Баланы сүндеттер кезде ВИЧ инфекциясына тексереді
Баланы сүндеттер кезде ВИЧ инфекциясына тексереді
289
оқылды

Міндетті экспресс-тест тегін жасалады.

Тәжікстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі баланы сүндетке отырғызар алдында ВИЧ инфекциясына тексеріп алуды тапсырды.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы директорының орынбасары Дилшод Сайбурхоновтың айтуынша, баланы ВИЧ-ке тексеру сүндетке отырғызарда ғана емес, кез келген хирургиялық ем-шара кезінде де міндетті түрде керек.

Бұрын тұрғындар баланы үй жағдайында сүндеттей беретін. 2017 жылы Президент Эмомали Рахмон балаларды инфекциялық ауруларды, соның ішінде ВИЧ жұқтырудан сақтау мақсатында   сүндетке отырғызу рәсімін медицина мекемесінде кәсіби хирургке жасатуға шақырған. Былтыр астаналық емханаларда баланы сүндеттейтін арнайы кабинеттер ашылды. Министрлік дерегінше, 81 мыңнан астам бала сүндеттеліпті.

Тәжікстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, соңғы жылда ғана елде балалар арасында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 130 жағдай тіркелген, оның 82-і ұл, қалғаны қыз балалар. Қазіргі таңда Тәжікстанда ВИЧ-инфекциямен 800 бала өмір сүріп жатыр.