Нұрбала Бақтиярқызы: Пневмонияға шалдыққыңыз келмесе...
Нұрбала Бақтиярқызы: Пневмонияға шалдыққыңыз келмесе...
5,115
оқылды

Қытайда анықталмаған этиологиядағы пневмония­ның белең алуы жайлы ақ­парат елді дүрліктірді. Көп­шілігі егу мен алдын алу ша­­ралары туралы толық­қан­ды жауап алғысы келді. Осы орайда, Қазақстанның Денсаулық сақтау министр­лігіне қарасты Қоғамдық ден­саулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы ауру­лардың алдын алу депар­таментінің маманы Нұрба­ла Бақтиярқызымен сұх­баттастық.

– Бәрімізге белгілі қазір Қы­тайда пневмония дертіне шал­дыққандар көп. Осы ретте пнев­мония жайлы түсінік берсеңіз?

– Пневмония – өкпенің қа­бынуы. Бұл кезде зақымдану өкпе тінінің барлық құрамдас бөлігіне таралады. Ауру қақы­рықпен, қатты жөтелмен, кеуде қуысының ауруымен, әлсіз­дікпен, тем­ператураның күрт жоғарылауымен және тер­шең­дікпен сипатталады.

Пневмонияның басты бел­гілері – жөтел және кеуде қуы­сындағы ауырсыну. Олар ауру­дың этиологиясына және оның түріне байланысты қандай да бір симп­томдармен қатар жүруі мүмкін.

– Ал пневмококкты қоздыруға сыртқы фактор әсер ете ме?

– Жалпы, пневмококк – бұл стрептококк түрінің қысқар­тыл­ған атауы. Бұл қоздырғыш адам­да бірқатар ауру тудыруы мүмкін. Өкпеге түскен кезде ол пнев­монияға (өкпенің қабынуы) ай­налады. Қанға түсіп, бакте­риемия (сеп­сис) немесе ағзаның тіндері мен сұйықтықтарына еніп, мысалы, ми қабықтарында пневмококкты менингит туды­руы мүмкін. Сон­дай-ақ пнев­мо­кокк орта құлақтың іріңді қабы­нуының (орта отит) және мұрын қуыстарының қа­бынуының (си­нусит) негізгі се­бебінің бірі.

Ал пневмонияға, яғни өкпе қабынуына әсер ететін бірнеше сыртқы фактор бар. Атап айт­сақ, созылмалы аурулар (қант диабеті, тыныс алу органдары­ның ауру­лары, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, онко­ло­гиялық аурулар, ЖИТС), қатты тоңазу, темекі шегу, маскүнемдік, нашақорлық, нашар желдеті­летін үй-жайларда (кеңселер және т. б.), сондай-ақ өндірісте жұмыс гигиена ереже­лерін сақ­тамау және тағы бас­қалар себеп бола алады.

– Вакцинация жайына тоқ­талсаңыз. Елімізде екпе салу жиі­лігі жүйелі ме?

– Қазақстан Республи­касы­ның бекіткен Ұлттық егу күнтіз­бесіне сәйкес пневмонияға қар­сы екпені балаларға 2-4 ай­лығында және 12-15 айлық ара­лығында егеді. Пневмококк жұқпасына қарсы екпе егу көр­сеткіші 2019 жылдың 11 айына республика бойынша 87,5 па­йызды құрап отыр. Елімізде кең таралған ауруларға қарсы бар­лық белгілі вакциналар жи­нақ­талған. Соның ішінде ең озық деген 13-валентті пневмококкты инфекцияға қар­сы вакцина бар. Ол 13 аса пато­генді серотиптерді, яғни пнев­мо­коккты қамтиды. Жалпы, әр ел­дің өзінің бекітіл­ген профилакти­калық егу күн­тізбесі болады. Елі­міздің өмір сүру деңгейі жо­ғары болған сайын, егу жүргізі­летін жұқпалы аурулардың тізімі толығады.

– Алдын алу шаралары қандай сатыдан тұрады?

– Пневмониядан сақ болу үшін бірнеше ережелерді ұстану қажет. Үй-жайды үнемі желдетіп отыру, әсіресе балалар бөл­ме­сінде қалыпты температура мен ылғал­дылықты сақтау маңызды. Қоз­ғалыс режимін сақтап, таза ауада серуендеумен бірге қа­лыпты фи­зикалық жүктемелер ауырып қа­лудан сақтайды. Жалпы, нығайту іс-шараларын жүргізген жөн. Мәселен, про­фи­лактикалық мас­саж, шынығу мен су процедура­ларын қабыл­дау қажет. Салауатты өмір сал­тын ұстану – сау жүрудің кепілі. Зиянды әдеттерден бас тарт­саңыз игі. Қалыпты дене жүк­темелерімен толыққанды де­малысты ауыстыру керек. Қатты салқын тигізіп алмаңыз. Меди­циналық тексерістен жиі өтуді ұмытпаңыз. Тыныс алу орган­дарының созылмалы ауруларын емдеу курсына уақытылы ба­рыңыз. Сонда ғана аурудан іргеңізді аулақ саласыз.

– Қазір Қазақстанда қанша адам пневмониямен ауырады. Нақты саны белгілі ме?

– Жалпы, Жұқпалы ауру­лардың алдын алу департаменті жұқпалы аурулар бойынша мо­ни­торинг жүргізеді. Пневмония бо­йынша нақты ақпарат бере алмай­ды. Пневмониямен ауыр­ғандар санын өңірлік денсау­лық сақтау басқармаларынан білуге болады.

– Аталған ауру балалар өлі­міне басты себеп екен. Сәби өмі­ріне ара­ша түсе аламыз ба?

– Балалардағы пневмония­ның алдын алу ерекшеліктері бар. Балаларда аурудың алдын алу үшін иммунитетті барынша ны­ғай­тудың маңызы зор. Ол үшін елімізде бекітілген күн­тізбеге сәйкес екпелерді уақы­тылы алу керек. Өйткені ауыр ауруларға қарсы уақытылы вак­цинациялау ағзаға қоз­дырғыш­тарымен күре­суге күш береді. Осы орайда, дене белсенділігін ескерген дұрыс. Себебі физи­калық жүктемелер денені то­нуста ұстайды, бұлшық ет жү­йесін дамытады. Сондықтан балалармен таза ауада жиі се­руендеу қажет. Ата-анаға берер кеңесім, баласымен күніне екі рет далада серуен құрсын, бірақ сал­қын тигізіп алудан абай болыңыз. Ал массаждың ұшан-теңіз пай­дасы бар? Массаждың арқасында балаларда қан ай­налымы дұрыс­талады, имму­нитет нығаяды. Иммунитеті мық­ты бала кез кел­ген ауруға тосқауыл қояды. Де­ген­мен кез келген ем-шара, мас­саж қабыл­дау алдында дәрігердің кеңесі міндетті түрде қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ