Түркістан облыстық сотының аппеляциялық алқасы журналист Амангелді Батырбековті кінәсіз деп танып, ақтап шықты.
Айта кетейік, 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековті жала жапқаны және қорлағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Журналисті айыптауға Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиевтің шағымы негіз болған. Ол журналистің Facebook әлеуметтік желісінде «Келестегі кеңкелестік» деген тақырыппен жариялаған жазбаларын айыптап, «ар-намысыма тиді, қорлады» деп сотқа арызданған.
Атап айтар болсақ, аудандық сот Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп таныған болатын. Осылайша, сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 200 мың теңге моральдық және 567 500 теңге материалдық шығын, сонымен бірге журналистен жәбірленушілерге өтемақы қорына 37 857 теңге, ал мемлекет пайдасына 6 937 теңге өндіріп алу туралы үкім шығарған.
Алайда А.Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова мен адвокаты Шынар Ермекова аудандық сот істі қарағанда қателіктер жіберді, талап-тілектер ескерілмеді деп санап, Шымкенттегі сот сараптамасы орталығына қайта хат жолдаған.
Оған қоса халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымдары да журналистің өз пікірін білдіргені үшін сотталуына наразылық білдіріп, істі қайта қарау туралы мәлімдеме жасады.
Еске салайық, 20 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі жала жабу туралы бапты Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Азаттық радиосы хабарлағандай, журналист Амангелді Батырбековтің кінәсіз деп танылуын халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF) да жылы қабылдаған.