұраныс артып отырған көрінеді. Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаевтың ойынша, отандық кәсіпорындардың мұндай құралдар жасауға ұмтылысы құптарлық іс. «Ұшқышсыз ұшу аппараты ауқымында әскерлерді отандық әзірлемелермен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс қуантады. Дегенмен бұл осындай шетелдік құрылғылармен бірдей болмауы керек. Отандық аппараттардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын әзірлеу кезінде қазақстандық армияның барлық қажеттіліктерін, біздің қорғаныс мақсатындағы географиялық ерекшеліктерді ескеру қажет», – дейді генерал-лейтенант. Генералдың сөзінен әскерилердің отандық дронға кәдімгідей іш тартатыны байқалады. Өйткені әлемнің көптеген мемлекеті қазір өз дрондарын жасауға талпынып жатыр. Мәселен, Әзербайжан елі Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде Түркия мен Израильден сатып алған пилотсыз ұшатын аппараттардан бөлек өздері құрастырған Itikovan дейтін камикадзе дрондарды пайдаланды. Ал Қазақстан Қарулы Күштерінде әзірге елімізде құрастырылған дрон жоқ. Армия израильдік SkyLark барлаушы дрондары мен қытайлық WingLoong барлау-шабуылдау кешенін қолданады. Бірақ соңғысының бірнеше данасы ғана бар. Ал соңғы екі-үш жылда пилотсыз ұшатын аппараттарды бірлесе құрастыру жөнінде еліміз Израильмен, Түркиямен келіссөздер жүргізіп жатқанымен, бірлескен кәсіпорын әзірге құрыла қойған жоқ. Бірақ жан-жақты талпыныс бар. Мәселен, 5 ақпанда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Түркия ұлттық қорғаныс министрінің орынбасары Мухсин Деремен кездескенде әскери дрондарды сатып алу жайлы да әңгімелескен. Әрине, әскерилердің көп мәліметті аша қоймайтыны анық, дегенмен біздің пайымдауымызша, Қазақстан Түркиядан шабуылдаушы дрондар сатып алу жағын да қарастыруы мүмкін. Өйткені барлаушы дрондар өзімізде де бар. Одан бөлек, оларды елімізде бірлесе құрастыру жағы да сөз болғанға ұқсайды. Яғни, әскерилер түрлі мүмкіндікті қарастырып жатыр. Ал «Шағаланың» сынақтан өткізілуі әскерилердің балама жол іздеуінің көрінісі болса керек.«Шағала» қандай құрал?
Әзірге қазақтың «Шағаласын» түріктің Bayraktar-ымен салыстыруға болмайтын шығар. Өйткені «Шағала» тек барлау мақсатында қолданылатын құрал. Білетіндер олар аспанда 2,5 сағатқа дейін ұшып, 30 шақырым алысқа жете алатынын айтады. Әскери ғылыми-зерттеу орталығының бастығы, полковник Қуандық Ақшолақовтың сөзіне қарағанда аппарат жылдамдығы 14 метр/секундқа дейін жететін желдің екпініне де төтеп беріп, әуеде тұрақты қалықтайды екен. «Ұшқышсыз ұшу аппаратының ұшу қашықтығы 30 шақырымға дейінгі аралықты құрайды. Ауада ол екі жарым сағатқа дейін болады, желдің екпіні секундына 14 метрге дейін күшейген кезде ауада өзін тұрақты ұстайды. Болашақта біз оны взводтан батальонға дейінгі буындағы әскерлердің қару-жарақ қатарына қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді полковник Қуандық Ақшолақов. Алайда «Шағаланың ұшу қашықтығы SkyLark-қа жетпейтіні де белгілі болды. Израильдік дрон 40 шақырым алысқа ұша алады. Әрі олардың кейбір модификациясы аспанда 6 сағатқа дейін ұшады. Дегенмен әскери мамандар «Шағаланың» отандық компоненттері мол екенін алға тартады. Айталық, оған аязға төзімді батареялар орнатылған. Оны Ұлттық қорғаныс университетінің мамандары ойлап тауыпты. Ал Kaztechinnovation компаниясының директоры Таир Балбаевтың сөзіне қарағанда аппараттың 76 пайызы отандық компоненттен құралған. «Әскери мақсатқа арналған осынау пилотсыз ұшатын аппарат азаматтық саладағы құрылғылардан мүлдем бөлек. Аппарат тек әскери міндеттерді орындайды. Аппараттың бағдарламасы мен электронды схемасы қазақстандық өнімдер. Оларды біздің компания Ұлттық қорғаныс университетінің мамандарымен бірлесе әзірледі. Ал аппараттың корпусы мен өзге де жабдықтарына келсек, иә, біз дайын шикізат, яғни композитті материалдарды сатып алып, солар арқылы аппараттың корпусын жасадық. Микросхемалардан плата жасаймыз, бағдарлама жазамыз. Осылайша, аппаратты жасаудағы қазақстандық үлес деңгейі 76 пайызға жетті», – дейді Таир Балбаев. Сонымен қатар ол Kaztechinnovation компаниясы алдағы уақытта шабуылдаушы дрондар әзірлеуді жоспарлап отырғанын айтты. Ал Ұлттық қорғаныс университеті былтыр гранттық қаржыландыру бойынша 13, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы 3 ғылыми жобаны аяқтапты. «Шағала» да солардың бірі.«Жасау» мен «құрастыру» екі бөлек дүние
Әрине, отандық ғалымдардың әр жетістігіне қуанамыз ғой. Дегенмен дәл осы әскери саланың да біршама былықтары болған. Осыдан он шақты жыл бұрын израильдіктермен бірлесіп жасаған «Найза», «Семсер», «Айбат» тәрізді артиллериялық қондырғылар жарамсыз болып шыққан. Сөйтіп, бірнеше әскери шенді істі болғаны бар. Одан кейін Ресейден «Терминатор» БМПТ дейтін техника алып, оны бірлесе жасау туралы әңгіме шыққан. 2013 жылы Уралвагонзавод кәсіпорнының әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Алексей Маслов осындай мәлімдеме жасаған. Одан соң жым-жырт болды. Ал ресейлік әскерилер аталған техниканы тек 2018 жылы ғана армияның пайдалануына қабылдады. Біз сәл асықтық. Дегенмен «Найза», «Семсерлерден» кейін дәл әскери техниканы құрастыру, бірлескен кәсіпорын құру ісінде сапасыз дүние жасалғаны жайлы дерек естімедік. Тек әскери салада жемқорлық түбегейлі жойылған жоқ. Айтпақшы, «Шағалаға» қатысты өзіндік уәж айтатын мамандар да бар. Мәселен, радиоэлектроника саласындағы ІТ инженер Серік Төлеу аппаратты «біз жасадық емес, құрастырдық деу қажет» деген уәж айтады. Өйткені елімізде қандай да бір техника құрастырылғанымен, толық отандық болып жасалмайтынын алға тартады маман. «Софт (хардқа қатысты) жасау деңгейіміз төмен. Себеп көп: хардты оқу, оқығанды тоқу қиын. Темірге деген көп қызығушылықтың болмауы. Біліміңнің жемісін көру үшін ондаған жылдар жеткіліксіз. Электроника саласына қызығушылық танытушыны үркітетін себептер осы. Маман тапшы. Өте тапшы. Әрі бір-бірін біле де бермейді. Үндеместер ғой, инженерлер. Бірен-саран харвардта, тағы басқа оқу орындарында оқығандар болса, тәжірибе жеткіліксіз болып жатады. МPU іш құрылысын өте жақсы түсінбей хардқа софт жазу мүмкін емес. Мұны сізге кез келген электроншы айтады», – дейді Серік Төлеу. Сонымен бірге ол қандай да бір техника «жасау» деп өнімнің басқарушы жүйесін өзіміз жасағанда ғана айта алатынымызды атап өтті. «Жасау: егер өнімнің басқарушы (micro processing units) жүйесін өзіміз жасап шығарсақ! Архитектурасына, перифериямен байланыс схемасына, timing және тағы басқа интимді дүниелерге «фулл эксесс» болған жағдайда, міне осы кезде біз өзіміз жасадық дей аламыз!» – дейді. Маман «Шағала» дронына қатысты күмәнін осылай білдірді. Қысқасы, құрастырсақ та, «жасасақ» та өз дронымызды ұшырдық. Енді оны жетілдіру қалып тұр. Тек әдемі басталған іс аяқсыз қалмаса болғаны.Амангелді ҚҰРМЕТ