Балет бишілері жиырма жылдық еңбек өтілімен зейнет демалысына шығу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін бишілер жиырма жыл жұмыс істеген соң демалу туралы шешім қабылдаса, яғни жұмыстан шықса, зейнет жасына дейін жалақысының 60 пайыз көлемінде ай сайын мемлекеттен төлемақы алып отырады.
Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаевтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет туралы заңын жаңа баппен толықтыру туралы ұсыныс енгізген. Бұл бастама қолдау тауып, Мемлекет басшысы қол қойды.
«Бұл қаржыны соңғы жұмыс орнының 3 жылдағы жалақысының мөлшеріне қарай есептейді. Бірақ сол жылғы 109 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Ал зейнет жасына толған балет әртісіне бұл әлеуметтік қолдау тоқтатылып, жалпыға бірдей зейнетақы төлеу тәртібіне көшеді.
Мәдениет туралы заңдағы кәсіптерінің айрықша ерекшелігі бар әртістерге ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде мемлекеттік-әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылатын жаңа 15-1-баптың тиімділігі зор. Мәселен, балет әртістерінің сахнадағы 20 жылдық еңбегі еш кетпей, төлемақы алуы – бір жағынан еңбектің бағалануы болса, екіншіден, болашағына алаңдамауына септігін тигізеді әрі театрға әрдайым жас әртістердің келіп, сахнадағы жаңа буынның уақытылы алмасып отыруына жағдай жасалады», – дейді министрдің кеңесшісі.
Еңбек өтілімен зейнет демалысына ерте кету туралы шешім қабылдаған балет бишілерінің ай сайынғы «зейнетақысы» республикалық бюджет есебінен, Мәдениет және спорт министрлігінің бюджеттік бағдарламалары арқылы облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджеті есебінен төленеді. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары «ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда көзделген мөлшерде және тәртіппен аударылады.
Балет бишілерін зейнет демалысына ерте жіберу туралы мәселені қазақ балет өнерінің майталманы Болат Аюханов жиі көтерген болатын. Ол бір сұхбатында «Қырық бес жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып, әрең билеп шыққанмын. Ал 45 жастағы әйел қандай кәсіби биші болсын, жас кезіндегідей билей ала ма, өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлай ала ма? Осыны ойламайтын Үкіметте ұят бар дегенге сенбеймін», – деген еді.
Ерлан Жұрынбаевтың айтуынша, министрлік Ақтоты Райымқұлованың жетекшілігімен үрмелі музыкалық аспаптар мен цирк әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдер жасау мәселесін де пысықтап жатыр. Алдағы уақытта аталған өнер иелерінен сүйінші сұрайтын да сәт туар деген үмітіміз бар.
Тұмар МЫРЗА