Жақында әлеуметтік желіде қол-аяғы байланып, аузы буылған 2-3 жасар сәбидің видеосы жарияланды. Онда ерлі-зайыптылардың бір-бірімен айқайы, жанжалы көрінеді. Бірақ ұрыс-керістің нақты не үшін, қандай себептерден орын алғаны толық айтылмаған. Оқырмандарды ашуға булықтырғаны ересек адамдардың өзара өшін сәбиді жазалау арқылы алып жатқаны болды.
Көп ұзамай-ақ мұндай бассыздықтың еліміздің қай өңірінен орын алғаны белгілі болды. Оқиға Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орын алған. Осыдан 2 күн бұрын Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз келіп түседі. Ол өзінің арызында бұрынғы әйелі 2 жасар баласына қысым көрсетіп жатқанын жеткізген. Тәртіп сақшылары бұл деректі ҚК-нің 140-бабы, яғни «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша тіркеп алады.
Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу кезінде ұрыс-керістің жылдар бойы алимент төлемеу салдарынан болғаны анықталған. 2014 жылдан бастап 4 жыл бойы азаматтық некеде тұрған жұптан екі бала өмірге келеді. Алайда дәм-тұздары жараспаған жұп 2018 жылы екі жаққа айырылысады. Даудың соңы міне, осылайша баланы жазалауға алып келіп отыр. Дегенмен сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша баланың денесінде ешқандай жарақаттар жоқ болып шыққан. Тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.
Мәліметтерге қарағанда, балалардың әкесі сәбилерді өз қамқорлығына алмақ. Ал ана алимент төлемеген күйеуіне ерегісіп баланы жазалаған. Олардың қателігінің жазасын балалар көтеруі керек болып тұр. Безбүйрек жандар бұл әрекеттерінің бала психологиясына қаншалықты әсер ететінін біле ме? Ең алдымен екеуі де бала алдындағы міндеттерін ескермей тұр. Ал бұдан жазықсыз бала жапа шегіп отыр...
Н.НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы