Қостанай облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталығында арнайы 26 ит бар. Олардың әрқайсысына жеке кинолог бекітілген. Иттердің біреуін есірткі, біреуін жарылғыш заттар іздеуге баулыған. Бірақ жануарлардың негізгі бөлігі қылмыскерлерді іздеу үшін үйретілген. Бұл туралы Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылдың 5 қаңтарында кешкі сағат 9-да Қостанай ауданының Тобыл қаласында бейтаныс адам жеке үйдің ауласына қоршау арқылы кіріп, кіреберістегі пластикалық есіктің әйнегін сындырған. Бұны естігне үй иесі полицияға қоңырау шалған. Бірақ, қаскүнем жасырынып үлгерген.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Полиция қызметкерлері инспектор-кинолог Қайрат Бейсембин және ПД КҚКО кезекшісінің көмекшісі полиция аға сержанты Сәдібек Сейдахметов оқиға болған жерді дереу тексеруге кіріседі. Сондай-ақ, іздеу жұмыстарына Граф атты тәжірибелі иттердің бірі қатысты. Зерттеу радиусы 3 километрге жетті.
– Біз бұл үйдің маңайын тінтідік, бірақ күдікті табылмады. Бірақ, кенет алдымыздан бір ер адам кезікті. Оны көрген Граф қатты үре бастады. Ер адамды тоқтатып, тексеру кезінде пышақ пен бұрағыш табылды, – дейді полиция лейтенанты Қайрат Бейсембин.
Содан кейін арызданушы күдіктіні бірден таныды. Ол бұрын сотталған 32 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
– Граф – кинологиялық орталықтағы ең қабілетті иттердің бірі, – деп атап өтті облыстық кинологиялық қызмет орталығының бастығы Сергей Фахрутдинов.
Тек өткен жылы ғана иттердің көмегімен 960 қылмыс ашылды, оның ішінде криминалдық полиция желісі бойынша – 557.
– Жақында тағы бір қылмыс ашылды. Оқиға орнына келген КҚО кіші инспекторы Олжабай Шаяхметов Рекс атты қызметтік итті қолданып, оқиға орнынан 700 метр қашықтықта 34 жастағы күдікті анықталды. Ол көршісінің бензинді дәнекерлеу лампасын ұрлап кеткен.