Тәуелсіздік сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз үшін асыл мұратқа айналды. Сол мұратқа қол жеткізген біздің ұрпаққа одан асқан байлық жоқ, оған теңдес тірек жоқ. Елбасының бастамасымен осы жылдарда жастардың мәселелері жүйелі түрде шешіліп келді, оның жалғасы ретінде 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталып өтті. Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Былтыр Волонтер жылын абыроймен атқарып шықтық. Президенттің кадрлық резерві жасақталды. Биыл жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Осының өзі кейінгі кезде жастарды қолдауға ерекше назар аударыла бастағанын аңғартса керек.
«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге айрықша тоқталған.
«Өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз» деген-ді Мемлекет басшысы.
Рас, еліміз егемендіктің елең-алаң шағынан бастап жастар саясатын мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты қамқорлығының арқасында жастардың дамуы мен әлеуетін жүзеге асыруына берік негіз қаланды. Қазір Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығындағы 3,7 млн адам өмір сүреді, бұл халықтың 20 пайызына пара-пар. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтар саны 6,1 млн немесе 32,5 пайыз шығады.
Жалпы, жастар дегеніміз кімдер? Олар – жоғары сынып оқушылары, студенттер, жұмысшылар, сонымен қатар NEET санатындағы азаматтар. Тәуелсіздік жылдары барлық санаттағы жастардың мүддесін қорғайтын қыруар шаруа атқарылды.
Біріншіден, заңнамалық база жасалды және жастар саясатының негізгі құралдары қалыптасты. 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданып, жүйелі жұмыстың заңнамалық негізі анықталды.
Екіншіден, білім алу қолжетімді болды. Жастарға тегін оқуға шынайы мүмкіндік берілді. Мысалы, 1999 жылдан бері ЖОО-лардағы грант саны 3,5 есе өсті. 2019 жылы еліміздегі бүкіл студенттің үштен бірі бюджет есебінен білім алды. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде жастарды әлемнің үздік университеттерінде оқыту әлі жалғасып жатыр. Nazarbayev University-де халықаралық стандарттарға сай білім алуға жағдай жасалған.
Үшіншіден, жастар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырылды. Мемлекеттік бағдарламаларда көрініс тапқан жастар саясаты саласындағы жобалар әзірленді. Әсіресе, елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға арналған «Жасыл ел», «Серпін–2050», жастарға өз бизнесін дамытуға шағын несие беретін «Еңбек» бағдарламаларын, ауылдық жердің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған «Дипломмен – ауылға!» жобасын атап өтуге болады.
Төртіншіден, жас таланттарды көтермелеу тетіктері іске қосылды. Дарынды жастарды қолдау мақсатында ғылымдағы, шығармашылықтағы, қоғамдық қызметтегі, спорттағы жетістіктері үшін жыл сайынғы мемлекеттік «Дарын» сыйлығы тағайындалды.
Бесіншіден, жастарды тәрбиелеу мен шоғырландырудың қуатты факторына айналған еріктілер қозғалысы қарқынды түрде дамып келеді. 2016 жылы «Jas Otan»-ның бастамасымен «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. «Ұлттық волонтерлер желісі» құрылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы күллі адамзаттың басына бұлт үйірген кезде Қазақстан жастары «Jas Otan»-ның жанынан табылып, Biz Birgemiz жалпыұлттық акциясына атсалысты, карантинде қиын жағдайда қалған 300 мыңнан астам отбасына әлеуметтік қоржындар мен антисептикалық жиынтықтарды жеткізді.
Былтыр «Nur Otan» партиясының тұңғыш республикалық праймеризі өтті. Дүбірлі додаға 1,5 миллиондай қазақстандық тартылды. Партияішілік іріктеу елдегі белсенді әрі қабілетті жандардың өз-өзін дәлелдеуіне, идеяларын таныстыруына, жаңа жақтастар мен достар табуына жол ашты. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 6 253 адам «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған кандидаттардың партиялық тізіміне кір-
ді.
Жақында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жастар саясаты туралы» заңды қайта қарап, оның заманға сай жетілдіруін тапсырғаны белгілі. Әлемдік трендтерді және Қазақстан жастарының сұраныстарын ескере отырып, жастар саясаты саласындағы мынадай міндеттерді шешуді маңызды деп санаймын.
Біріншіден, жастарды саяси-қоғамдық өмірге араластыратын жаңа тетіктер құру керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде жастардың өкілдік органдар қызметіне қатысуы төмен деңгейде қалып отыр. 2019 жылы олардың мәслихат депутаттарының арасындағы үлесі небәрі 2,8 пайыз (96 адам) болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, партиялық тізімге әйелдер мен жастарға кемінде 30 пайыз мөлшерде квота бөлінді. Бүгінде 35 жасқа дейінгі партиялық тізіммен 616 жас депутат сайланып, 22,6 пайызды құрап отыр.
Дегенмен жастардың басым бөлігі өз қаласының әкімі, мәслихат депутаттары түгіл Мәжіліс пен Сенат депутаттарын, министрлерді тани бермейді. Жартысына жуығы ешқандай қоғамдық-саяси ұйымға мүше емес, көбі жастар саясаты туралы заңнан да бейхабар. Сайлаушылардың қомақты бөлігін жастар құрағанымен, сайлау кезінде олардың белсенділігі көңіл көншітпейді. Сондықтан жастар елді жаңғырту процесіне белсенді араласып, өз мүддесін қорғауы тиіс.
Екіншіден, білім беру сапасын арттырған абзал. Кадр даярлауда нарықтың шынайы сұранысы ескерілмейтінін жиі байқаймыз. Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қалалық және ауылдық жерлер арасындағы білім сапасының алшақтығы үш жылға тең деген дерек бар. Университеттердің жалпы рейтингі төмен деңгейде: 2020 жылғы QS World University Rankings рейтингінде Қазақстандағы 131 ЖОО-ның тек екеуіне ғана әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарынан орын бұйырған.
Зерттеулерге сүйенсек, түлектердің шамамен 35 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 40 пайызы оқу бітіргеннен кейін бір жыл көлемінде екі қолға бір күрек таппайды. Кейінгі кезде бизнес өкілдері де университеттерде кадр дайындау сапасы түсіп кеткенін айтып жүр. Демек, білім беру жүйесін жаңа сапа стандартымен қайта бағдарлап, нарыққа және халыққа қажет мамандарды оқытып, оларға практикалық жұмыс дағдыларын үйреткен дұрыс.
Үшіншіден, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу тетіктерін жетілдірген жөн. Жастар арасында жүргізілген сауалнамаларға сенсек, бизнесті несиелеудегі негізгі кедергі – банктердің борышты толық жабатын кепілдік сұрауы. Дүниежүзілік орташа статистикада жастар арасындағы жұмыссыздық 13 пайыздан аспайды. Бізде 28 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар – 3,8 пайыз немесе 84,7 мың адам. NEET жастарының үлесі – 7,3 пайыз. Олардың 30 пайызы жақсы жалақысы бар қызметтің тапшылығын алға тартады. Сол себепті уақыт оздырмай, барынша дабыл қағуымыз қажет.
Төртіншіден, жастарды баспанамен қамту мәселесі алаңдатады. Әрине, қазір жастардың «7-20-25», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында баспана сатып алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ жаңадан «Жас отбасы» жинақтау бағдарламасы ашылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмысшы жастар үшін алдағы үш жылда жалдамалы 9 мың пәтер салу жоспарланған. Алайда осы бағдарламаларға қатысу үшін жастарға бастапқы жарнаны жинау қиынға соғады. Жергілікті атқарушы органдар арқылы жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары жоқтың қасы. Зерттеу нәтижелері Қазақстан жастарының 18 пайызында ғана жекеменшік үйі бар екенін көрсетті. Ал қалған азаматтарға не кедергі? Ең алдымен жалақының аздығы мен бастапқы жарна көлемінің көптігі қолды байлайтын сияқты. Әрбір төртінші жас жалдамалы пәтерде, ал 52 пайызы ата-аналарымен бірге тұрады. Демек, жастардың, әсіресе жас отбасылардың баспанаға қолжетімділігін кеңейте түсу – кезек күттірмейтін шаруа.
Бесіншіден, жастардың тұлғалық дамуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына ерекше көңіл бөлу керек. Иә, өңірлерде оқушылар мен жастардың спорт сарайлары, коуоркинг орталықтары, кітапханалар, кинотеатрлар жұмыс істейді. Бірақ аймақтарда мұндай нысандардың иігілігі баршаға ортақ емес. Мысалы, СҚО-да – 33, БҚО мен Шымкентте – 3 стадион болса, Ақмола облысында – 369, Маңғыстау облысында 11 кітапхана бар. Көптеген қалада кинотеатр атымен жоқ. Сауалнамаға қатысқан ауыл жастарының 38,3 пайызы тұрғылықты жерінде ойын-сауық мекемелері ашылмағанын айтса, қалада бұл мәселені респонденттердің 63 пайызы атап көрсеткен.
Жастар мәселесі тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамтумен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы керек. Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға түзету енгізіліп жатыр. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Сондықтан келешектен оң өзгеріс күтеміз. Қазақстан – дарынды һәм жалынды жандардың мекені. Мағжан ақын жырлаған «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты», тәуекелшіл жастар барда тәуелсіз елдің тасы өрге домалай бермек.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты