Иран белсендісі Нариман Гариб Telegram-да зымыранның Тегераннан ұшып шыққан украиналық лайнерді құлатқан сәтінің видеосын жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазіргі уақытта Bellingcat пен The New York Times журналистері бұл кадрларды тексеріп жатыр, – деп хабарлайды Цензор.net.
Жарияланған видеоның 19-секундында бір жарық пайда болады да, артынша жарылыс болғанын көруге болады. Журналистердің сөзіне қарағанда, ұшақ зымыран тиген соң бірден құлай қоймаған.
Басылымның мәліметінше, The New York Times журналистері видеоны түсірген адаммен байланысқа шықты. Видео авторының айтуынша, ол видеоны жарылысқа ұқсас дыбыстар шыққан соң ғана түсірген. Осыған дейін «Международные авиалинии Украины» әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағын Тегеранда Иранның зенит-зымыран кешені атып құлатқаны хабарланған еді.
Мұндай нұсқаны Newsweek газетіне Пентагон өкілі, АҚШ барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі әрі Ирак арнайы қызметінің қызметкері айтқан болатын.
Мұның алдында украиналық лайнердің апатқа ұшыраған сәтінің видеосы тараған еді.
Айта кетейік, Киевке бағыт алған Boeing ұшағы Тегерандағы әуежайдан ұшып шыққан бетте апатқа ұшырап, ұшақта болғандар түгел қаза тапты.