Үй қымбаттайды – «7-20-25», «Нұрлы жер» әсер етіп отыр
Үй қымбаттайды – «7-20-25», «Нұрлы жер» әсер етіп отыр
5,196
оқылды

Қазақстанда үй бағасы қымбаттайды, – деп хабарлайды inbusiness.kz.

Дереккөздің жазуынша, жылжымайтын мүліктің қымбаттауына «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламалары мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық бағдарламалары себеп болып отыр.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, оның бірнеше себебі бар. Әуелі, бағаның көтерілуіне мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары ықпал етеді.

«7-20-25», «Нұрлы жер» сияқты бағдарламалардың арқасында нарықта сұраныс артып, баспана сатып алғандар көбейді, – дейді мамандар. Бұл өз кезегінде пәтердің қымбаттауына алып келмек.

Бұдан бөлек, елімізде құрылыс материалдары жеткілікті дәрежеде өндірілмейді.

Яғни құрылыс үшін қажетті материалдар сырттан тасылады. Сондықтан баға валюта бағамына да байланысты дейді сарапшылар.

«Баға сәл көтерілуі мүмкін. Себебі, нарықта жақсы пәтер аз. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың талаптарына сай келетін үй аз. Биыл ақпан айындаТұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтер алуға жақсы бюджет бөліп отыр. Дегенмен олардың талаптарына сай келетін пәтерлер көп емес, – дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің коммерциялық директоры Әсем Ақанова.

Ал қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының сарапшысы Әмина Бауыржанның айтуынша, пәтердің қымбаттауына бағдарламалар себеп болып отыр.

«Қазіргі таңда жылжымайтын мүліктің қымбаттауына «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламалары, сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық бағдарламалары себеп болып отыр. Аталған бағдарламалар тұрғындардың сұранысын арттырды, ипотекалық несиелеу қолжетімді бола түсті. Яғни тұрғындар бұрынғыдан көбірек несие ала бастады. Статистика комитетінің хабарлауынша, былтыр баға 2018 жылмен салыстырғанда 10 процентке қымбаттаған. Ал 2019 жылдың қарашасында ипотекалық несие көлемі 2018 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 35 процентке артқан», – дейді ол.