Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана қоры құнды мың кітаппен толықты. Оны «Атамұра» корпорациясы сыйға тартты.
Табысталған кітаптардың қатарында «Атырау», «Қарағанды», «Маңғыстау», «Ақмола», «Астана» сияқты аймақтық энциклопедия, белгілі қазақ ғалымдарының және қоғам қайраткерлерінің еңбектері мен тарихи дүниелер бар.
– Көпшілік бізді оқулық шығаратын баспа ретінде біледі, шын мәнінде «Атамұра» корпорациясы – көпсалалы, полиграфияның барлық түрімен айналысатын бірнеше мекеменің басын қосқан үлкен корпорация. Соның бір саласы – көркем әдебиет шығару. Бүгінде екі сериямен кітаптар шығару жалғасып жатыр. Біріншісі, «Атамұра кітапханасы» деп аталады. Ол ұлы Абай атамыз, М.Әуезовтен бастап қазіргі классик жазушыларымыздың еңбектерімен жалғасын табуда. Екіншісі, «Атамұра мектеп кітапханасы». Бүгін баспада жарық көрген құнды кітаптарды әкеліп отырмыз. Бұл іс өзге баспаларға да үлгі болса деген тілегіміз бар, – дейді «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед.
Бүгінге дейін «Атамұра» корпорациясы еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ және орыс тілдеріндегі «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптарын басып шығарған. Сондай-ақ «Атамұра кітапханасы» сериясымен 150-ден астам ақын-жазушылардың туындылары, балалар әдебиетін қолдау, насихаттау мақсатында «Атамұра мектеп кітапханасы» сериясымен бүлдіршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітаптар, ертегілер, мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық кітапшалар басылып шыққан.
– Аталған кітапханаға күнделікті 3 мыңнан аса оқырман келеді. Қорда 122 тілде жазылған 7 миллиондай кітап бар. Оқырмандардың 70 пайызы жастар. Сондықтан қазіргі заманғы кітаптарға сұраныс жоғары, оның ішінде тарихқа, салт-дәстүрге қатысты көп іздейді, – дейді Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова.
Ал мәдениеттанушы, ғалым Мұрат Әуезов кітапханаға сыйға тапсырылған кітаптардың сапасы да, мазмұны да жоғары екенін айтып өтті.
Әділ БЕК