Үш жыл бойы көлік ұрлап жүрген жігіт ұсталды
Үш жыл бойы көлік ұрлап жүрген жігіт ұсталды
5,093
оқылды
Павлодарда үш жыл бойы көлік ұрлап жүрген 22 жастағы жігіт ұсталды. Ол Ақсу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды,– деп хабарлады Рavlodarnews.kz. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті қылмыс жасауға мұқият дайындалған және неміс өндірушісінің көлігін алдын ала таңдап, көлікті ұрлау бағытын жоспарлаған.
«Ұрлық сағат 02:00-ден 03:00-ге дейін жасағаны анықталды. Тек «Ауди 80» маркалы автокөліктерді айдап кетіп жүрген. Өйткені мұндай көліктердің қосалқы бөлшектері нарықта сұранысқа ие», – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров. Бастапқыда ол ұрланған көліктердің бөлшектерін OLX ақпараттық жүйесі және «Ауди» әуесқойлар тобы арқылы сатып жүрген.
Сотқа дейінгі тергеу барысында жедел уәкілдер 2019, 2020 және 2021 жылғы қаңтарда Павлодар облысының аумағында  тіркелген автокөлік ұрлығының 6 фактісіне ұсталған ер адамның қатысы барын анықтады.