Судьяның сотталғаны – трагедия
Судьяның сотталғаны – трагедия
105
оқылды

Ақпан айы еліміздің сот жүйесі үшін оңай болмай тұр. Бір емес, екі бірдей жемқорлық дерегі тіркелді. Бірі Қарағанды облысындағы оқиға болса, соңғы қолға түскені – Жоғарғы Сот судьясы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен қоса соттың өзіндік қауіпсіздік қызметі биыл коррупциямен күрес жұмыстарын жандандыра түскені байқалады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жайды «ең масқара жағдай» деп бағалаған болатын.

Ең масқара жағдай

Жағдайды баяндай өтсек, 6 ақпан күні түнде Антикор қыз­мет­керлері Қарағанды облысы Ма­мандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Ержан Ғабдуллинді қолға түсіреді. Ол тиісті қаулы шығарып бергені үшін 30 мың еуро көлемінде пара алды деген күдікке ілінген бола­тын. Арнайы операция кезінде өз үйінде ұсталған судьядан пара ретінде берілген ақша алынды. Бұл лауазымда Ержан Ғабдуллин 2017 жылдың маусым айынан бері қызмет етеді. Оған дейін ол Ақ­мола облысы Ерейментау аудан­дық сотында жұмыс істеген бола­тын. Ғаб­дуллин күдікке ілінген тұста Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының «Қара­ған­ды қаласы құрылыс бөлімі» ММ мен «КазМегаСтрой» ЖШС арасындағы қосымша келісімді мемлекет мүддесі үшін заңсыз деп тану туралы талап-арызын қарап жатқан болатын. Ал 11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемде ақша алу кезінде Жоғарғы Соттың судьясы Мейрам Жангуттинов ұсталды. Ол 8 000 $ көлемінде пара алды деп айыпталып жатыр. «Қаражат оның Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын басқа сотқа ауыстыруға жәрдем көрсеткені үшін берілген. Бүгінде Түркістан қаласында ақшаны беріп жі­берген аудандық соттың судьясы да ұс­талды» делінген баспасөз қызметінің хабарлама­сында. Кейін белгілі болғандай, Жангуттиновтың биылдан бастап Жо­ғары сот кеңесінің мүшесі емес екені анықталды. 2019 жыл­дың 26 ақпанынан бастап кеңес мү­шелігіне тағайындалған ол 2020 жылдың 30 желтоқсаны күні өкілеттік мерзімінің бітуіне және ЖСК құрамын ротациялау қажет­тігіне бай­ланысты босатылған. Естеріңізге сала кет­сек, сот жүйе­сің саласында Мейрам Жан­гут­тинов 30 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан еді. Сондай-ақ Жоғары сот кеңесінің сайтында Жангуттинов қолдау көрсетті де­­­лінетін Түркістан аудандық сотының судья­­­сы Л.Тұрғынбаева туралы да ақпарат жа­­­­рия­­­­ланды. Онда бірнеше рет Нұр-Сұл­тан қа­­­­ласына ауысуға талпынған судь­яның ақыр соңында тек Түркістан облысы юве­­­нал­­­­­­ды сотына ғана ауыса алғаны айты­ла­ды. Алайда бұл ақпарат кейін кеңес сай­тынан алынып тасталды. Оның жа­рия­­лан­­ғаны техникалық қате екені хабарланды.

Қоғамды теңселтіп кетті

Осындай оқиғалар болып жатқан сәтте, кеше Мемлекет басшысы сот жүйе­сін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы сыбай­­лас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі фак­тор­лардың бірі деп санайтынын жет­кізді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Мәселен, Түр­кістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызып отыр. «Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы Соттың судьясы ұс­талды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жо­ғарғы Соттың басшылығы осы оқи­ғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде соттың қазылар алқасы шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметінен босатылған. Жалпы, судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалып­тасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заң­дылықтың, кәсібиліктің үстемдік құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра ала­мыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, сот жүйесіндегі жем­қорлық туралы ұдайы сөз болары заңды. Өйткені әділет іздегендердің соңғы ин­станциясы парақорлықтың ұйығына батар болса, құқықтық мемлекет құрудағы сан жылдар бойғы есіл еңбегіміз жоққа шықпақ. Елбасының өзі бір жиында соттарда қателік жіберу деректерінің жиі кездесетіні, сот-медициналық сарап­таманың фальсификацияға ұшырайтыны, төменгі инстанциялардың шешімінің жоғары инстанцияда Бас прокуратураның наразылығымен күшін жоятыны, судья­лардың қылмыстық авторитеттерге ли­­­бералды көзқараста екенін бұл жүйенің басты проблемасы ретінде атап өткен болатын. Сол уақытта айтылған сын би­­­ліктің бір тармағына қозғау салып жатса қуантары анық. Оны кешегі оқи­ғадан кейін көпшілік те аңғарғандай. Мәселен, Ринат Бикаев есімді қолданушы өзінің Facebook парақшасында «Судьялар ерек­­­ше қорғауға ие лауазымды тұлғалар. Сон­­­­дықтан да оларды антикордың Жо­ғарғы Соттың Өзіндік қауіпсіздік қыз­метімен бірігіп «төмпештеп» жатқаны – өте жоғары жетістік. Бұл бір жағы осы Арнайы мониторинг топтарының да ең­­бегінің жемісі деп білемін», – деп жаз­ды. Ал Nureke никімен пікір қалдырған қол­­­­данушы «Бізде соттар – бөлек әлемде, ха­­лық бөлек әлемде өмір сүреді. Оны бө­ліп тұрған – оларға ерекше привиле­­гиялардың беріл­гені. Егер олар халық ал­­­­дында есеп бе­ретін болса, мұндай жағ­дай болмас еді. Сон­­дықтан да Жоғарғы Соттың төмен түскені дұрыс. Бұл оқиға осы бағыттағы бірінші қадам деп санай­мын», – дейді. Әрине, Президенттің Жоғарғы Сотта болған келеңсіз жайт «қоғамды теңселтіп кетті» деген сөзінің жаны бар. Өйткені талайлар үшін арқа сүйер әділеттің асқар тауы саналатын бұл ведомствоның жем­қорлық алдында осалдық танытқаны – «Қарағай басын шортан шалғаны». Қо­ғамдық қатынастардағы тепе-теңдіктің бұзылғаны. Әйтсе де, жемқорлыққа қарсы құрылымдардың қияндағыны қиын көр­мей құрықтап тұрғаны, екінші жағынан қуантады да. Сондықтан да бұл жағдай теңселтіп кетті деумен қатар, көңілге медет сыйлап кетті дегеніміз де жөн болар.

Нұрлан ҚОСАЙ