Шымкент қаласының іргесіндегі Ордабасы ауданына қарасты Қайнар ауылының тұрғыны Бақытжан Әсембеков кәдімгі жауынқұрт өсіріп, қыруар пайдаға кенеліп отыр. Кәсіптің ерекше түрін таңдаған Бақытжан бүгінде оны ауылдастарына үйретуден жалықпайды. Иә, алғашында мұндай кәсіптен мол қаржы табуға болады деген сөзге мысқылмен күлгендер, әзілдеп сенбегендер көп болыпты.
Калифорниялық жауынқұрт туралы жергілікті басылымдардың бірінен облыс аумағында тұратын қарияның кәсібі жайлы жазылған мақаладан білген. Бірақ қария құртты табыс табу үшін емес, өз қажеті үшін өсіреді екен. Осы жайт туралы оқыған соң бұл іске қызығушылығы артады. «Тақырып мені қатты қызықтырды. Себебі біздің өңірдің топырағы сазды. Сондықтан оның құнарын биогумус, яғни органикалық тыңайтқыштың көмегімен немесе ауылшаруашылық қалдықтарын жауынқұртпен өңдеу көмегімен жақсартуға болады. Мен әлгі қарияны іздей бастадым. Тапқан күнде де ол Америкадан баласы әкелген құрттарды маған сатудан үзілді-кесілді бас тартты. Оны біраз үгіттеуге, өзімнің осы істі түбегейлі атқаратынымды айтып сендіруге көп уақыт та жұмсадым. Кейін 50 теңгеден 200 құрт сатып алдым», – дейді ол. Бұл Бақытжанның жауынқұрт кәсібінің алғашқы қадамы болатын... Жас жігіт 9 айдан соң әлгі жердегі құрттарды тексеріп көруге бел буды. Ашып санаса, мұнда баяғы 200 құрт емес, оның саны 15 мыңға жеткенін көріп таңданғанынан шалқасынан құлай жаздайды. Сөйтіп, бар болғаны 9 айда бірнеше еселеп көбейген құрт өсіру ісіне біржола кіріседі. «Сол кезде олардың тез көбейетінін түсініп, бұл іспен байыпты айналысуға бел будым және 2 досымды тарттым. Ол кезде вермикультивация туралы ақпаратты ғаламтордан табу қиын болды. Форумдар мен кітапханалардан біртіндеп ақпарат жинау қажет болды», – дейді ол. Бақытжан Әсембеков кейін Өскемендегі құрт өсіретін алып вермифермасынан жаңа партия сатып алды. Бүгінде оның жерінің әр шаршы метрінде 50 мың жауынқұрт бар. Олардың арасында ересегі, жасы және кокондар мен жұмыртқалар да бар. Ол алынған 400 мың криппилянттардың көпшілігін өзі үшін сақтап, қалған бөлігін серіктесіне берген. Құрттарды қоректендіру үшін ол жерге жүк көлігімен жартылай шіріген сәбіз түсіреді. Оған сабан, көң қосады. Мұндай қоректік тағамдарды ауыл тұрғындары қажетсіз зат ретінде қуана-қуана өткізеді екен. Есесіне құрттар мұндай жерде белсенді жұмыс істейді. Бүгінде құрт тілін жақсы меңгерген Бақытжан «олардың адамдардан айырмашылығы: ауырмайды, шаршамайды, ұстаудың ерекше жағдайларын қажет етпейді», – дейді. Бар болғаны тамақ, қараңғылық пен тыныштық болса жеткілікті. Орта есеппен 15 жыл өмір сүретін олар ұзақ жасағанда бір құрт 1,5 тонна қалдық шығарады екен. Бір күн ішінде бір ересегі өз салмағына тең болатын органикалық заттарды өңдей алады. «Өзім осы кәсіпке тартқан бір жолдасым мұны баға алмады ма, біразынан айырылып қалды. Бір жылдың ішінде құрттың санын 4 миллионға жеткіздім. Әрине, кез келген бизнесте оған бар жан-тәніңмен беріліп, аса мұқият жұмыс істеуің керек. Теория мен тәжірибенің айырмашылығы жер мен көктей. Кейбір қателіктерімді мойындай отырып, өзімді дамытумен келемін. Қыста құрттарды биіктігі бір жарым метрлік үйіндіге орналастыру керек. Бірақ осы тұста мен өте маңызды сәттен мүлт кетіппін. Негізі, компостты ашыту керек екен. Бұл ашыту процестері кезінде көңде 60° C дейінгі температурада жүретін бактериялар мен дернәсілдер өледі. Ал мен ашытпай үстіне су құйып, фольгамен жауып қойған едім. Салдарынан 10 млн құрттың оннан тоғызынан айырылып қалдым», – дейді ол. Иә, кейбір кішігірім қателік үлкен шығындарға алып келді. Құрттар өмір сүретін топырақтың ылғалдылығы кем дегенде 70 пайызды құрауы тиіс. Омыртқасыздарға шамадан тыс ылғал да зиянды. Бақытжан күндердің бір күнінде вермикультивация саласындағы әйгілі орыс ғалымы И.Титовпен кездесті. Мұндай мүмкіндікке тектен-тек қол жеткізген жоқ. Өзіне сапалы шикізат қажет болғандықтан, Алматыдағы топырақтану институтына сұйық биогумус өндірісінің технологиясын енгізген болатын. Хабарландыру бойынша институт өкілдері Б.Әсембековке хабарласқан. Әйгілі орыс ғалымымен сонда танысқан ол ғалымды өз фермасына да алып келді. Игорь Николаевич Бақытжан фермасындағы биогумус сапасын жоғары бағалады. Жас кәсіпкер бір құртты жылына 50 есеге көбейтуге болатынын айтады. Тіпті, оның бір шәкірті құрттың санын бір жылда 70 есеге дейін көбейткен. Күтіміне ерекше назар аударған сайын еселеп пайда табуға болатынын дәлелдеп отыр. Бір «КамАЗ» көңді небәрі 6 мың теңгеге сатып алу арқылы құрттар шығаратын вермикомпостты 250 мың теңгеге сатуға болады екен. Бақытжан осы уақытқа дейін туыстарының жылыжайының жанындағы жер учаскесінде құрт өсірумен айналысса, өткен жаздан бастап бұрынғы құс фабрикасының бос ғимаратын жалға алады. Ай сайынғы жалдау ақысы – 150 мың теңге. Қазір құрт фермасында 30 млн калифорниялық құрт бар. Вермикомпост, әсіресе қазір көшет өскен кезде жылыжай кешендерінің иелері арасында үлкен сұранысқа ие. Органикалық көкөністер осы органикалық өнімде өседі. Одан бөлек, омыртқасыздар құс еті үшін керемет қоректік тағам және рекреациялық балық аулауда тиімділігі жоғары жем ретінде кеңінен қолданылады. Бүгінде құртқа сұраныс көп. Миллион құрт алатындар үшін оның бағасы 4 теңгеден деп белгіленген. Бақытжан мамыр айының соңына дейін 10 млн құрт дайындауды жоспарлап отыр. Бүгінде осынау кәсіпке қызығушылық танытып жатқандар да көбейе бастаған. Верми-фермерлер өзара сұхбат құрып, тәжірибе алмасып тұрады екен. Енді ол осы кәсіпке қызығушыларға семинарлар мен ақпараттық турларды ұйымдастыруды, вермикультура бойынша арнайы нұсқаулық шығаруды және YouTube арнасын ашуды жоспарлап отыр.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы