«Буран» кімге керек?

«Буран» кімге керек?

Өткен аптада Алматы қалалық мамандандырылған ау­данаралық экономикалық соты әйгілі «Буран» ғарыш кемесін мемлекет меншігіне қайтармауға шешім шығарды. Сөйтіп, Ресейдің «Роскосмос» корпорациясының басшысы Д.Рогозин іздеу салған әйгілі ғарыш кемесі жекеменшік компанияның иелігінде қалатын болды. Ал тек көкейде «ресейліктер «Бу­­ран­ды» неге іздеді?» деген сауал сол күйі қалды да, оған әлі нақты жауап табылған жоқ. Шынымен, неге іздеді? Іске ал­ғысыз болған ескі техника теріскейдегі көршіге неге қажет болды екен? Жауап іздеп көрелік.

Алдымен Алматыда өткен со­т­тың жай-жапсары жайлы бірер сөз. Негізі, сот Д.Рогозин 2020 жылдың қарашасында Тwitter-де «Буранға» іздеу саларынан бір жыл бұрын басталыпты. Біздің пайым­дауы­мызша, «Роскосмос» басшысы Қа­зақстан Үкіметіне ғарыш кеме­сінің қайда  тұрғанын біліп, қай­тарып алу жайлы өтініш айтқан бо­луы мүмкін. Әйтпесе, тәуелсіз сарапшылардың өзі 2014 жылы 1 млн 352 мың теңгеге бағалаған 1,02 нөмірлі «Буран» мемлекетке сон­шалықты қажет пе еді?! «Бай­­қоңыр» ЗҒК» АҚ ком­паниясының иелі­гіндегі ескі техниканы ғарышты иге­руге пай­далану мүмкін емес. Тех­­­­­но­логиясын қарап, оқып-үйрену үшін пай­даланайық десек, «Буран­ның» ұшып-қонуы өте қымбат. Он­­­­дай дүниені біздің жасай қоятын мүм­кіндігіміз де, ниетіміз де жоқ. Қазақстан «Буран» түгілі Ресеймен бірлесіп жасап жатқан «Бәйтерек» жобасын да әлі іске қосқан жоқ. Әрі ХХІ ғасырда ескі-құсқыны үлгі ет­кеннен көрі, заманауи техноло­­гияға үйір болған жақсы. Ал Д.Рогозин Байқоңырдағы «Бу­ранды» музей қылғылары келетінін айтып қал­ғаны бар. Демек, еліміздің Қар­жы министр­лігі Мемлекеттік мүлік және жекеше­­лендіру комитетінің «Бу­ранды» мемлекет меншігіне қай­тарып, «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ-ын сот ше­ші­мімен таратуға тырысуы «рос­космостықтардың» пайдасына ше­шілетін лоббиге ұқсап кетті. Де­генмен сот комитеттің бір де бір ары­зын қанағаттандырған жоқ. Ескі «Буран» компания иелігінде қала­ды, акционерлік қоғам таратыл­май­ды. Әзірге солай. Бірақ алдағы уа­қытта Комитет тағы арыз жазып, «Буран» мемлекет меншігіне қай­тарылса, таңғала қоймаймыз. Өйт­кені соңғы жылдары ресейліктер осы­­нау техникаға қатты қызыға бастады. Әрі бұл қызығушылықтың артында әскерилер тұрғанға ұқ­сайды. Одан бөлек қытайлық­­­тар­дың да мүддесі тұруы әбден мүмкін..

«Буран» әскерилерге қажет

Былтыр жазда «Роскосмос» бас­­­шысы Д.Рогозин «Союз МС» ғарыш кемелерінің орнына  қа­натты ап­параттың жобасын әзір­леуді тап­сыр­ған болатын. Сөй­тіп, аме­­­­ри­­­калықтардың шатл­лдарына, біз сөз етіп отырған «Буранға» ұқсас ғарыш кемесін жасау қажет екенін айтқан. Ресей инженерлері жасап жатқан «Орел» ғарыш ке­месін пайдалану тым қымбатқа түседі. Өйткені ол алысқа ұшуға, Айға сапар шегуге жарайтын ауыр зымыран. Әрі оны құрастыру қа­шан аяқталары да белгісіз. Оны «Роскосмос» басшы­сының өзі айтқан. Алайда «Буран» да, спэйс-шатллдар да өте қымбат техникалар екенін Розогиннің біл­меуі мүмкін емес. Мәселен, «Бу­ран­ды» құрас­тырып, ғарышқа бір рет ұшырып, қайта қондыру үшін КСРО 15 млрд долларға жуық қар­жы жұмсаған. Ал спэйс-шаттл­дар­дың әр ұшуы 240-750 млн доллар ара­лығында шығын әкеліп, 1972-2011 жылдар ара­лығында бұл бағ­дарлама үшін АҚШ ин­фля­цияны қоса есептегенде 199 млрд доллар жұмсаған. Сондықтан Жер төңі­регіндегі орбитаға шығу үшін бұ­ларды пайдалану эко­но­микалық тұрғыда тиімсіз. Бірақ Рогозин ға­рыштан оралғанда ұшақ тәрізді қонатын құрылғы жасауды тап­сырған. Демек, «Буранды» жоқтау­дың астарында өзге мәселе жатыр. Біздің пайымдауымызша, Ро­гозиннің «Буранды» іздеуіне әс­керилердің қатысы бар сияқты. Өйт­кені әу баста «Энергия-Буран» бағдарламасын КСРО АҚШ-тың «Жұлдыздық соғыс» жобасына қар­­­сы тұру үшін жасаған. Жобаның әскери мақсаты басым еді. Алайда жобаның қымбаттығы, КСРО эко­­но­­микасының күйреуі, одан соң одақтың ыдырауы «Буранды» әс­кери мақсатта пайдалануға мүм­­кіндік бермеді. Ал АҚШ 2010 жыл­дан бері Х-37В ғарыш кемесін қай­­та-қайта ғарышқа ұшырып жүр. Ол 6 рет ғарышқа ұшты. Алайда Х-37-тің нақты қандай миссия орындап жүргені белгісіз. Оның ұш­­­­қышы немесе басқаратын ға­рыш­кері де жоқ. Әйтеуір ғарышқа ұшып, біршама уақыттан соң қайта оралады. Сапаршылар мен жур­налистер Х-37В ғарыш кеме­сінің құпия екенін, оның сырын тек әс­­керилер білетінін алға тартады. Бәлкім, содан да шығар, ресейліктер «Буранға» қайта қызыға бастады. Шамасы ескі-техниканы қайта қал­­пына келтіруге болады-ау деп үміт­тенетін шығар. Екіншіден, «роскос­мостықтардың» «Буранды» жоқтай қалуына жемқорлық та ықпал етуі мүмкін. Ресей шенеуніктері ғарыш кемесін Қазақстан жерінен әкетіп, Қытайға сатуға бекінген болуы да ғажап емес. Өйткені Қытайдың ға­рыш бағдарламасында спейс-шаттл мен «Буранның» қоспасы тәрізді жасалған ракетопландар бар. Тым сәтті жасалды деуге келмейді, бірақ Бейжің ғарышты әскери мақсатта пайдалану үшін барын салып жа­­тыр. 2008 жылы 900 шақырым биік­тіктегі өз жер серігін баллистикалық зымыранмен атып түсіру арқылы ғарышты әскери мақсатта пай­да­­лануда АҚШ пен Ресейге бәсе­­­келес бола алатынын байқатқан. Енді ракетопландарға ауысып жүр. Егер Қытай кәсіпкерлері мол ақша ұсын­са, «Роскосмос» «Буранды» оларға сатып жіберуден де тартынбайды. 1998 жылы украиндар КСРО-дан қалған, толық құрастырылып біт­пеген «Варяг» ұшақ тасымал­даушы кейсерін қытайлық кәсіпкерлерге сатқан. Ал қытайлар 2012 жылға қарай «Варягты» «Ляонин» атты ұшақ тасымалдаушы кемеге айнал­­дырып алды. «Буранды» жоқтаудың астарында да осындай «бизнес» тұрған болуы мүмкін. Қытайлық компаниялар «Буранға» қатысты кейбір құжаттарды 2003 жылы қолға түсіріп, 2007 жылы стратегиялық бом­­балаушы ұшақ көкке алып шы­­ғатын ракетоплан жасады. 2020 жылы сырт келбеті «Буран» мен Х-37В-дің біріктірілген түріне ұқсайтын ғарыш кемесін ұшырды. Тек қытайлық ғарыш кемесінің мүмкіндіктері жайлы мәлімет жоқ. Шамасы оларға әлі де бірқатар құжаттар мен детальдар жетіспейтін тәрізді. Егер қытайлар ғарыш ке­месінің ескі қаңқасына да қол жет­кізетін болса, арада 5-10 жылда оның көшірмесін жасап шығарады. Олар үшін ең басты дүние – тех­никаны қолмен ұстап, көзбен көру ғана. Өзгесі – мамандардың ісі. Бұл біздің екінші болжам.

 Ресейге имидж де керек

Ал Ресей шенеуніктерінің тіке­лей «Буранды» қайта қалпына кел­­­тіруге қатысты ойларына келсек, оның әскери мақсаттан бөлек тұсы тағы бар. Ол – имидж. Бүгінде Space X, Blue Origin, Boeing қатарлы аме­­рикалық жекеменшік компа­­ниялар ғарышты игеріп жатқанда «Буран­­ды» қалпына келтірдік» деу кәдім­гідей мәртебе болар еді. Бірақ мұ­н­дай ғарыш кемесін жасау қиын. Өйткені КСРО кезіндегі ғарыш ке­месін жасауға одақтас елдердің бірнешеуі қатысқан. Ол кездегі технология да, кәсіпорындар да жоқ. Ресейлік сарапшы Вадим Лу­кашевичтің айтуына қарағанда Мәс­кеу спэйс-шатлл үлгісіндегі ға­­рыш кемесін жасауға 2000 жыл­дардың басында-ақ ұмтылыпты. 2006 жылы «Клипер» атты ғарыш кемесін жасамақ болғанымен, оған Ресейдің технологиялық мүмкіндігі жетпеген. Ғарышкер Сергей Кри­калев та 2006-2007 жылдары қанат­ты ғарыш кемесін жасауға Ресейдің шамасы келмегенін айтады. Өйт­кені «Буранды» құрастырған «Молния» ғылыми-өндірістік бір­лестігінде бұ­­­рын 6 мыңнан астам маман жұмыс істеген. Қазір онда 30-40 адам ғана қалған. Ресейдің сы­нақ­шы-ұшқышы Магомед Тол­беов орыс шенеуніктері мә­лімдеме жа­­сауға шебер болғанымен, «Буран» тәрізді техника жасау күрделі екенін айтқан. «Молниядан» ештеңе қал­­­ған жоқ, Мясищев атындағы тәжі­рибелік зауыттан да түк қал­мады. Құр мәлімдеме жасаумен өмір сүруге болмайды. Қазір біз әуеғарыш саласында 60-70-жылдары ойлап табылған дүниелерді пайдаланып жүрміз», – дейді маман. Қысқасы, Мәскеудегі шенеуніктер әйгілі ға­­рыш кемесі тәрізді техника жасаудан әлі де үмітті. Олар Байқоңырдағы «Бурандардың» күн өткен сайын тозып, әрі-бері тасымалдауға жа­рамайтынын біледі. Сөйте тұра, тым болмаса одан музей жасап, өткен күндерінің жетістігімен мақтануды қалайтын сияқты.

Амангелді ҚҰРМЕТ