Биыл қысқы медиа мектеп жұмысын онлайнда бастады. Іс-шара Qazaq Radiosy-ның 100 жылдығы мен Бүкіләлемдік радио күніне арналды. «Қолжетімді радио әр тұрғынға және барша халыққа: COVID-19 пандемияға қарсы күресте» тақрыбында өткен VІІІ халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебінің ашылу салтанатында Журналистика факультетінің деканы С. Медеубек сөз сөйледі. Ол 100 жылдық ұнжарияның қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Онлайн жүздесуге Нұр-Сұлтан қаласынан «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бурахан бастаған радио ұжымы, еліміздің өңірлерінен, Еуропа, АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен практик мамандары, журналистика факультеті студенттері мен оқытушы-ғалымдары қатысты.
Радионың адамзатты ағарту мен ақпараттандырудың теңдессіз құралы екендігін атап өткен Ернұр Көшерханұлы 100 жылдықтың аясында әуе толқынында тыңдарманына жол тартқан жаңа бағдарламалар туралы атап өтті. Пандемия жағдайында журналистерге шығармашылық мүмкіндіктің берілуі, қашықтан радио жұмысын ұйымдастырудың қызықты кейстерімен бөлісті. Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы маманы Сергей Карпов Бүкіләлемдік радио күнінің жаһандық күн тәртібін атады. «Жаңа радио. Эволюция. Инновация. Тоғысу». ЮНЕСКО көтерген басты тақырыптар аясында радионың төтенше жағдайдағы адамдардың өміріне араша, қатерге тосқауыл боларлық күші аталды. ҚР БҰҰ Жаһандық коммуникация департаменті өкілі Властимил Самек репортерлердің локдаун күндеріндегі жұмысын ерлікпен теңеді. Жұқпалы аурумен күресте радио шынайы ақпарат таратудың шұғыл, сенімді, бұқаралық құралы саналды. Медиа шараның спикерлері қатарында Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай, Комениус университетінің профессоры Владимир Бацисин, Алтай мемлекеттік университетінің журналистика теориясы мен практикасы бөлімінің меңгерушісі, профессор Елена Васильевна Лукашевич, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы Дүйшекеева Айна Талғарбекқызы, Өзбекстан Мемлекеттік Әлем Тілдері Университетінің Халықаралық журналистика факультетінің деканы Амрулло Каримов, Тәжікстандағы Славян университеті доценті Шаходат Сайбназарова қатысып, ұлттық радионың дамуы жайлы сөз сөйледі. Қысқы мектеп жұмысы жалғасуда.Гүлмира Сұлтанбаева