Коронавирус жануарлар арқылы тарауы мүмкін бе?

Коронавирус жануарлар арқылы тарауы мүмкін бе?

Пандемия басталған шақтан бері медицина мамандары мен ғалымдар COVID-19-дың таралуына байланысты түрлі бол­жам айтып келеді. Жуырда осы секілді тағы бір бол­­жамның шеті шықты. Кәрі құрлық елдері мен Оңтүстік Корея індеттің жануарлар арқылы тарауы мүмкін екенін айтып, қауіптеніп отыр. Аталған елдер қазір осы мәселеге қа­­тысты тексерісті бастап кетті. Әзірге дәлелі жоқ бұл қатер рас­­­­талса, бізге де оңай тимесі анық. Ал бұған қатысты соңғы зерттеулер қорытындысы қандай, медицина маманы не дейді?

150 млн екпе салынбақ

Осы айда Ауыл шаруашы­лы­­ғы министрлігі биыл елімізде жануар­­­лар мен құстарды түрлі ін­дет пен аурудан сақтау үшін 150 млн-нан астам вакцина салына­­тынын мәлімдеді. Жалпы, жа­­­н­уарларға екпе салу бұрыннан бар, қалыпты жағдай. На­зарымызды ерекше аудартып отыр­ған жайт мынау: екпе салудан бөлек 68 млн диагностикалық зерт­теу жүр­гізілмек. Жоғарыда Еуропа елдері мен Оңтүстік Корея мемлекеті коронавирусқа байла­нысты жан­уарлардан да сескеніп отыр­ғанын айттық. Олардың се­кем алуына нақты не нәрсе себеп болғанына кейін тоқталамыз. Ал Ауыл ша­руашылығы министрлігі осынша көлемде екпе егіліп, тек­серіс жүргізілуіне «адамдар мен жан­уарларға ортақ ауру­лардың алдын алу» себеп бол­ғанын ай­тыпты. Дегенмен бұл ор­тақ ін­деттің қатарына ве­домство ко­­­ро­на­вирусты қосты ма, ол жағы бей­мәлім. Әйтеуір «бәрі де Кеңес кезінен бері келе жатқан дерт» деп екшелепті. Алайда іште бір кү­мәннің қалары белгілі. Ша­масы, министрлік «жануарлар коро­навирустың таралу ошағы болуы мүмкін» деген болжамнан секем алғандай.

ДДСҰ жануарларды «ақтап» отыр

Осы болжам шыққаннан кейін кейбір әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары індеттің негізгі тарату­шысы ретінде үй жануар­ларына қатысты деректерді жариялай бас­тады. Бір қызығы, Еуропа мен Сеул қауіптеніп отырғанда Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы мұндай қатердің жоқ екеніне сендіруде. Ұйымның ресми мә­ліметіне сенсек, мұндай бол­жамға еш негіз жоқ және дәлелденбеген дүние екен. Әзірге ұйым өкілдері жануарлармен байланысқанда гигиена талабын сақтап жүрсе, жеткілікті деп есептейді. Сонда жа­нуарларды тексеріп жатқан елдер босқа әлекке түсіп жүргені ме? Оларды мұндай әрекетке итер­­мелеген не болды?

Дәрігер қауіп барын айтады

Әлекке түсті дейміз бе, әлде секем алуға негіз бар ма, әйтеуір жануарларға қатысты болжамның басы 2020 жылы қарашада шықты. Осы кезде Даниядағы бірнеше фермада коронавирус табылып, ақыры миллиондаған күзенді жойған еді. Көп өтпей АҚШ пен Ұлыбританияда да үй жануар­ла­рынан инфекция табылғаны ха­барланды. Бірнеше елде хайуа­наттар мекендейтін аймақ­тарда вирус анықталған. Осыдан кейін мамандар жануарлар әлеміне зер салып, әбігер болған. Бай­қаға­нымыздай, көптеген ғалым­дар ДДСҰ-ның шешіміне келіс­пе­ген. Коронавирустың жарқанаттан бастау алғанын айт­қан олар жануарларды тек­серуге негіз бар дейді. Сөзіміз не­­­­гізсіз болмас үшін ҚазҰАУ жа­­нындағы халықаралық Вакци­нология орталығының директоры, про­фессор Қайсар Табыновқа ха­барласқан едік. Маман үй жа­н­уарлары арқылы корона­ви­­рустың таралуы мүмкін екенін жа­сырмады. – Еуропа ғалымдары қауіп­теніп отырған проблема расталуы әбден мүмкін. Неге дерсіз? Ви­рустың шығу тарихын ұмыт­паған болармыз. Алғашында індет жа­байы жануарлардан, яғни жар­ғанаттан адамға өтіп, кейін тара­лып кетті. Демек, түп негізіне жануарлардың қатысы болса, вирус үшін жануарлар ағзасы еркін тарала алатын аймақ шығар. Бұл – бір. Екіншіден, сіз айтып отырған Даниядағы оқиғаны есті­дік. Басқа емес, фермаларда коро­навирустың мутацияға ұшы­раған қауіпті штамы табылды. Адам емес, күзен көп аймақ. Әйткенмен, нақты жауап осы деп кесіп пікір айтудан аулақпын. Әлі де зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Бірақ ық­тималдығы бар проблема. Анық­­талмаған нәрсе болғаннан соң көбі бейжай қарап отырған сияқты, – дейді ол. Қазір Сеулде үй жануарлары, мы­сықтар мен иттер жаппай тексеріліп жатыр. Кореялық дә­рігерлер жа­н­­­уардың бойынан безгек пен ты­ныс алу ауруын анықтаса болды, мүм­кіндігінше жоюға әре­кет жасап отыр. Ал үй жа­нуа­рының ағза­сынан бәлендей кі­нәрат тап­паған күннің өзінде ка­ран­тинге жат­қызбақ. Жалпы, елде жыл басынан бері жануар­лармен бай­ланысқан 29 адам вирус жұқ­тырғанын айтқан. Мұнда да нақ­тыланбаған дүние көп. Зерт­теу­шілер үй жануарлары корона­вирусты адамға жұқтыр­маса да, өзге жануарларға тара­тады деп есептейді екен. Былтыр жаз соңында елімізде коронавируспен қабат­тасып құс тұмауы шыққанын жақ­сы білеміз. Нәтижесінде, құс­тар­дың біразын жоюға тура келді. Сол кезде дә­рігерлер тара­пынан жануар­ларды бақы­лауға алу ке­­регі жай­лы пі­кірлерді естідік. Кейін ол әңгі­ме жылы жабылған. Ал жарты әлемді дүрліктіріп отырған мына бол­жамның анық-қаны­ғына жету әзірге мүмкін болмай тұр. Әркім өзінше бол­жайды, соған сай әре­кет етеді. Әйтсе де, COVID-19 та­рихы жа­байы хайуанаттардан бастал­­­­ғанын ескерсек, қауіптенер жө­­­­­­німіз де бар секілді көрінеді.

Мадияр ТӨЛЕУ