2020 жыл табалдырық аттады. Демек, бұқараның алдағы он екі айдан күтер үміті де зор деген сөз. Әрине, әр адамның жеке өміріндегі өзгеріс тек өзіне аян болары хақ. Ал ел тұрмысындағы жаңалық баршаға ортақ. 2020 жылы қоғам өміріне, экономикаға, спортқа байланысты сала мамандарының түрлі болжамдары да айтылып жататыны бар. Бұл – Үкіметтің құжат жүзінде бекіткен жоспары емес, сарапшылардың жеке пікірі.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтанушы
– Меніңше, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік қорғау саласында осы кезге дейін жүзеге асқан жоспарлар ары қарай жалғасын табады. Бәлкім, халықты әлеуметтік қолдаудың тетіктері жаңаруы да ғажап емес. Ал бұқараның әлеуметтік белсенділігі арта түседі деген пікірдемін. Тіпті, саяси белсенділік те өсуі ықтимал. Сонымен қатар кәсіби қауымдастықтардың да өз талап-тілегі пайда болуы мүмкін. Мәселен, ұстаздардың мәртебесі арнайы заңмен анықтады. Енді мұндай талапты дәрігерлер де қоюы ықтимал. Өйткені дәрігерлердің беделі, құқықтық тұрғыда қорғалуы, қателіктері, нарыққа белсене араласуы және басқа да мәселелер оларға қатысты жаңашылдықты қажет етіп тұр. Сонымен қатар мемлекет қылмыстың алдын алуға айрықша көңіл бөлгені дұрыс. Күні бүгінге дейін жемқорлықпен күрес айрықша насихатталып келсе, енді түрлі қылмыстардың алдын алу да өзекті бола түсуде. Атап айтқанда, ұрлық-қарлық, есірткі саудасының профилактикасы өзекті.
Жалпы, еліміздегі реформалар сыртқы пішінге емес, санаға өзгеріс әкелетіндей сипатта жүргенін құп көремін. Бұқара жиырма жыл нарықта өмір сүрсе де, әлі нарықтық тіршілікке ене алмай, сене алмай келеді. Осыған байланысты сананы өзгерту, экономикалық тұрғыда прагматик болатын дағдыларды қалыптастыру мүмкін болмай жатыр. Соның кесірінен масылдық, жалқаулық, тіпті мемлекеттік саясатқа сенбестік те қоғамда бой көрсетіп қалады. Сондықтан жаңадан есігін ашқан жылда бұқараның санасын өзгертуге бағытталған кешенді істер атқарылса деймін.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,
экономист, Экономикалық саясат
институтының директоры
– Жалпы, биыл экономикалық ахуал тұрақты болады деп есептейміз. Алайда экономикалық саясаттың сапасы өте жоғары болады деп айту қиын. Өйткені «орта табысты мемлекеттер қақпаны» деген ұғым бар, біз соңғы бес жылда сол қақпанға түсіп қалдық. Ол қақпаннан шығудың бір жолы түбегейлі, ерекше және аса жауапты экономикалық саясат жүргізу маңызды. Өкінішке қарай, ондай саясат әзір даярланған жоқ.
Екіншіден, Таяу Шығыстағы оқиғаларға, соның ішінде Иран – АҚШ текетіресіне байланысты мұнай бағасы өседі де, Қазақстан экспорттан көп табыс табады. Бұл да экономикалық өсімге ықпал етеді. Бірақ бұл жерде белгілі бір қатер болуы да ықтимал. Мұнай экспортынан түсетін табыстар «голланд ауруына» ұрындыруы мүмкін. Сондықтан осыдан сақ болған жөн.
2019 жылдың нәтижесі бойынша, бізде 3-4 пайыз деңгейінде экономикалық өсу қарқыны сақталды. Бұл қарқын 2020 жылдың бірінші, екінші тоқсандарында сақталады. Алайда «осы 3-4 пайыздық өсу көп пе, аз ба?» деген сауал тағы бар. Әлем экономикасын қарасақ, дүниежүзіндегі экономикалық өсім жылына 3-4 пайыз болып тұр. Демек, біз әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда, тым оза шапқан жоқпыз. 2025 және 2050 жылдарға белгіленген стратегиялық межелерге назар аударсақ, қазіргі экономикалық өсім қарқынымен алға қойған мақсаттарға қол жеткізе алмаймыз. Демек, бізге амбициясы жоғары, аса жауапты экономикалық саясат қажет.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
спорт комментаторы
– 2020 жылы Қазақстан халқын бірінші кезекте Токио Олимпиадасы қызықтырады. Меніңше, осы Олимпиадада біздің спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жақсы көрсеткіш көрсетуі керек. Өйткені бұдан бұрынғы олимпиадалар біз үшін сәтті бола қойған жоқ. Қайта бір жарқырайтын сәт келген сыңайлы. Алайда қазақстандық жанкүйерлер үміт күтетін спорт түрлері – бокс пен күрес. Осы екі спорт түрінен жағдайымыз нашарлау болып тұр. Дегенмен өзге спорт түрлерінен бірқатар лицензияларға қол жеткіздік. Атап айтқанда, теннистен бұрын-соңды алып көрмеген лицензиялар иелендік. Одан 3 лицензиямыз бар. Оның саны беске дейін жетуі мүмкін. Өйткені Михайл Кукушкин мен Александр Бублик мамыр айында French Open турниріне қатысады. Сол кезде осы спорт түрінен қосымша лицензия алуымыз ғажап емес. Қалғанын Олимпиада ойындары көрсетеді.