Алматыда көзіміз үйренген тарихи ескерткіштер мен ғимараттардың қатары азайып келеді. Өкінішке қарай, қала билігі тағы бірқатар тарихи және мәдени ескерткіштерді тізімнен алып тастауды ұсынып отыр. Электронды үкімет порталының Ашық үкімет бөлімінде Алматы әкімдігінің «Жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерді мемлекеттік тізімнен шығару туралы» қаулысы жобасы жарияланды.
Олардың қатарында қандай нысандар бар? Алдымен ауызға аларымыз – Республика алаңындағы архитектуралық ансамбль. Заманында еліміздің бас алаңындағы бұл сәулет өнеріне менмін деген сәулетшілер атсалысқан. Ескерткіштен 1996 жылы бой көтерген Тәуелсіздік монументі ғана жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарында қалдырылмақ. Келесі кезекте – «Жетісу» қонақ үйі. Сәулетшілер Е.Дятлов пен До Сен Кимнің жобасы бойынша 1963 жылы салынған, Абылай хан даңғылы мен Мақатаев көшесі қиылысында орналасқан тарихи нысанның бұл тізімнен алынуының сыры бар. 2016 жылы өртке оранған қонақ үй өзінің тарихи сән-салтанатынан айырылып, оның орнына жаңа ғимарат бой көтерді. Тізімнен 1981 жылы тұрғызылған Саяси ағарту үйі де сызылып қалуы әбден мүмкін. Қазір бұл жерде Каспий университеті орналасқан. Өкініштісі, бүгінде мұнда тарихи архитектуралық ансамбльдің жұрнағы да қалмаған. Ғимарат және оның маңы адам танымастай жаңартылып, «Бақбақ» субұрқағы жойылған. Қала әкімдігі қаулы жобасында бірқатар ескерткіштерді жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына қосу жайлы да ұсыныс бар. Атап айтар болсақ, Тұңғыш Президент саябағы, «Алматы Арена» спорт кешені, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, бұрынғы Жоғары партия мектебі ғимараты (қазіргі КИМЭП университеті), Желтоқсан – Тимирязев көшелері қиылысындағы студия кешені, бұрынғы Түрксіб ауруханасы мен мединститут жатақханасы (қазіргі «Алтын ғасыр» бизнес-орталығы), Әбілхан Қастеев музей-үйі бар. Мың жылдан астам тарихы бар шаһардың көрнекті ескерткіштері мен ғимараттарын көздің қарашығындай сақтап, ертеңгі ұрпаққа аманаттау қажет. Әр жылдары қалада түрлі ескерткіштер бой көтеріп келеді. Жергілікті билік ондаған ескерткішті қамқорлыққа алып, бас-көз болу туралы да ұсыныс айтып отыр. Кейінгі жылдары елдің көзқуанышына айналған «Тәуелсіздік таңы» монументі, батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Райымбек Хангелдіұлына, ақын Сүйінбай Аронұлына, жазушы Әди Шәріповке, қытай ақыны Си Синхайға арналған ескерткіштер жергілікті биліктің қамқорлығына алынады. Қалада өткен ғасырдың 80-жылдары мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіштің саны небәрі 77 болған. Қазір 130-дан астам сәулет ескерткіші республикалық және жергілікті маңызы бар ғимараттар тізіміне енген. Олардың қатарында «Қазақстан» қонақ үйі, Республика сарайы, Цирк ғимараты, Оқушылар сарайы сияқты көптеген қайталанбайтын сәулет нысандары бар. Алайда мамандар тарихы терең Алматыда ерекше үйлер өте көп екенін айтады. Қаладағы бірегей тарихи нысандарды түгендеп, олардың картасын жасаған Аrchcode Almaty қоғамдық ұйымы 757 ерекше ғимаратты мемлекет қамқорлығына алу жөнінде ұсыныс жасаған. Олардың қатарында Достық даңғылы бойындағы «Үш батыр» тұрғын үй кешені, Құрманғазы көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысындағы бұрынғы «Пионер» дүкені орналасқан ғимарат бар. Қаланың өткен ғасырдағы келбетінен хабар беретін бұл ғимараттардың бастапқы қалпын сақтау – басты парыз. Кеңес дәуірі идеологиясының символына айналған В.Лениннің 2 ескерткіші, П.Виноградовтың кеуде мүсіні, Қазан революциясы күрескерлеріне арналған ескерткіш, М.Фрунзе, М.Калининнің ескерткіштері тарихи құндылығы мен саяси маңызын жоғалтқан. Дегенмен бұл мүсіндер кезінде атақты мүсіншілердің қолынан шыққанын ұмытпауымыз керек. Мүсіндер қазір қаланың көрнекті жерлерінен алынып, Әуезов ауданында саябаққа орналастырылған. Бұл жер келешекте Кеңестік мүсін саябағына айналуы мүмкін. «28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы Нұрлан Далбайдың Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіші – өте сәтті шыққан туынды. Бұл мүсін маған ұнайды. Оның жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына қосылып, мемлекет қамқорлығына алынуы құптарлық іс. Әуезов ауданындағы саябақта Кеңестер Одағы кезіндегі белгілі тұлғалардың мүсіндері жиналып тұр. Ол біздің тарихымыз, сондықтан мүсіндерді сындырмай, бүлдірмей сол қалпында сақтап қойғанымыз дұрыс. Мәселен, Италияға барсаңыз, бірнеше ғасыр болған талай мүсін сол күйі сақталып тұр. Біріншіден, ол өнер туындысы. Сосын, әр мүсіннің өзінде қаншама адамның еңбегі жатыр. Өкінішке қарай, Алматыда тарихи нысандар азайып кетті. Вокзал, Оқушылар сарайы, «Қазақстан» қонақ үйі сияқты тарихи ғимараттар мүмкіндігінше сол күйінде сақталып қалуы керек. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары көптеген ғимарат ерекше архитектурамен салынды. Олар тарихи ескерткіштер тізіміне қосылуға әбден лайық», – деді мүсінші, «Құрмет» орденінің иегері Мәлік Жүнісбаев. Таяуда өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова алдағы уақытта М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына жаңарту жұмыстары жүргізілетінін, ғимараттың тарихи қалпын сақтап қалу басты назарда болатынын айтты. Расымен де, қаладағы ғимараттардың тарихи кескін-келбетінен айырылып қалмауын қадағалаған жөн.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ