Билет бағасынан қауіпсіздік маңызды
Билет бағасынан қауіпсіздік маңызды
157
оқылды

13 ақпан күні Qazaq Air ұшақ­тары­ның шассиі жарыл­ғаны туралы екі ақпарат тарады. Ізін ала  осыған бай­ла­нысты Авиациялық оқиға­лар мен инциденттерді тек­серу басқар­масы тексеру жүр­гізіп, екі мәліметті де рас­таған еді. Бірінші оқиға 12 ақ­панда, ал екін­шісі 13 ақ­панда болған.

Жалпы, еліміздегі әуе­компаниялардың біразының ұшақ­тары сапа жағынан ақсап тұрған сияқты. Бұған дейін SCAT сыналды, Bek Аir жұмысын тоқ­татты. Мұндай апаттардың жиілеуіне не себеп? Ұшақ­тардың сапасыздығы ма, әлде біздің әуе­компаниялардың ұшақ паркі ескірген бе?

Себеп жарамдылық мерзімінде болуы мүмкін

Бір тәулік ішінде Qazaq Air ұшақ­тарына байланысты екі апат тіркелді. Екі жағ­дайда да бір ақау – ұшақтың шас­сиі жарылды. Авиациялық әкім­шілік Qazaq Air әуе компаниясын тексеруді бастады. Бағымызға қарай, зардап шеккендер болған жоқ. Бірақ сарапшылар бұл оқиғаның салдары әл­деқайда ауыр болуы мүмкін екенін айтады. Ұшақ шассилерінің жарылып кетуінің көптеген себебі болуы мүмкін дейді әуесқой ұшқыштар қауымдастығының президенті, инженер-ұшқыш Борис Балмачев. – Шасси – кешенді, тұтас бір механизм. Оның әр бөлігінің жарамдылық мерзімі бар, яғни тозады, уақытында ауыстырып отыру керек әрі өндірген елге байланысты мерзімі де әртүрлі болады. Өзгешеліктер өте көп. Шассилер тозған болуы мүмкін. Мұның бәрін комиссия талдайды. Мен 50 жыл бойы осы салада жұмыс істедім. Сол уақыт ішінде менің шассиім бір рет жарылды. Егер екеуі бірден жарылып кетсе, бұл өте қауіпті. Оның салдары әртүрлі болуы мүмкін, – дейді авиатор. Qazaq Air ұшақтарына бай­ланысты дау алғаш туындап отыр­ған жоқ. Өткен жылғы шілдеде ұшақтардың бірінен ақау табылды. Шамасы сол кезде де әуе­компаниясы ұшақтардан ақша үнем­дегенге ұқсайды. Ал Bek Air компаниясы ұшақтарды уақы­тылы жөндеп, бақылап отырудан ақша үнемдеп, аянудың салдары қандай болатынын көрсетті. Осыдан кейін жалпы елімізде ұшу қауіпсіз бе деген сауал туын­дайтыны анық.

Ұшақтарымыздың «жасы» нешеде?

2020 жылы Азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның авиа­циялық әкімшілігімен» бірлесіп, елдегі барлық әуекомпаниялардың қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізген болатын. Тексеру кезін­де сарапшылар жан-жақты зерт­теу жүргізіп, қай әуекомпанияның ұшақ паркі ең ескі екенін анық­таған екен. Зерттеуге Қазақстанның 13 әуе­компаниясы қатысқан. Олар­дың алтауының ұшақтарының «орташа жасы» 10 жасқа жетпейді. Бесеуінікі 20 жылдан асып кеткен. Ең қызығы, бұл рейтингте Qazaq Air ең «жас» әуе паркі бар әуе­компания ретінде көш бас­таған екен. Компания ұшақтары­ның «орташа жасы» — 3,5 жас. Одан кейінгі орында Air Astana тұр. Парктің 27 ұшағының шық­қанына 5 жыл болған екен. Үшін­ші орынға Euro-Asia жайғасыпты. Еліміздегі екінші ірі әуе­компания – Scat Airlines-тің 17 ұша­ғы бар. Олардың «орташа жасы»  – 21 жыл. Зерттеу нәтижесі бойынша, ең ескі ұшақтар — Caspiy, Sunday Airlines, Kazakstan Gvmt компанияларына тиесілі. Олар­дың ұшақтары қолданысқа ен­геніне 23-29 жыл болған екен. Бұл зерттеуден байқа­ғанымыз­дай, мә­селе ұшақтың жаңа-ескілігінде емес сияқты. Түйткілді басқа тұстан іздеп көрейік.

Qazaq Air 7,2 миллиард теңге шығынға ұшыраған

2019 жылғы есепке сәйкес, (2020 жылғы деректер әлі жария­ланған жоқ) Qazaq Air 7,2 мил­лиард теңге таза шығынға ұшыр­аған. Оның алдыңғы жылы шы­ғын көлемі 6,9 мил­лиард болған екен. Сондықтан қауіп­сіздіктен бөлек, елге тек шығын әкелетін ұйым не үшін қажет деген сұрақ ақылға қонымды. – Біздің лоукостерлердің аты бар, – заты жоқ. Оның пайда әкелмейтіні туралы ойлайтындар аз. Бізде шығын кел­тіретіндердің бәрін сақтап отыру әдет болып кеткен. Олардан құтылуға тырыс­паймыз, керісінше, оларды қар­жыландыруды, қолдауды дұрыс көреміз. Менің білуімше, бізде Qazaq Air ғана емес, барлық әуе­компаниялардың да шығыны шаш етектен. Fly Arystan табыс таппайды, Air Astana тепе-теңдікті әрең ұстап тұр. Ол тікелей мем­лекеттік қолдау алмайды, бірақ жеңілдетілген бағадағы отын сатып ала алады. Шын мәнінде, барлығы – тиімсіз жобалар. Оған таңданудың да қажеті жоқ, – дейді Арман Бейсембаев Сарапшының сөзіне қара­ғанда, біз оларға инвестиция салу­мен келеміз. Бірақ үміт ақтағандар аз. «Бізде қара шұңқыр сияқты ақша салатын көптеген мем­лекет­тік компания бар. Біз нарықтық жүйеге ауыса алмаймыз, себебі сәтсіздіктен қорқамыз. Әуе­компанияларды жабайық десек, ол билет бағасының өсуіне алып келеді, онымен қоса бізде бірде-бір ұлттық тасымалдаушы қал­майды. Сондықтан шығыны көп болса да, біз оларды қолдауға мәжбүрміз», – дейді экономист. Яғни, мемлекет кейбір ком­панияларға елдегі әуе билетінің құны өсіп кетпеу үшін ғана көмектесіп отырғанға ұқсайды.  Qazaq Air  компаниясы да сондай миссияны орындап жүруі мүмкн.  Алайда қауіпсіздік талабын орындамау – азамат­тардың басын қатерге тіккенмен бірдей.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ