Кез келген елдің табысты дамуының маңызды шарттарының бірі — адамдарды өмір бойы өз машықтары мен құзыреттерін дамытуға, жетілдіруге ынталандыратын тиімді мемлекеттік саясат жүргізуге қажет адами капиталды жинақтау, сақтау және дамыту.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, өз кезегінде, жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде бірлескен үздік тәжірибе мен құқық қорғау қызметінің ерекшелігін үйлестіру негізінде HR менеджментті енгізуді айқындады. Осы жұмыста басты назар сараланған оқытуға бағытталған. Қызметкерлердің біліктіліктерін арттыратын және жаңа дағдыларын дамытатын алдыңғы қатарлы оқу орындарының пулы қалыптасты.
Талант-менеджмент элементтері енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте студенттік тағылымдамадан өтудің жаңа форматын енгізу – өзекті міндеттердің бірі.
Қызметкерлердің жаңа генерациясын қалыптастыру, сонымен қатар жастар жылын қолдау мақсатында, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 30 жаңа тұлғасы» атты рекрутингтік жоба іске асырылды.
Офицерлердің базалық лауазымдарына конкурстар өткізілді. Шетелдік білімі, ғылыми дәрежесі бар, ірі корпорацияларда тәжірибе, шет тілдерді, жобалық менеджмент, корпоративтік басқару білімдерін меңгерген және т.с.с. үміткерлерге басымдықтар берілді.
Агенттіктің кадр жұмысындағы жаңашылдық қызметкерлердің дербес парасаттылық карталары болып отыр. Бұл жеке құрамның адал, салауатты, әлеуметтік жауапты және әдепті өмір салтын сүру уәждемесінің бірегей жаңа құралы. Карта 5 блоктан тұрады: заңға құлықтылық, қаржылық таным, әлеуметтік жауапкершілік және әдепті өмір сүру салты. Осылайша, агенттік қызметкерлерде мейірімділік, жанашырлық, өзін-өзі жетілдіруге тырысуын дамыту ісіне бағыт алды.
Қызметкерлердің парасаттылығын жасанды интеллект негізінде жауаптардың дұрыстығын бет қимылы, жүректің қағу қарқыны және басқа да психофизиологиялық өлшемдер бойынша тексеретін израильдік технологияны пайдалана отырып сынау тәжірибесі пилоттық режимде іске қосылды. Алкоголь, есірткі және психотропты заттарды қолдану, құмар ойындарға әуестік, жасырын ақпаратты ықтимал ашу, парақорлық және жұмыс орнындағы жымқыруға тексеру жүзеге асырылады. Осылайша, әр қызметкердің парасаттылығының толыққанды бейіні қалыптасатын болады.
Агенттік бөлімшелерінде студенттік тағылымдаманы ұйымдастыру қайта қарастырылуда. Олар, шын мәнінде, тәжірибеге бағдарланған және қызықты болады. Біз осы арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке талантты жастарды тартқымыз келеді. «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Өзекті құзыреттерді қалыптастыру үшін, қызметкерлерді үздіксіз оқыту және біліктіліктерін арттырудың заманауи жүйесі құрылатын болады.
Басты назар тек кәсіби білімді жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар икемді дағдыларды дамытуға да аударылатын болады. Бұл жерде әңгіме креативтілік, тілтабысқыштық, сыни ойлау, көшбасшылық, топта жұмыс істеу, нәтижеге бағдарлану туралы.
Осыған орай, Кадр жұмысы департаментінің қызметі Қазақстанның, жақын және алыс шет елдердің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен сындарлы әрі әріптестік қатынастар құруға бағытталатын болады.
Қорыта айтқанда, Принстон университетінің профессоры Фредерик Харбисонның сөздерін еске алсақ: Адами ресурстар ел байлығының басты негізі болып табылады. Капитал және табиғи ресурстар – өндірістің бәсең факторлары; ал адамдар – оның капитал жинақтаушы, табиғи ресурстарды пайдаланушы, әлеуметтік, экономикалық және саяси ұйымдарды құрушы және даму процесін ілгерілетуші белсенді бөлігі. Адамдардың білімі мен қабілетін дамыта білмейтін және оларды экономикада тиімді пайдалана алмайтын ел басқа бастамаларда да сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан білім беру мәселесі – бұл жай ғана мәлімдеме емес, оның іске асырылуына Мемлекет басшысының Жолдауын орындау барысы тығыз байланысты болатын бағыт.
Нұрлан ЖАҚСЫМБЕТОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Кадр департаментінің директоры