Зейнетақы жинағын пайдаланудың бейнеті
Зейнетақы жинағын пайдаланудың бейнеті
118
оқылды

Елімізде қазір зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу мәселесі қыз-қыз қайнап тұр. Ақпарат айдынындағы өткір тақырыптың бір парасы осы туралы. Бораған сұрақ-жауаптың өзектілігінен ұқ­қа­­­нымыз – ұйымдастыру жұ­мыстарының азды-кем ақ­сап жатқаны. Ұзақ дайын­да­лып, асығыс қабылданған ереже­нің шикіліктері де жоқ емес. Кей­бір экономистер әуелгі идея­ның өзін-өзі ақ­тама­­ға­­нын ай­тады. Тіпті, ке­­­­­рісін­ше жыл­жымайтын мү­­­лік нары­ғында баға кө­те­ріліп кеткен.

БЗЖҚ-дан ақша алу ережесі неге қиын?

2021 жылдың 11 ақпандағы мәлімет бойынша БЖЗҚ-ға уә­кілетті операторлар тарапынан тұр­ғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алу себебімен 109 900 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 3 988 өтініш өндіріске қабылданса, 34 712 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қа­былданбаған. Жалпы, осы уақытқа дейін негізгі сомасы 386,4 млрд теңге болатын 71 200 өтініш орын­далды. Аталған сома уәкілетті опе­раторларға аударылып, өтініш бе­рушілердің арнайы шотына түсті. Төлемдердің орташа сомасы ша­ма­мен 5,4 млн теңгені құрайды. Бұл – зейнетақы қорындағы соңғы жа­рияланған ресми цифрлар. Осы деректерге қарасақ, ақша жатқан зейнетақы қорының жұмысында кедергі жоқ деуге болады. Кедергі арадағы оператор Отбасы банкінің үйлестіру міндеті кезінде басталады екен. Интернеттегі пікір­лерді оқып отырсаң, ең әуелі жедел желі деп көрсетілген «300» нөміріне қоңырау шалып, жауап есту қиын болса, одан бөлек оператор банк ме­неджерлерінің сауаттылығында да кемшілік бар сияқты. «Мен тапсырыс беріп, ақшамды Отбасы банкіне аудардым. Одан соң ол ақша мен мәміле жасасқан Халық банкіне жіберілді. Осы­лайша, хабар күтіп үш күн жаттым. Содан болмаған соң жеке каби­нетіме кіріп қарасам, техникалық қате кеткендіктен, ақшам Отбасы банкіне қайтып келіпті. Оны маған ешкім айтпаған. Содан жедел желіге қоңырау шалып, ала алма­дым. Банкке барып, жөнді жауап таба алмадым. Амал жоқ, банк төрайымы Ләззат Ибрагимованың әлеуметтік желідегі жеке парақ­шасына шықтым. Ол кісіге рақмет, бірден ден қойып, тапсырмасын беріп, мәселемді шешіп берді. Шамасы, адами фактор себебімен техникалық қате кеткен сияқты. Есепшоттың нөмірі дұрыс көр­сетілмеген болып шықты. Енді бәрі дұрыс, осы апта пәтерімнің кілтін қолыма алып қаламын ба деп отыр­мын, – дейді қаржы саласында істейтін Алматы қаласының тұр­ғыны Мадияр Жақыпов. Операторға қойылатын сұ­рақ­тар легі көп екенін әлеуметтік желі­дегі пайдаланушылардың белсен­ділігінен де көруге болады. Солар­дың бірі Дана Жарылғапова «Зей­нетақы қорынан ақшаны бірнеше рет бөліп алуға болады. Бірақ олар­ды Отбасы банкінде бір өтінім етіп біріктіруге болмайтыны қиын. Біріктіру үшін алғашқы өтінімдерді жою керек. Бұл қосымша уақыт алады әрі жүйкеңді тоздырады» деп қынжылса, Гүлмира Қаракөзова деген пайдаланушы арнайы шот­тағы ақша банк менеджерінің қа­телігінен басқа мекенжайға жібе­рілгендіктен, ипотекалық мәміле бұзылуы мүмкін екенін айтып ашы­нады. Одан бөлек, Отбасы банкінің электронды плат­фор­масында да кемшіліктер жоқ деуге болмайды. Тең қарыз алушы табу талабы қиындатылған. Ержан Жұрынов есімді азамат тең қарыз алушы меншік иесі бол­ма­ған­дықтан, ипотеканы тікелей жаба алмайтын тұсқа да назар аударуды ұсынды. Тізе берсе, бұл жаңа­шыл­дықта да сұрақ көп. Мәселе оның жедел шешімін тапқанында.

Жер алып, үй сала алмаған қиын

Жинағыңды пайдалануға қа­тысты шикіліктің бірі ретінде жер телімі мәселесін айтуға болады. Өйткені бұл жоба қолға алынған сәтте көп адамның баспаналы бо­луда ойына оралған ұтымды жол – жер телімін сатып алып, үй салу болатын. Бірақ ереженің қатаңдығы сондай, өз бетіңше құрылыс жүр­гізуге тыйым салынған. «Зейнетақы қорындағы ақшама жер алайын десем, Үкіметтің жа­саған ережесі бойынша үй сала­тын компанияны жалдап, оның сме­тасын көрсетуің керек екен. Бұл не масқара?! Егер үй салатын ком­па­нияны жалдайтын ақшамыз ағыл-тегіл болса, БЖЗҚ-дағы ақша­мыз­ды алмайтын едік. Қарапайым ха­­лық жиған-тергеніне жер сатып ал­са, оның несі жаман?! Ал жал­дайтын компанияң мен сметаны көрсет деп талап қою – өте ауыр ереже. Алайда «пенсионкадағы» ақшаға жер алғаныммен, Үкімет айтқан талапты орындау қара­пайым қазаққа өте қиын. Өз елі­мізде отырып, өзіміз зейнетақы қо­рымызға жиған ақшадан ұл­тарақтай жер ала алмасақ, Үкіметке сын емес пе? Журналист ретінде Үкі­­меттен зейнетақы қорынан алат­ын ақ­­шамызға жер алуға мүм­кіндік бе­­ретіндей етіп жобаны қайта қа­растыруды талап етемін. Ере­же жеңілдетілсін. Президент жанын­­­дағы Ұлттық кеңес осы мә­селені қайта қараса екен. Депу­таттар да осы мәселені көтеру ке­рек», – дейді журналист Гүлвира Бигалиева. Журналистің айтып отырған сөзінің жаны бар. Өйткені зей­нетақы жинағының жер телімін алуға жеткенімен, үй салуға жет­пейтінін екінің бірі біледі. Ал жері бар адам тірнектеп отырып болса да, үй салуға мүмкіндік алмақ. Сон­дықтан да бұл – жалғыздың емес, талайдың үні.

«Тікелей эфирде талқылауға дайынмын»

Бұл бастама туралы хабарланып, қоғамдық талқыға түскен сәттен-ақ үлкен резонансқа айналғаны белгілі. Өйткені ол тек зейнетақы жүйесіндегі ғана емес, мем­ле­­­кетіміздің тари­­хындағы осындай алғашқы қадам болатын. Мем­лекеттік қаржы инс­титуты са­налатын Тұрғын үй ­құры­лыс ­жинақ банкі оператор болып бел­гіленіп, Отбасы банкіне ай­нал­­ғаны да бұл бағыттағы қа­дамның нық екенін нақтылай түс­кен. Әйтсе де, «Алғашқы тан­­­­дыр­­дың ұн түйір­шігі көп» болып шыққаны да содан болуы мүмкін. «Әуелгі болжам бойынша бұл бастама елімізде ипотекалық дүмпу туғызуы тиіс болатын. Бірақ бұл жоспар ақталмады. Қазір күніне 2 000-3 000 өтінім аралығында мә­мі­лелер қарастырылып жатыр. Бас­­­тапқы қиындықтарға қа­ра­мас­тан, жұмыс табанды түрде жүру­де. Әрине, алғашқы кезде қиын бо­­латыны белгілі. Бірақ біз оған дайын­­­дықпен келдік. Кейбір жеке­леген техникалық немесе оқы­ту бағытындағы мәселелер болмаса, жалпы алғанда жұмыстар қалыпты жүруде. Менің өзім барлық ақпарат көздері бойынша, соның ішінде жеке аккаунттарымда да кеңес бе­ріп жатырмын. Тіпті, қандай да болма­сын мәселені тікелей эфирде талқы­лауға дайынмын», – дейді От­басы банк төрайымы Ләззат Ибрагимова. Осы уақытқа дейін оператор банкке БЖЗҚ-дан 80 000 өтінім келіп түскен екен. Оның 40%-ы ипотекалық несиені жабуға арнал­ған. Оның 50 пайызы Отбасы бан­кінде болса, қалған жартысы – түрлі екінші деңгейлі банктерде жасалған мәмілелер. Ал ешқандай несиесіз, жинағында бар ақшаға тұрғын үй сатып алған салымшылар саны 20 000 өтінімді құраған. Қалған 40% салымшының ипо­текалық несие рәсімдеуге қолы жетті. Олардың 7 пайызы Отбасы банкінде. Барлық процесс еш­қандай қолма-қол ақшасыз, тек қана электронды түрде жүруде.

Бенефициары белгісіз, немен тынары белгілі бастама

Жалпы, экономистер бұл бас­тама тиісті нәтиже бермегенін ай­тады. «Ниет түзу, амал қисық» де­мекші, түпкі ой әлеуметтік-ха­лықтық болғанымен, нақты іс эко­номикалық-нарықтық жобаға ай­налып кеткен. «Бұл әу баста Президенттің идеясы болмаған болар. Оған осын­дай ұсыныс айтылды. Бұл әлеу­меттік қадам болады деп ой қосқан болуы мүмкін. Адамдар өз ақшасына пәтер сатып алуға, ем­­­делуге, оқудың ақ­шасын төлеуге мүм­кіндік алады деп айтқан шығар. Бірақ бүгін көзіміз көріп отыр­­ғандай, бұл баста­маның бенефи­­­­циарлары болып қа­рапайым халық емес, бірінші кезекте құрылыс компаниялары және одан соң аз­ды-кем ипотекаға қатысы бар банктер қалып отыр. Өйткені тұр­ғын үй бағасы қымбаттап кетті. Алма­тының өзінде соңғы екі жыл­да жыл­жы­майтын мүлік бағасы 18-19%-ға қым­баттаса, желтоқсан айымен салыстырғанда қаңтар айын­да бұл көрсеткіш 2,8%-ды құрады. Бұл дегеніміз – бір айдағы өсім күрт арт­ты деген сөз. Айналып келгенде, та­­ғы да халық зардап шегіп жатыр», – дей­ді экономист Расул Рысмамбетов. Расул Ибрагимұлының ай­­­­туынша, бұл қадамға мемлекет ха­лықтың кірісін арттыруға мүмкін­дігі болмағандықтан барған бола­тын. Бірақ жүзеге асыру кезінде ақырғы бенефициары нақты­­лан­бағандықтан және ұзақмерзімді экономикалық салдары болжан­баған соң бүгінгі ахуалға тап болып отырмыз. Еңбекақы 11%-ға өссе, жылжымайтын мүлік 18%-ға өсті. Ал негізгі мақсат керісінше бола­тын. Экономист Айдархан Құсайы­нов та осындай пікірде. «Менің ойымша, бұл қым­­­бат­шылық осылай сақталып қалады не болмаса кем дегенде бір жылға созылады. Жылжымайтын мүлік нарығында мәмілелер саны азайып кетуі мүмкін. Бірақ оның ойын­­­шылары үшін баға диапазонының кеңігені қолайлырақ. Сондықтан да экономикаға сәл басы артық ақша құйылды, ал оның толқы­­­нынан баға тербелді. Болды. Бұлай болары әу бастан-ақ белгілі еді. Ең сорақысы, салымын ала алатын 720 мың салымшы жалпы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың 5%-ын құрайды. Бұл бес пайыздың жарты­сы баспана мәселесін әлдеқашан шешіп қойғандар деуге болады. Солар үшін жасалған жобадан енді мерзімінен бұрын жинағын пай­далана алмайтын қалған 95% са­лым­шы да зардап шегіп отыр», – дейді ол. Расында да, кейбір экономистер әуелгі идеяның өзін-өзі ақ­тама­ғанын айтады. Тіпті, жыл­­жы­­май­тын мүлік нарығында бағаның кө­­­­­теріліп кетуі оның жанама әсер бергенін көрсетеді. Сондықтан да мұндағы қателік идеяны ұсы­нушыда емес, оны орындаушыларда жатыр. Ешқандай да шектеу қойып, «табалдырық» тұрғызбай-ақ, бұл бастаманы бірреттік акция етіп қана өткізе қойған дұрыс еді дейді олар.

Нұрлан ҚОСАЙ