«Жыртқыш» журналға жем болмаңыз
«Жыртқыш» журналға жем болмаңыз
294
оқылды

Елімізде PhD докторант атану үшін Scopus немесе WoS базасына кіретін жур­налға материал жариялау міндет. Жариялай алма­саңыз, диссертацияны қор­ғауға жібермейді. Ал ғылыми мақала жазудың қиындығы өз алдына. Сол үшін доктора­нттар ауырдың астымен жүретін жол іздейді. Іздейді де «жыртқыш» журналдың тырнағына ілігеді. Мұндай журналдың көздегені сапа емес, ақша. Айналып кел­генде, аталған журналға ма­қала жариялау ғылым әле­мін­дегі еліміздің атағына кір келтіреді. Бұған тосқауыл қоя аламыз ба? Сарапшы­лардың қандай пікірі бар?

Сарапшылар Scopus базасына кіретін журналдарға мақала жа­риялау ісіне алаңдап отыр. Өйт­кені кейінгі екі-үш жылда «жырт­қыш» басылымдарға мақала мен шолу өткізу 4,9%-ға қысқар­ғанымен, жағдай мәз емес. Еліміз рейтингте 7-орынға түскенімен, бұл арқаны кеңге салуды білдір­мейді. Төмендеуді мақсат тұтатындай, бұл қандай рейтинг дерсіз. Ол  Scopus базасына кіретін күмәнді басылым­дардағы жария­ланымдар жиынтығы есептелетін рейтинг. Қазақстан 2020 жылы атал­ған рейтингте 4,9%-бен 7-орында тұрды. Ал 2016 жылы 38,6% көрсеткішпен 1-орын­нан бір-ақ шыққан. Сол тұста көрсеткішті төмендету жағы республика дең­гейінде қаралған-ды. Бірақ әлі күнге «жыртқыш» журналдарға ақы төлеп, мақала жариялайтын зерттеуші­леріміз бар. Өйткені кейбір зерт­теушілердің ғылыми мақаласында күмәнді тұстар көп болса, тағы біреулердің зерттеу тақырыбы ел ішінде ғана өзекті.

«Жыртқыш» журналға тұзақ құра аламыз ба?

Ел іші ғана емес, әлем Scopus базасында 100-ге жуық «жырт­қыш» журналдың индекстелетінін жарыса жазып жатыр. Мәліметтер базасы басылымдарды қанша ірік­тегенімен, осындай жайттарға тос­қауыл қоя алмай отыр. Мәсе­лен, Nature сайтының талдауы бойынша, аталған базада 300-ден астам «жыртқыш» журналдың үлесі бар. Бұл кейінгі үш жыл ішін­де 160 мыңнан астам ғылыми ма­қа­ла­ның талапқа сай келмейтінін білдіреді.  Яғни, Scopus-та жария­ланған шолу мен мақаланың 3%-ы күмәнді зерттеу жұмысынан тұруы мүмкін. Жалпы алғанда, мұның бәрі ғылымға, ғылыми жаңалық­тарға кері әсер етеді. Сондықтан жетекші ғалымдар мақала жария­ларда сараптап, журналдың сенім­ді екенін анықтап алған жөн дейді. Жалпы, «жыртқыш» журнал­дар сапасыз  ғылыми мақала мен шолуды басып шығаруға бейім. Олар ақпараттың рас-өтірігін тек­сер­мейді, зерттеу жұмысына мән бер­мейді. Бастысы, мақаланы тезі­рек басып шығару үшін ақы та­лап етеді. Мысалы, 7 ақпан күні Scientometrics журналында  жария­ланған зерттеуде Прагадағы Чар­льз университеті мен Чехия ғылым академиясы басқаратын эко­номика институтының экономис­тері Scopus-та индекстелетін 324 күдікті журналды анықтаған. Оған қоса, Scopus жақында  Nature-дің «жыртқыш» журналдар жайында сұрауына жауап берген. Олардың айтуынша, академиялық мәлімет­тер базасы жыл сайын барлық журналдың 65%-ын индекстеуден бас тартады. Демек, күмәнді атау, мазмұн, дерек бар басылымдар дерек­қорға қосылмайды. Естеріңізде болса, PubMed те «жыртқыш» журналдардың ша­буылына тап болған-ды. Сонда ғалымдар түрлі шара қолдануға ұсы­ныс жасады. Мәселен, 2017 жылы дерекқор аталған журнал­дармен күресу мақсатында PubMed авторлары жариялауы тиіс тақырыптар бойынша нұсқау­лық шығарды.  Алайда әлемнің түк­пір-түкпірінен келетін мақала­ларды қадағалап, атауына мән беру – үлкен шаруа. Сондықтан Италиядағы Сассари универ­сите­ті­нің физиологтары «жыртқыш» журналдардың жыл сайын атын, баспа атауын өзгертіп, таралымын көбейтетінін атап өткен. Ғалымдар дабыл қақса да, олар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай  көбейген үстіне көбейіп жатыр. Ал мұның дамушы елдерге тигізер зияны көп.

Қайтсек сапа жақсарады

Неге бұлай дейміз? Өйткені ғалымдар мұның мансап жолы мақалаға тәуелді елдерде үлкен мәселе екенін баса айтады.  Сон­дай-ақ «жыртқыш» журналдардың торына түсетіндер орташа эко­номи­калық даму деңгейін көрсе­тетін мемлекеттер мен мұнай өн­діру­ші елдер екен. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің жа­нын­дағы жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Болат Кеңесов алдын алу шараларын жүргізбесе, Қазақ­станның «жыртқыш» журналдарда материал жариялау көрсеткіші қайта өсетінін айтады. «Scopus индексіне кірмейтін журналда мақала жариялау есепке алынбайтынын барлық норматив­тік актіге жазу керек. Талапты күшейтіп, мақала жариялау үшін SJR˃0.3 формуласын пайдалану қажет. SJR дегеніміз Scopus база­сындағы журналдардың квартилін анықтайды. Сол үшін универ­си­тет­тер мен ғылыми институттарда сыйақыны мақаланың қалай және қайда жарияланғанына жіті мән бере отырып төлеу керек. Гума­ни­тарлық ғылымдарға келсек, ха­лық­­аралық деңгейдегі басылым­дарда материал жарияламаса да, оларға диссертация қорғауға мүм­кін­дік берейік. Күдікті журнал­дардың атауын ашық жариялайық. Бастысы, ғалымдарға, оқытушы­ларға ғылыми журналды қалай таң­дауды, мақала шығаруды, ғылы­ми этиканы үйрететін тре­нинг өткізсек. Оларға Q1 WoS не­месе Arts and Humanities Citation Index сияқты үздік журналда ма­қала жариялауға талпындырсақ деймін», – дейді ҚазҰУ-дың про­фессоры Болат Кеңесов. Профессор сөзінің жаны бар. Өйткені елімізде диссертациясын қорғай алмай жүрген докторант қаншама? Әсіресе, гуманитарлық салада оқитын докторанттар әлем­дік стандартқа сай мақала жазуға қиналады. Қиналады дейміз-ау, зерттеуін халықаралық деңгейге қию­ластыра алмай әлек. Қара­пайым тілмен түсіндірсек, докто­рант таңдап алған диссертация тақырыбына сай ғылыми мақала жазуы керек. Ғылыми мақалаға зерт­теу мен дәйек керек. Кейіннен мақалаңызды Q1 WoS санатына кіретін журналға шығарсаңыз, шетелдіктер еңбегіңізден сілтеме жасап, өзіне керегін алады. Осын­дайда гуманитарлық салада, атап айтқанда филологияда оқитын докторанттар «қазақ тілі мен әде­биеті жайында ғылыми мақала кім­ге керек?» деп ашынады. Кейін­гі жылдары профессорлар мен оқытушылардың бұл мәселені жиі көтеруінің себебі – осы. Өйт­кені Q1 деңгейіндегі журналға  мақа­ла шығару үшін зерттеуіңіз ре­дакция алқасының сынынан өтуі тиіс. Сондықтан зерттеу жүр­гі­зіп, мақала жаза алмаған докто­рант­тар «жыртқыш» журналдар­дың жемтігіне айналады. Ал бұл еліміздің импакт-факторға негіз­делген рейтингтегі беделін түсір­еді. Мәселен, Болат Кеңесовтің есептеуінше, Қазақстан 2020 жыл­ғы көрсеткіші бойынша 87-орын­нан 81-орынға көтерілуі мүмкін. Оның шамалауынша, өткен жылы Q1 WoS санатына кіретін журнал­дарда отандастарымыз 647 мақала жариялаған. 2019 жылғы дерекке сүйенсек, мұндай еңбектің саны – 472. Ал 2015 жылмен (180) са­лыс­тырғанда үздік басылымдар­дағы ғылыми жарияланым­дар саны едәуір көбейген. 2014 -2016 жылдары еліміз  «жыртқыш» жур­налдарда мақала жариялаудан  алдыңғы орынға шыққандықтан, БҒМ бір­қатар шара қолданды. Ректор­ларға университет оқытушыларын қа­нат­тандыру керегін еске салды. Әрі министр­лік мақала жариялау ту­ра­лы талабын жеңілдетті. Қазір Scopus пен Web of Science базасына кіретін Q1 санаттағы журналдарға мақала жарияласаңыз жетіп жа­тыр. Десе де, «жыртқыш» журнал­дардың уысынан шыға алмай келеміз. Ғалымдардың айтуынша, аталған журналдардағы материал санына қатысты рейтингте 30-орын­ға түскеніміз абзал. Сонда ғана Қазақстанның ғылым сала­сында бетбұрыс болмақ.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ