Ашаршылық – адамзаттың қасіреті
Ашаршылық – адамзаттың қасіреті
445
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық жылдары қазаққа ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгенін айтты. Елордада өткен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысына қатысқан Сенат Төрағасы ашаршылық тақырыбының түрлі астарына тоқталды.

«Осы нәубет жылдарында біз халқымыздың жартысына жуы­ғынан айырылып қалдық. Бір мил­лионнан астам халық көр­шілес елдерге босып кетуге мәж­бүр бол­ды. Мал басының саны он есеге қысқарғанын білеміз. Бұл жағдай мыңдаған жылдық тарихи тамыры бар дәстүрлі тұрмы­сы­­­мызды ай­тарлықтай күйретті. Тіпті, ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгені де белгілі», – деді Мәулен Әшім­баев. Сонымен қатар ол ашаршылық қазақ халқымен қоса, барша адам­заттың алапат гуманитарлық қа­сіреті екенін де атап өтті. «Ашаршылық – Кеңес Ода­­ғының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды. Сондықтан ашаршылық қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гума­нитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал», – деді Мәу­лен Әшімбаев. Сенат Төрағасы өз сөзінде 30-жылдардағы ашаршылық сол тұстағы Кеңес Одағындағы ел­дерді тұтас шарпығанын, сон­дықтан мұны белгілі бір ұлтқа жа­салған қылмыс деп қарастыруға келмейтінін айтты. «Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бір­неше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аш­­тыққа ұшырады. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, 30-жыл­дардағы аштықта Кеңес Одағында жеті миллионнан астам адам көз жұмған. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға кел­мейтін шығар. Бұл – ең ал­дымен сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары», – деді Сенат Төрағасы. М.Әшімбаев осы мақсатта шетел ғалымдарымен де бірлесіп жұмыс істеу маңызды екенін, бұл ашаршылық тақырыбына әділ баға беруге көмектесетініне сенім білдірді. Ашаршылық тақырыбына арналған дөңгелек үстелде бейне­байланыс арқылы АҚШ-тың та­рихшы ғалымы Сара Камерон да баяндама жасады. Ол қазақ хал­қының басынан өткен ашар­шы­лық денсаулық сақтау саласы тұр­ғысынан әлі зерттелмегенін айтты. «Ашаршылық қазақ халқының болмысына орасан зор зардабын тигізгені анық. Қазақтардың өзі­нің төл мәдениетінде маңызды рөлге ие болған көшпелі өмір сал­тынан бас тартуына тура келді», – деді Сара Камерон.

А.СҰЛТАН