Көкшетауда халық газсыз қалды
Көкшетауда халық газсыз қалды
205
оқылды

Көкшетауда жеті күннен бері біраз халық мүлдем газсыз отыр. Оған дейін де аптаның екі-үш күнінде тұрақты түрде көгілдір отын өшіп, жұрт  әбден қиналған. Жылдар бойы күнара өшіп қалатын газдың зар­дабын тартқан халықтың шағым­дан­баған жері қалмады. Бірақ көгілдір отынды тарататын «Газ Қызмет» айылын жимапты.

Биыл қыста, тіпті апталап газсыз отырған кездер  аз болмаған. Тұрғындар газ сұрап хабарласса, дөрекі жауап беріп, тіпті анайы сөздердің де айтылып жата­тынын  азаматтар жасырмады. Қыстың қытымыр ая­зын­да көгілдір отынсыз қалған көкше­таулықтар ащы жанайқайын бізге жеткізді. Мәселенің анық-қанығын білмек болып, зерттеп көрдік. Көкшетау қаласындағы Сәтбаев көшесі 16-үйдің тұрғындары газдың осыдан жеті жыл бұрын қосылғанын, «Газ Қызметке» тұрғындарды қосу мәжбүрлі түрде жүр­гізілгенін айтады. Олардың айтуынша, газға қо­сылу үшін әр пәтер 17 мың теңгеден тө­леген. Алайда көгілдір отын тек алғашқы жылы ғана дұрыс берілген. Кейіннен аптаның екі-үш күнінде газсыз отыру қалыпты жағдайға айналған. «Міне, бес күннен бері газсыз отырмыз. Газға уақытында төлем жасасақ та, әр апта­­ның кемінде екі күнінде газ болмайды. Күнара болмағандықтан,  ақысы да аз келе­ді. Есесіне, электр энергиясы үшін ай са­йын 7-8 мың теңгеден төлеп келеміз. Ал бұл үй кезінде экологтерге берілген. Тұр­ғын­дардың көпшілігі зейнет жасындағы адамдар. Олар коммуналдық төлемдерді уақытында төлейді. Газгольдерге құйған газ тез таусылып қалады. Оларға хабар­лассақ, телефондарын көтермейді, алса, жөндеп жауап бермейді. Көбіне дөрекі сөйлеп, телефон тұтқасын қоя салады. Олардың газ үшін төлейтін есепшоты да жоқ. Айдың 15-і күні газдың төлемін алуға бақылаушы келгенде үйде адам болмаса, бірден өсім­ақы есептейді. Ал өсімақы төлемнің 10 пайызымен есептеледі. Бұл заңға сәйкес келмейді. Сұрастырсақ, көрші орналасқан Ақан сері көшесіндегі 91-үйдің тұрғын­дары­ның қарызы көп. Ал екі үйге газгольдер ортақ екен. Бізге  көрші  үйдің тұрғындары қарызын төлетсе ғана газ қосылатынын айтты. Оның ақысы төленбей газ беріл­мейді. Ал төлемеген адамдар үшін біздің қандай кінәміз бар? Соны түсіне алма­дық»,– дейді Көкшетау қаласының тұр­ғыны Ольга Боргер. Ольганың айтуынша, екі жыл бұрын үйдің бірінші қабатында газдың иісі мүңкіп тұрған. Тіпті, үйден өрт шығып кетпес үшін подъездер мен пәтерлердің терезесін үнемі ашып отыруға мәжбүр болыпты. Бірақ тұрғындар газ таратушы ұйымға қанша хабарласса да, мәселе шешілмеген. Мәселе екі жылдан соң  шешілген. Ақан сері көшесі 91-үйдің тұрғындары да мәселенің шектен шыққанын жеткізді. Тұрғындар аталған жағдайды әлеуметтік желіде де жиі жазады. «Газ үнемі жоқ. Менің парақшамда 17 мыңнан астам тұрақты жазылушым бар. Ондағы пікірлерге қарасам, қаланың жартысына жуығы газ проблемасынан зардап шегіп келеді. Өткен жылдары шамамен он шақты рет газ болмай қалды. Ал биыл апталап газсыз отырмыз. Бірнеше рет  «Газ Қызметтің» кеңсесіне де бардым. Олардың айтатын сылтауы көп. Борышкер­дің көп екенін, кейде көліктердің газголь­дерді жауып тастай­тынын, яғни қардан өте алмайтынын айтады. Шынымды айтсам, қазір тамақ істеп ішуіміздің өзі мұңға ай­нал­ды. Қала әкімдігіне хабарласып, мәсе­леге араласуын сұрадық. «Олар бізге де сіздерге айтқандай жауап береді. Біз оларға ештеңе істей алмаймыз» деп жауап берді. Сонда біз  не істеуіміз керек?» – дейді Даша Наурызбаева есімді Көкшетау қаласының тұрғыны. Газдың зардабын тартқан халықтың ащы зары жайлы Көкшетау қаласы әкім­дігінен мән-жайды анықтамақ болдық. Әкімдік компанияға шаң жуытпады. Олар­дың айтуынша,  қала халқының  көгілдір отынға қарызы көп екен. Қала әкімдігі­нің мәліметінше, «Газ Қызмет» ЖШС-да 28 газ тарату қондырғысы бар. Көгілдір отын тартылған 80 көпқабатты үйде 5 257 адам тұрады. Олардың 2 909-ының үйінде газ бар. «Қала халқының көгілдір отынға қа­рызы көбейген. «Газ Қызмет» компания­сының мәліметінше, 1 ақпан­дағы жағдай бойынша 650 пәтердің жалпы қарызы 2,5 миллион теңгеден асады. Дегенмен тұты­ну­шылардың қордалан­ған қарызына қара­мастан ком­пания газ­голь­дерді толтыру үшін барлық шараны қа­был­дап келеді»,– деді Көкшетау қаласы әкім­дігінің баспасөз қызметі.   https://youtu.be/Ipx75aTVqQs Қалада орталықтандырылған газдың не себепті жиі болмайтынын «Газ Қызмет» компаниясының басшысынан білмек бол­дық. Бірақ әкімдік берген мәлімет пен газ таратушы компанияның берген дерегін салыстырсақ, абоненттер санындағы айырмашылық жер мен көктей. Алғашқыда компания басшысы бізбен тілдесуден мүлде бас тартып, тіпті кабинетінен итеріп шығармақ болды. «Ешқандай сұхбат бермеймін, тиісті басқарма мен қалалық әкімдікке барлық мәліметті бердім» деген «Газ Қызмет» ЖШС бас­шысынан аз мәліметті суыртпақтап әрең  алдық.  Компания басшысы газдың абоненттерден ағытылу себебін тұтыну­шылардың қа­рызы­ның шамадан тыс көптігімен түсін­дірді. «Қазір біз 49 көпқабатты үйге қызмет көрсетеміз. Жұрт тұтынған газы үшін ақы төлейді. Алдын ала төлем алмаймыз. Деген­мен жұрттың қарызы көп. Айлап-жылдап төлемейді. Бүгінде 2 миллион теңге нақты  қарыз бар. Учаскелік инспек­торлармен де, сот орындаушыларымен де бірге бардық. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Бақылаушылар келіп есебін тапсырып жатыр. Ал абоненттердің жартысынан астамы үйлерінде жоқ немесе төлемейді. Біз не істеуіміз керек? Басқа амал қалмады. Газ тек басым бөлігі төленген газголь­дер­лерге ғана беріледі», – дейді «Газ Қызмет» ЖШС-нің басшысы Марал Каркенова. Сонымен, шаһар басшылығы мен газ таратушы компания тұтынушылардың көпшілігінің көгілдір отынға қарыз бол­ған­дықтан  газдың берілмегенін түсіндірді. Қарыз төленбей, газгольдер іске қосыл­майды. Дегенмен уақытында төлем жасап, қарызын өтегендердің бо­рыш­керлердің кесірінен зардап шеккені түсініксіз. Мә­селе қалай шешіледі? Мұны біз алдағы уа­қытта да назарда ұстаймыз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы