Пандемия басталған шақтан бері медицина мамандары мен ғалымдар COVID-19-дың таралуына байланысты түрлі болжам айтып келеді. Жуырда осы секілді тағы бір болжамның шеті шықты. Кәрі құрлық елдері мен Оңтүстік Корея індеттің жануарлар арқылы тарауы мүмкін екенін айтып, қауіптеніп отыр. Аталған елдер қазір осы мәселеге қатысты тексерісті бастап кетті. Әзірге дәлелі жоқ бұл қатер расталса, бізге де оңай тимесі анық. Ал бұған қатысты соңғы зерттеулер қорытындысы қандай, медицина маманы не дейді?
150 млн екпе салынбақ
Осы айда Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл елімізде жануарлар мен құстарды түрлі індет пен аурудан сақтау үшін 150 млн-нан астам вакцина салынатынын мәлімдеді. Жалпы, жануарларға екпе салу бұрыннан бар, қалыпты жағдай. Назарымызды ерекше аудартып отырған жайт мынау: екпе салудан бөлек 68 млн диагностикалық зерттеу жүргізілмек. Жоғарыда Еуропа елдері мен Оңтүстік Корея мемлекеті коронавирусқа байланысты жануарлардан да сескеніп отырғанын айттық. Олардың секем алуына нақты не нәрсе себеп болғанына кейін тоқталамыз. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі осынша көлемде екпе егіліп, тексеріс жүргізілуіне «адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алу» себеп болғанын айтыпты. Дегенмен бұл ортақ індеттің қатарына ведомство коронавирусты қосты ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір «бәрі де Кеңес кезінен бері келе жатқан дерт» деп екшелепті. Алайда іште бір күмәннің қалары белгілі. Шамасы, министрлік «жануарлар коронавирустың таралу ошағы болуы мүмкін» деген болжамнан секем алғандай.ДДСҰ жануарларды «ақтап» отыр
Осы болжам шыққаннан кейін кейбір әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары індеттің негізгі таратушысы ретінде үй жануарларына қатысты деректерді жариялай бастады. Бір қызығы, Еуропа мен Сеул қауіптеніп отырғанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай қатердің жоқ екеніне сендіруде. Ұйымның ресми мәліметіне сенсек, мұндай болжамға еш негіз жоқ және дәлелденбеген дүние екен. Әзірге ұйым өкілдері жануарлармен байланысқанда гигиена талабын сақтап жүрсе, жеткілікті деп есептейді. Сонда жануарларды тексеріп жатқан елдер босқа әлекке түсіп жүргені ме? Оларды мұндай әрекетке итермелеген не болды?Дәрігер қауіп барын айтады
Әлекке түсті дейміз бе, әлде секем алуға негіз бар ма, әйтеуір жануарларға қатысты болжамның басы 2020 жылы қарашада шықты. Осы кезде Даниядағы бірнеше фермада коронавирус табылып, ақыры миллиондаған күзенді жойған еді. Көп өтпей АҚШ пен Ұлыбританияда да үй жануарларынан инфекция табылғаны хабарланды. Бірнеше елде хайуанаттар мекендейтін аймақтарда вирус анықталған. Осыдан кейін мамандар жануарлар әлеміне зер салып, әбігер болған. Байқағанымыздай, көптеген ғалымдар ДДСҰ-ның шешіміне келіспеген. Коронавирустың жарқанаттан бастау алғанын айтқан олар жануарларды тексеруге негіз бар дейді. Сөзіміз негізсіз болмас үшін ҚазҰАУ жанындағы халықаралық Вакцинология орталығының директоры, профессор Қайсар Табыновқа хабарласқан едік. Маман үй жануарлары арқылы коронавирустың таралуы мүмкін екенін жасырмады. – Еуропа ғалымдары қауіптеніп отырған проблема расталуы әбден мүмкін. Неге дерсіз? Вирустың шығу тарихын ұмытпаған болармыз. Алғашында індет жабайы жануарлардан, яғни жарғанаттан адамға өтіп, кейін таралып кетті. Демек, түп негізіне жануарлардың қатысы болса, вирус үшін жануарлар ағзасы еркін тарала алатын аймақ шығар. Бұл – бір. Екіншіден, сіз айтып отырған Даниядағы оқиғаны естідік. Басқа емес, фермаларда коронавирустың мутацияға ұшыраған қауіпті штамы табылды. Адам емес, күзен көп аймақ. Әйткенмен, нақты жауап осы деп кесіп пікір айтудан аулақпын. Әлі де зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Бірақ ықтималдығы бар проблема. Анықталмаған нәрсе болғаннан соң көбі бейжай қарап отырған сияқты, – дейді ол. Қазір Сеулде үй жануарлары, мысықтар мен иттер жаппай тексеріліп жатыр. Кореялық дәрігерлер жануардың бойынан безгек пен тыныс алу ауруын анықтаса болды, мүмкіндігінше жоюға әрекет жасап отыр. Ал үй жануарының ағзасынан бәлендей кінәрат таппаған күннің өзінде карантинге жатқызбақ. Жалпы, елде жыл басынан бері жануарлармен байланысқан 29 адам вирус жұқтырғанын айтқан. Мұнда да нақтыланбаған дүние көп. Зерттеушілер үй жануарлары коронавирусты адамға жұқтырмаса да, өзге жануарларға таратады деп есептейді екен. Былтыр жаз соңында елімізде коронавируспен қабаттасып құс тұмауы шыққанын жақсы білеміз. Нәтижесінде, құстардың біразын жоюға тура келді. Сол кезде дәрігерлер тарапынан жануарларды бақылауға алу керегі жайлы пікірлерді естідік. Кейін ол әңгіме жылы жабылған. Ал жарты әлемді дүрліктіріп отырған мына болжамның анық-қанығына жету әзірге мүмкін болмай тұр. Әркім өзінше болжайды, соған сай әрекет етеді. Әйтсе де, COVID-19 тарихы жабайы хайуанаттардан басталғанын ескерсек, қауіптенер жөніміз де бар секілді көрінеді.Мадияр ТӨЛЕУ