70-тен астам отбасы жарықсыз қалуы мүмкін
70-тен астам отбасы жарықсыз қалуы мүмкін
115
оқылды

Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр ауылына барар жолда Кеңес Ода­ғы кезінде берілген саяжайлар бар. Жер бақта­шы­лықпен айналысып, же­міс-жидек пен көкөніс егуге ар­налған. Тоқсаныншы жылдардағы то­қырау тұсында тоз-тозы шығып, үдере көшкен ауыл­дағы ағайын осы сая­­жайларды паналаған. Қазір жүздеген отбасы қысы-жазы тұрып жа­тыр. Бақташылық серіктестік кооперативтеріне қарайтын бұл жер учас­ке­­лерінде ауызсу, жарық, жол сияқты қарапайым игіліктердің бірі болса, бірі жоқ. Бар болғанның өзінде, тозған. 

«Садовод» бақташылық ко­оперативіне қарайтын бұл саяжайларда жетпістен астам үй, бұдан бөлек жазда келіп қатынайтын қала тұрғындарының саяжай учаскелері бар. Көктем шықса, жарықсыз қалу қаупі төніп тұр. Өйт­ке­ні жарық беретін КТП трансфор­маторы судың ортасында қалған. Қалың қар мен ернеуінен аса бастаған Қопа көлі стансаны көк мұзға ба­тырыпты. Еріген жағдайда станса мүл­де істен шығып, жетпістен астам үй ­мен саяжайлықтар мүлде жарықсыз қал­мақ. Сонымен қатар ернеуінен ас­қан су жағадағы бірнеше үйдің бақ­шасы мен ауласын да басып қалған. Да­был қаққан саяжай тұрғындары әкім­дікке бірнеше рет  жүгінген. «Бі­рақ біздің  жанайқайымызды елең қылар билік көрінбейді»,  – дейді олар. «Краснояр саяжайларының үшін­ші аялдамадағы тұрғындары, «Садо­вод» бақташылығы осындай ауыр жағдайға тап болдық. Біздің КТП суға ба­тып бара жатыр. Қазір, міне то­лығымен судың ортасында тұр. Бұл транс­форматор жетпістен астам от­басыны жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Ал ол істен шықса, біз мүлдем жа­рықсыз қаламыз.  Бұл төтенше жағ­дай болғандықтан, әкімдікке мәсе­лемізді жеткіздік. Төтенше жағдай қыз­меткерлері мен әкімдіктегілер ке­ліп, суретке және видеоға түсіріп кет­ті. Әкімнің орынбасарының қа­былдауына да бардық. Олар көмектесіп уақытша КТП тауып орналастыруға уәде берген. Біздің жаңа КТП сатып алуға жағдайымыз жоқ», – дейді саяжай тұрғындары. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік­тегілер ақпанның 5-інде уәде берген. Әкімдікке арнайы шақыртып, КТП алып беретінін айтқан. Бірақ содан бері үнсіздік орнап, саяжайлықтардың үміті өше бастапты. «Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі осында сексенінші жылдар­дан бері тұрады. Бірақ мұндай жағдай алғаш рет болып тұр. Бізді ақпанның 5-інде әкімдікке арнайы шақыртты. Төтенше жағдайлар қызметімен бір­ле­сіп, жағдайды реттеп, КТП алып бере­тінін мәлімдеген. Олар 8 ші ақ­панда келуі тиіс болған. Бірақ күні бү­гінге дейін әлі ешкім ат ізін де салған жоқ. Аталған мәселе баяғы жартас, сол жартас күйі қалды. Төтенше жағдай­лар­дан да, әкімдіктен де ешкім кел­ме­ді, – дейді саяжай тұрғындары. Саяжай тұрғындары уақытша КТП тауып берсе, кейін уақыт өте келе қолда бар трансформатордың кем-кетігін жөндеп, қайта орнатпақ болған. Мәселені қала әкімдігінен анықтамақ болдық. Бірақ бұл жерде тағы бір қа­рама-қайшылыққа тап болдық. Сая­жайдағылар судың осынша жайылуы алғаш рет болды десе, қала әкімі Амангелді Смайылов оны жылдағы мәселе деп түсіндірмек болды. «Біз оларға талай айттық. Олар жылда жүгінеді. Біз оларға КТП-ның орнын ауыстырып басқа жерге орналастырыңыздар дедік. Бірақ айтқан сөз сол жерде қалады. Енді соның зардабын тартып отыр. Менің орынбасарым барып, жағдайларымен танысып келді. Біздің қолымызда КТП жоқ. Уақытша қолдану үшін КТП іздестіріп жатырмыз. Тауып алсақ, бірден орналастырып береміз. Бірақ әзірге табылмай жатыр. Әкімдікте оны сатып алып беретіндей бюджетте қаражат қарастырылмаған. Ал саяжай­ларды су басуына келсек, төтенше жағдайлар қызметі жағдайды бақылап отыр. Ал егер алда-жалда су тасып, сая­жайларды су басып жатса адам­дарды эвакуациялайтын орындарымыз сақадай-сай, – дейді қала әкімі Амангелді Смайылов. Сонымен әзірге саяжай тұрғын­дарын алаңдатқан жарық мәселесінің шешілер түрі көрінбейді. Ал әкімдік КТП таппаса, жетпістен астам отбасы мүлде жарықсыз қалуы әбден мүмкін...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы