Бүгінгі жастардың танымы бөлек. Аға буын ойлағандай олар шен алып, шекпен киюді мақсат етпейді. Керісінше, бірінші кезекке табысты қояды. Бәлкім, содан да шығар, түрлі салада бақ сынап, табысты болса сол кәсіппен айналысуды өмрлік мұрат ететіндер көп. Солардың бірі – біздің кейіпкер. Ол – аспаз. Табысы да мол.
18 жастағы Рамазан Ахмет – Түркістан қаласының тумасы. Осы кезге дейін ол бірнеше үлкен мейрамхананың бас аспазы болып қызмет еткен. Аспаздық өнері арқылы Қазақстанды жер жүзіне әйгілі еткісі келеді. Үйінің кенжесі болғанына қарамастан, қазір отбасына жақсы жағдай жасап отыр. Жас аспаз шетелге шығып, халықаралық деңгейде танылғысы келеді. Ал оның осыншама жетістікке жетуінің сыры неде? – Әуелі туған өлкеңнен бастасақ. Қай мектепте білім алдың? Жалпы, аспаздық өнерге қызығушылығың мектеп қабырғасынан басталған болар. – Түркістан қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №18 орта мектепте білім алдым. 11-сыныпқа көшпей тұрып-ақ аспаздыққа қызыға бастадым. Артынан қаладағы шағын мерекелерге арнап асханаларда палау, кәуап секілді тағамдарды дайындап жүрдім. Бәрі солай басталған. Содан кейін Алматыға жол тарттым. 60 шақты мейрамханаға барып, бас аспаздың көмекшісі ретінде жұмысқа алуын сұрадым. Бірақ ешбірі жұмысқа алмады. Сосын қаладағы мейрамхананың біріне даяшы болып тұрдым. Кейін сонда Мансұр деген бас аспаздың көмекшісі болдым. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Зеректігім үшін мені «Рататуй-Рамазан» атады. Көп өтпей бірнеше мейрамханада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Биыл аспаздықпен айналысқаныма 3 жыл болды. – Жақында бір кәсіпкер азамат сені өзінің елордадағы мейрамханасына бас аспаз етіп жұмысқа қабылдапты. Енді астаналықтарға өз тағамыңнан дәм татырмақсың. Бұған дейін қайда қызмет етіп едің? – Көптен бері атымды естіп жүрген соң Дәулет есімді кәсіпкер ағамыз Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан ашылайын деп жатқан мейрамханасына бас аспаз етіп шақырды. Келістім. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында мейрамханада жұмыс істедім. – Жоғары оқу орнына түстің бе? Аспаздықты арнайы оқымаған екенсің. Дегенмен 1 352 тағам түрін жасай аласың. Оқырманға да қызықты болар, оның бәрін қалай үйреніп жүрсің? – Ешбір оқуға түскенім жоқ. Түсуге ниет болды, бірақ түрлі кедергі шықты. Аспаздық өнерді жаным қалады. Уақыт жоғалтқым келмеген соң бірден іске кірістім. Ал 1 352 тағамды қалай үйренгеніме келер болсақ, әуелі 10 түрлі асхананың 600-ден астам тағамын үйрендім. Одан кейін өз қиялымнан рецепт шығара бастадым. Әрі қарай үздіксіз іздендім. Қазір әрбір авторлық рецептімнің құны шамамен 600-700 мың теңгеге бағаланады. Айта салуға оңай ғой, дегенмен бірталай еңбек пен уақытты қажет етті.«Әйелдің тірлігін жасап жүрсің» деп келемеждеген жандарға талай ақталдым. Бұл істі жақсы көрсем, демек әлемдік деңгейге жете алатынымды білдім. 17 жасымда бас аспаз болғанымда бұрын сынаған біраз адам ойын өзгертіп, жақсы тілектерін айта бастады. Мамандық адамды жынысқа бөлмеуі керек деп есептеймін.
– Қазір жастардың арасында екі қолға бір күрек табылмайтыны, жұмыстың жоқтығы жиі айтылады. Оған қатысты не айтар едің? Мүмкін, кейбір жастарға жігер сыйларсың, айлық табысың қанша? – Жастарға кінә артқым келмейді. Себебі мектеп қабырғасында көргенім, кей мұғалімдер сәл тентек, оқуға ниетсіздеу оқушы болса, оны жігерлендірудің орнына «сен келешекте адам болмайсың, оқуға түсе алмайсың» деп сөгіп жатады. Барлығында демеймін, көп мектепте мұндай сөздер айтылатыны рас. Осындай сөздерді естіген оқушыға алдағы өмірі бұлыңғыр болып кетеді. Сосын небір қылмысқа барады. Әрекет еткісі келмейді. Мейлі, мықты маман болмай-ақ қой, бірақ жастарды жақсы адам болуға бағыттаса жетеді деп ойлаймын. Көпке күйе жаққым келмейді. Бірақ бір шындық бар. Мектепте кейбір ер мұғалімдердің өзі жастарды қылмысқа итермелеп, жемқорлыққа тартқанын көзбен көрдік. Айлық табысыма келсем, қазір жаңа мейрамханаға ауысып жатырмын. Әлі ісіміз бір ізге түскен жоқ. Сол себепті жалақым беймәлім. Негізі, осы кезге дейін ай сайын 1 000-1 200 АҚШ долларын тауып келдім. Соның арқасында отбасымды Алматыға көшіріп алдым. Жалпы, 19 жасқа толғанша алдыма «айына 1,5 млн теңге табамын» деген мақсат қойғанмын. – Аспаздық тек әйелдерге тән іс секілді көрініп жатады ғой. Әуелде саған да жағымсыз пікір айтқандар болды ма? – Басында көп адам қарсы болды. Кейбірі тіптен мысқылдап, күлкіге айналдырып жатты. «Әйелдің тірлігін жасап жүрсің» деп келемеждеген жандарға талай ақталдым. Бұл істі жақсы көрсем, демек әлемдік деңгейге жете алатынымды білдім. 17 жасымда бас аспаз болғанымда бұрын сынаған біраз адам ойын өзгертіп, жақсы тілектерін айта бастады. Мамандық адамды жынысқа бөлмеуі керек деп есептеймін. – Өзің жассың, дегенмен шәкірттерің бар ма? – Қазір оннан астам шәкіртім бар. Көбі таңғалып жатады. Бірақ рас. Шәкірттерімнің алды бүгінде үлкен мейрамханаларда бас аспаз болып жұмыс істейді. Үйреткенің біреудің кәдесіне жарап жатса, шәкірт тәрбиелеуден қысылудың қажеті жоқ. – Отбасыңда өзің секілді аспаздар бар ма? Жақындарың қай салада қызмет етеді? – Төрт ағам бар. Бауырларымның бәрі тағам өнеріне қызықпаған. Бірі ұстаз, бірі жиһаз жасау кәсібімен айналысады. Анам сұлулық салонында жұмыс істейді. – Келешекте ерекше аспаздық қабілеті үшін берілетін Мишлен сыйлығын алғың келеді екен. Одан да басқа жоспарларың бар ма? – Мишлен сыйлығын алғым келетінін жасырмаймын. Әлі күнге дейін қазақ ұлтынан бұл сыйлықты алған Мишлен жұлдызы жоқ. Мен осы сыйлықты ең бірінші алған қазақ ретінде тарихта қалғым келеді. Сол үшін әрекет жасап жатырмын. Бірақ мол білімді де қажет етеді. Ол үшін шетелге барып, мол тәжірибе жинауым тиіс. Демеуші де керек. Қазіргі амалым – жаңа заман талабына сай қазақтың ұлттық асханасын жетілдіру. Қымыраннан соус жасағаным – соның бастапқы талпынысы болатын. Сушиді қазақи нақышта жасадым. Ет қосып, қазақи астауға салып ұсындым. Яғни, қазақтың тағамдарынан заманауи рецепт шығармақ ниеттемін. Егер осы мақсатым орындалса, сенімді айта аламын, қазақ асханасының мәзірі жер жүзіндегі таңдаулы мәзірлерге айналар еді.Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ