Оралда зейнеткер өзінің тірі екенін 10 жылдан кейін дәлелдеді
Оралда зейнеткер өзінің тірі екенін 10 жылдан кейін дәлелдеді
122
оқылды

Ол 10 жыл бойы өлгендердің тізімінде жүрген. Бірақ зейнетақысын уақытында алып келген.  Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Жуырда зейнетақысы түспеген соң, банкке барып мән-жайды сұраған. Биыл 71-ге толған қария дін аман. Ондағылар мардымды жауап айта алмай, біраз әуре-сарсаңға түседі. Кейіннен өзінің тірі адамның санатында жоқ екенін естіген.

Зейнеткер Мәнсия Жақыпова: «Куәлігімді қыздар тексеріп, 2-қабатқа көтеріліп кетті. Сосын маған бір жапырақ қағаз әкелді. Тірі адамдардың тізімінде жоқ екенімді айтты. Куәлігім өзімде, әдетте өмірден қайтқан кісілердің куәлігін алып қояды ғой», – дейді.

71 жастағы зейнеткер қағаз жүзінде 2011 жылы қайтыс болған. Жеке тұлғалардың деректері жинақталған базадағы мәлімет осындай. Бірақ содан бері қарияның зейнетақыны қалай алып келгені де белгісіз. Мұны жауаптылар да түсіндіре алмады.

Орал қаласы ПБ көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Қанат Мұқанов: «2005-2011 жылдары азаматтарды тіркеу ісімен Орал қалалық Әділет департаменті айналысты. Мәнсия Жақыпова сол 2011 жылы қайтыс болған. Содан бері ол өлгендердің тізімінде. Бірақ іс жүзінде өзі тірі, Орал қаласында тұрады, еш кедергісіз зейнетақысын да алып келген. Бұған біздің қатысымыз жоқ», – дейді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Асқар Қожумов: «Біздің мамандардың тіпті қатысы жоқ. Пенсиясын тоқтатты, келесі күні келді. Қыздар түсіндіріп айтты. Миграция бізге тірі деп хат жазып берді. «Документтері дұрыс, факты смерти не имеется» деп. Сол хат бойынша бұл кісінің шотына бүкіл пенсиясы базалық зейнетақысы, бүкіл алатын ақшасы түгел түсті», – дейді. Жауапты органдардың табалдырығын тоздырған зейнеткер тірі екенін ақыры дәлелдеді. Екі күннен кейін тірілердің қағаздағы қатарына қосылады.

Ал тірі адамды өлді деп қателескендердің үстінен қызметтік тексеру жүргізілмек.