Ақпан айы еліміздің сот жүйесі үшін оңай болмай тұр. Бір емес, екі бірдей жемқорлық дерегі тіркелді. Бірі Қарағанды облысындағы оқиға болса, соңғы қолға түскені – Жоғарғы Сот судьясы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен қоса соттың өзіндік қауіпсіздік қызметі биыл коррупциямен күрес жұмыстарын жандандыра түскені байқалады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жайды «ең масқара жағдай» деп бағалаған болатын.
Ең масқара жағдай
Жағдайды баяндай өтсек, 6 ақпан күні түнде Антикор қызметкерлері Қарағанды облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Ержан Ғабдуллинді қолға түсіреді. Ол тиісті қаулы шығарып бергені үшін 30 мың еуро көлемінде пара алды деген күдікке ілінген болатын. Арнайы операция кезінде өз үйінде ұсталған судьядан пара ретінде берілген ақша алынды. Бұл лауазымда Ержан Ғабдуллин 2017 жылдың маусым айынан бері қызмет етеді. Оған дейін ол Ақмола облысы Ерейментау аудандық сотында жұмыс істеген болатын. Ғабдуллин күдікке ілінген тұста Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының «Қарағанды қаласы құрылыс бөлімі» ММ мен «КазМегаСтрой» ЖШС арасындағы қосымша келісімді мемлекет мүддесі үшін заңсыз деп тану туралы талап-арызын қарап жатқан болатын. Ал 11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемде ақша алу кезінде Жоғарғы Соттың судьясы Мейрам Жангуттинов ұсталды. Ол 8 000 $ көлемінде пара алды деп айыпталып жатыр. «Қаражат оның Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын басқа сотқа ауыстыруға жәрдем көрсеткені үшін берілген. Бүгінде Түркістан қаласында ақшаны беріп жіберген аудандық соттың судьясы да ұсталды» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. Кейін белгілі болғандай, Жангуттиновтың биылдан бастап Жоғары сот кеңесінің мүшесі емес екені анықталды. 2019 жылдың 26 ақпанынан бастап кеңес мүшелігіне тағайындалған ол 2020 жылдың 30 желтоқсаны күні өкілеттік мерзімінің бітуіне және ЖСК құрамын ротациялау қажеттігіне байланысты босатылған. Естеріңізге сала кетсек, сот жүйесің саласында Мейрам Жангуттинов 30 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан еді. Сондай-ақ Жоғары сот кеңесінің сайтында Жангуттинов қолдау көрсетті делінетін Түркістан аудандық сотының судьясы Л.Тұрғынбаева туралы да ақпарат жарияланды. Онда бірнеше рет Нұр-Сұлтан қаласына ауысуға талпынған судьяның ақыр соңында тек Түркістан облысы ювеналды сотына ғана ауыса алғаны айтылады. Алайда бұл ақпарат кейін кеңес сайтынан алынып тасталды. Оның жарияланғаны техникалық қате екені хабарланды.Қоғамды теңселтіп кетті
Осындай оқиғалар болып жатқан сәтте, кеше Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайтынын жеткізді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Мәселен, Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызып отыр. «Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы Соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы Соттың басшылығы осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде соттың қазылар алқасы шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметінен босатылған. Жалпы, судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, кәсібиліктің үстемдік құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, сот жүйесіндегі жемқорлық туралы ұдайы сөз болары заңды. Өйткені әділет іздегендердің соңғы инстанциясы парақорлықтың ұйығына батар болса, құқықтық мемлекет құрудағы сан жылдар бойғы есіл еңбегіміз жоққа шықпақ. Елбасының өзі бір жиында соттарда қателік жіберу деректерінің жиі кездесетіні, сот-медициналық сараптаманың фальсификацияға ұшырайтыны, төменгі инстанциялардың шешімінің жоғары инстанцияда Бас прокуратураның наразылығымен күшін жоятыны, судьялардың қылмыстық авторитеттерге либералды көзқараста екенін бұл жүйенің басты проблемасы ретінде атап өткен болатын. Сол уақытта айтылған сын биліктің бір тармағына қозғау салып жатса қуантары анық. Оны кешегі оқиғадан кейін көпшілік те аңғарғандай. Мәселен, Ринат Бикаев есімді қолданушы өзінің Facebook парақшасында «Судьялар ерекше қорғауға ие лауазымды тұлғалар. Сондықтан да оларды антикордың Жоғарғы Соттың Өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірігіп «төмпештеп» жатқаны – өте жоғары жетістік. Бұл бір жағы осы Арнайы мониторинг топтарының да еңбегінің жемісі деп білемін», – деп жазды. Ал Nureke никімен пікір қалдырған қолданушы «Бізде соттар – бөлек әлемде, халық бөлек әлемде өмір сүреді. Оны бөліп тұрған – оларға ерекше привилегиялардың берілгені. Егер олар халық алдында есеп беретін болса, мұндай жағдай болмас еді. Сондықтан да Жоғарғы Соттың төмен түскені дұрыс. Бұл оқиға осы бағыттағы бірінші қадам деп санаймын», – дейді. Әрине, Президенттің Жоғарғы Сотта болған келеңсіз жайт «қоғамды теңселтіп кетті» деген сөзінің жаны бар. Өйткені талайлар үшін арқа сүйер әділеттің асқар тауы саналатын бұл ведомствоның жемқорлық алдында осалдық танытқаны – «Қарағай басын шортан шалғаны». Қоғамдық қатынастардағы тепе-теңдіктің бұзылғаны. Әйтсе де, жемқорлыққа қарсы құрылымдардың қияндағыны қиын көрмей құрықтап тұрғаны, екінші жағынан қуантады да. Сондықтан да бұл жағдай теңселтіп кетті деумен қатар, көңілге медет сыйлап кетті дегеніміз де жөн болар.Нұрлан ҚОСАЙ