Ұлттық кітапханаға 1000 кітап тарту етілді
Ұлттық кітапханаға 1000 кітап тарту етілді
236
оқылды

«Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед мырза Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханаға 1000 кітап тарту етті. Ол кітаптардың ішінде Абай, Мұхтар Әуезов энциклопедияларынан бастап, «Атамұра» кітапханасы» сериясымен шыққан 150-ден астам қазақ қаламгерлерінің туындылары бар. Сондай-ақ «Ақмола», «Астана», «Қарағанды», «Атырау», «Маңғыстау» атты аймақтық энциклопедияларды да осы тізімнен табасыз. Қысқасы, бәрі де – аса бағалы һәм құнды басылымдар.

Ал оларды сатып алу – қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтіні анық. Енді кез келген оқырман Ұлттық кітапханаға келіп, әлгі құнды дүниелерден нәр алуына мүмкіндік мол. Осындай ізгі іс арқылы Рақымғали Құл-Мұхаммед зор сауапқа кенеліп отыр. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, бұл – сауабы өмірі тоқтамайтын игі іс. Пайдасы да соның ішінде. Ал мұндай ізгі істің жыл басында жасалып отырғаны – жақсылықтың нышаны. Алдағы уақытта басқа да баспа орындары осы бастамадан үлгі алып, өз өнімдерін сыйға тартып жатса, нұр үстіне нұр!

Атамұра-1.jpg

Ұлттық кітапханада өткен бұл шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Атамұра» корпорациясы мен кітапхана қызметкерлері һәм кітапсүйер оқырман қауым, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова кіріспе сөз сөйлеп ашып, осындай тарту-таралғы жасап отырған Рақымғали мырзаға алғыс айтып, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Шара барысында қазақтың қабырғалы қаламгерлері Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабек, Мұрат Әуезов, Кәдірбек Сегізбай, Қуанышбай Құрманғали, Қайым-Мұнар Табей тағы басқалар сөз алып, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлының жасап отырған азаматтық ісіне алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді. Сонымен бірге оның қазақ руханиятының дамуына қосып жүрген басқа да игі істерін атап өтті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы орайда Рақымғали Абрарұлының ұлт мақтандарының асыл жарлары мен ұл-қыздарымен болған сұхбаттардан тұратын «Аққудың сыңары» атты кітабымды шығарып бергенін де айта кеткеніміз абзал. Жалпы, қазақ қаламгерлерінің ішінде Мұхтар мен Рақымғали Құл-Мұхаммедтердің қамқорлықтарын көрмегендері жоқ-ау, сірә! «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген де сөз бар қазақта. Сол айтпақшы, оларға Алла разы болсын, игі істерінің қайырын берсін!

Мәнді де мазмұнды өткен кешті белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Серік Қалиев жүргізді.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ


китапхана.jpg
китап 2.jpg

жазушылар 1.jpg