Зейнетақы жинағына кімдер үй сатып ала алады?
Зейнетақы жинағына кімдер үй сатып ала алады?
5,329
оқылды

Қазақстанда 100 мыңнан астам адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалануға рұқсат алғысы келеді, – деп хабарлайды LS.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына белгілі ғалымдар, сарапшылар және басқалар кірді.

«Біз халықаралық тәжірибені зерделедік және президент әкімшілігіне зейнетақы жинақтарын пайдалану жөнінде ұсыныстар жасадық. Бәрі жинақ ақшаның мөлшеріне байланысты болатынын атап өткім келеді. Біз барлық қазақстандықтардың қалыпты қартайғанын қамтамасыз етуіміз керек. Яғни, адам зейнеткерлікке шыққан кезде өзінің жеке басындағы шотында оның қалыпты өмір сүруі үшін жеткілікті зейнетақы жинақтары болуы керек», – деді ол.

Сапарбаев бүгінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жас екенін айтты.

«Зейнетақы қорында есеп-шоттары бар қазақстандықтардың жартысына жуығы 1 миллион теңгеден аспайтын қаржы жинақталған. Ал жеткілікті сома шамамен 10 миллион теңгеден 12 миллион теңгеге дейін. Бізде мұндай адамдар саны 102 мыңға жуық», – деді Сапарбаев.

Оның түсіндіруінше, бұл адамдардың жинақ ақшасын тұрғын үйге немесе емделуге пайдалануына мүмкіндік береді. Жалпы халықаралық еңбек ұйымының талаптарына сәйкес зейнетақы шотында қаражаттың кем дегенде 40% -ы қол сұғылмайтын болып қалуы керек.

«Біз Сингапурдың тәжірибесін зерделедік. Біздің жинақтау жүйесінің 21 жыл, Сингапур мен Еуропа елдерінде 50 жыл бойы жұмыс істегеніне назар аударғым келеді. Ал халықтың кірісі біздікінен әлдеқайда жоғары. Тиісінше, жинақ көп деп ойлайды», – деп қорытындылады ол.